1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк қатысқан Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік Банк тобының көктемгі кездесулерінің қорытындысы туралы

Төраға Ғ.О. Пірматовтың жетекшілігімен Вашингтон қаласына барған Ұлттық Банктің делегациясы Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік Банк тобының көктемгі кездесуіне қатысты.

Ұлттық Банктің Төрағасы ХВҚ Халықаралық валюта және қаржы комитетінің (IMFC) отырысына қатысты. Ол жиында ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиева, үкімет басшылары, қаржы және экономика министрлері, дамыған және дамушы елдердің орталық банктері мен халықаралық қаржы ұйымдарының басшылары болды.

Ұлттық Банктің өкілдері Швейцариялық шағын топтың отырысына да қатысты. Есептік кездесуде шағын топтың атқарушы директорлары қатысушыларға шағын топтың қызметі туралы есеп ұсынып, ХВҚ мен ДБ бастамаларымен таныстырды. Сондай-ақ шағын топқа мүше елдер өз аумағындағы геосаяси ахуалды және Ресейге қарсы санкциялардың әсерін ескере отырып макроэкономикалық жағдайға қатысты баяндамалар жасап, әлемде өсіп келе жатқан инфляциялық қысымды, экономиканы қалпына келтірудегі реформалардың рөлін талқылады.

ХВҚ-ның ресми іс-шаралары аясында Ұлттық Банк басшылығының қатысуымен бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Соның бірі Ұлттық Банк Төрағасының ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен кездесуі болды. Тараптар аймақтағы қазіргі геосаяси жағдайды және оның Қазақстан экономикасына ықпалын талқылады.

Ұлттық Банк делегациясы Еуропалық орталық банктің президенті Кристин Лагардпен де екіжақты кездесу өткізді. Онда қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жүргізу, сандық қатаңдату шаралары, Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанның қаржы нарығына әсері талқыланды.

Төраға бастаған Ұлттық Банк делегациясы, сондай-ақ ХВҚ Басқарушы директорының орынбасары Бо Ли, ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің директоры Джихад Азурмен Ресейге қарсы санкциялардың әсерін, қазіргі және келешекке бағытталған ынтымақтастық, ХВҚ техникалық көмегін тарту, сондай-ақ Алматы қаласында ХВҚ Өңірлік әлеуетті дамыту орталығын физикалық ашуды талқылау мақсатында келіссөздер жүргізді.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк басшылығы ХВҚ-ның бас экономисі Пьер-Оливье Гуриншамен және ХВҚ-ның бас қаржыгері Тобиас Эдрианмен кездесті. Тараптар Кавказ және Орталық Азия өңіріндегі макроэкономикалық жағдайды, сондай-ақ инфляциялық қысым жағдайында ақша-кредит саясатын жүргізу ерекшеліктерін талқылады.

Сондай-ақ Ұлттық Банк басшылығы мен Швейцария, Польша орталық банктері басшыларының, Нью-Йорк Федералды Резервтік Банкі мен Швейцария Қаржы министрлігі өкілдерінің қатысуымен екіжақты кездесулер өтті. Тараптар орталық банктің мандатындағы мәселелер мен екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк жаһандық инвесторлармен кездесті және Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерімен бірлесіп, қазіргі макроэкономикалық жағдай мен мемлекет қабылдаған шаралар туралы ақпарат беру мақсатында рейтинг агенттіктермен (S&P, Fitch, Moody’s) өткен кездесулерге қатысты. Сондай-ақ Ұлттық Банктің әріптестерімен де бас қосты.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға