1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк Open API, Open Banking және цифрлық қаржы сервистерін дамыту жөніндегі баяндамасын жариялады

Қазақстан Ұлттық Банкі мен ҚҰБ-тың Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы (ТҚТДО) «Қазақстан Республикасында Open API, Open Banking және цифрлық қаржы сервистерінің экожүйесін дамыту» атты шолу баяндамасын жариялады.

Баяндамада Open API технологиясының көмегімен қаржы секторын дамытудың заманауи үлгілері, Open Banking тұжырымдамасы мен Қазақстанда жаңа бастамаларға негізделген Цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру перспективалары көрсетілген.

Атап айтқанда, Ұлттық Банк бүгінде жүйелік маңызы бар инфрақұрылымдық шешімдерді – Ұлттық төлем жүйесін, Цифрлық биометриялық сәйкестендірудің ұлттық платформасын және ашық бағдарламалау интерфейсіне (Open API) негізделген деректермен қауіпсіз алмасу платформасын жүзеге асыруға кірісті.

Open API технологиясы әртүрлі цифрлық шешімдер арасындағы тиімді, қауіпсіз және өзара сенімді байланысты қамтамасыз етеді. Банктердің бұл технологияны пайдалануы Open Banking тұжырымдамасының негізін құрайды. Куәландырушы орталық базасында жеке тұлғаны верификациялау және цифрлық келісім сервистері секілді тиісті сенімділік инфрақұрылымы бар Open API платформасын әзірлеу – екінші деңгейлі банктер мен төлем ұйымдары және басқа да қаржы қызметтерін жеткізушілер арасында клиенттердің қаржылық әрі дербес деректерімен алмасу кезінде тиімділікті, қауіпсіздікті және бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жасалды.

Бұл бастамалардың барлығы бірыңғай төлем кеңістігін қалыптастыруға бағытталған. Олар қаржы нарығының ойыншыларына жеке деректерді оңтайландырып басқару арқылы тұтынушылар үшін инновациялық төлем қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Нәтижесінде қаржы секторы цифрлық алаяқтық пен ұрлық тәуекелдерінің төмендеуінен, әкімшілік, комплаенс пен транзакцияларды өңдеуге арналған уақыт пен операциялық шығындардың қысқаруынан пайда көреді.

Шолу баяндамасын жариялау қорытындысы бойынша Ұлттық Банк пен ТҚТДО нарыққа қатысушылармен бірқатар кездесу өткізуді және ұсынылған бастамаларды талқылауды жоспарлап отыр.

«Қазақстан Республикасында Open API, Open Banking және цифрлық қаржы сервистерінің экожүйесін дамыту» баяндамасы ҚҰБ сайтының «Цифрлық қаржы инфрақұрылымы» бөлімінде орналастырылған.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға