1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылғы 25 наурыз бен 1 сәуір аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 1 сәуірде теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 4,4%-ға (494,16 теңгеден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 472,56 теңге деңгейінде қалыптасты. Дамушы нарықтар валюталарының серпіні көбіне оң болды. Сыртқы валюта нарығында маңызды бірқатар оқиға орын алды. Ресей мен Украина келіссөздері онлайн форматта жалғасуда, екі жақ та барлық тарап бойынша ілгерілеу барын атап өтті. АҚШ-тың стратегиялық қордан тәулігіне 1 млн баррель мұнай жібергісі келетіні, сондай-ақ ұңғымалар санын көбейту туралы мәлімдемесінен кейін мұнай теріс серпін көрсетуін жалғастыруда.

Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Ресей рублі Ресей-Украина келіссөздеріндегі ілгерілеу, РФ-ның газ жеткізіліміне рубльмен ақы төлеу талабын енгізу және РФ Орталық банкінің капиталды әкетуге шектеу қоюы аясында 16,5%-ға (102,29-дан 85,42-ге дейін) нығайды;
  • Бразилия реалы сырттан әкелінген шетелдік капиталдың әсерімен 1,7%-ға (4,74-тен 4,66-ға дейін) нығайды;
  • түрік лирасы С. Кавчиоглының қаржы жүйесін лираландыру арқылы бағаны тұрақтандыруға тырысатыны туралы сөйлеген сөзінен соң 1%-ға (14,84-тен 14,69-ға дейін) нығайды;
  • Мексика песосы АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің төмендеуінен 0,9%-ға (20,03-тен 19,85-ке дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы мұнай бағасы төмен белгіленгендіктен 0,6%-ға (76,21-ден 75,79-ға дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы көрсеткіштердің 2-4% нысаналы аралықта болуына қарамастан, инфляцияның екі жылдық ең жоғары шегіне (тұтыну бағасы 2,64%-ға ұлғайды) дейін қарқын алуы аясында 0,2%-ға (14346-дан 14370-ке дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды Қаржы министрі Е. Годонгванның стратегиялық мұнай қорларын сату есебінен отын бағасын кезең-кезеңімен көтеру мақсатында отынға салынатын жалпы салықты төмендету (бір литр үшін 1,5 рандқа) туралы мәлімдемесі аясында 0,8%-ға (14,54-тен 14,66-ға дейін) әлсіреді.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон бойынша алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz  
www.nationalbank.kz  

Жоғарыға