1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылғы 17-24 қыркүйек аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 24 қыркүйекте теңгенің нарықтағы бағамы бір апта ішінде 0,3%-ға (425,3 теңгеден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 423,91 теңге деңгейінде қалыптасты. Қарызының жалпы мөлшері 300 млрд АҚШ долларынан асатын ірі қытай девелопері China Evergrande банкрот болуынан қауіптенгендіктен дамушы нарық валюталарының серпіні көбіне теріс болды. Сонымен қатар, АҚШ реттеушісі активтерді сатып алуды тоқтату мерзімдеріне қатысты нақты шешім шығарды, ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл ынталандыру шараларының бағдарламасын тоқтату туралы шешім қараша айындағы отырыста жариялануы мүмкін деп мәлімдеді.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

  • Ресей рублі мұнайдың қымбаттауы мен қыркүйектегі негізгі салық төлемдерінің алдында рубль өтімділігіне сұраныс аясында 0,1%-ға (72,98-ден 72,88-ге дейін) нығайды;
  • Мексика песосы 20,02-ден 20,05-ке дейін әлсіреп, бір апта ішінде өзгерген жоқ;
  • Индонезия рупиясы ішкі қаржы нарығында 5,92 трлн Индонезия рупиясына жеткен шетелдік капиталдың әкетілуі аясында 0,2%-ға (14 223-тен 14 258-ге дейін) әлсіреді;
  • үнді рупиясы АҚШ долларының жаһандық нығаюы мен акциялар нарығындағы капиталдың әкетілуі аясында 0,3%-ға (73,48-ден 73,69-ға дейін) әлсіреді;
  • Бразилия реалы Орталық банктің базалық мөлшерлемені 6,25%-ға дейін көтергеніне қарамастан, борыштық дағдарыстың China Evergrande Group компаниясына әсеріне байланысты қауіптенуден жаһандық тәуекел дәрежесінің төмендеуі аясында 0,9%-ға (5,29-дан 5,34-ке дейін) әлсіреді;
  • Оңтүстік Африка ранды жаһандық тәуекел дәрежесінің төмендеуі аясында 1,6%-ға (14,72-ден 14,95-ке дейін) әлсіреді. Сондай-ақ ОАР Орталық Банкі жетінші отырыс қатарынан базалық пайыздық мөлшерлемені бір деңгейде ұстап, 2023 жылға дейін қарыз алу құнының артуына барынша қарсы тұрды;
  • түрік лирасы Орталық Банктің күтпеген жерден пайыздық мөлшерлемені 18%-ға дейін 100 базистік тармаққа төмендеткеннен кейін 2,9%-ға (8,64-тен 8,89-ға дейін) әлсіреді, бұл инвесторлардың орталық банктің тәуелсіздігіне қатысты алаңдаушылығын тудырды.

[1] АҚШ долларына қатысты көлемі тұрғысынан барынша көп саудаланатын дамушы елдердің валюталары

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон бойынша алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға