1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін жоғарылатты

2021 жылғы 11 тамызда Moody's халықаралық қаржы агенттігі Қазақстанның ұзақ мерзімдік кредит рейтингін «Ваa2» деңгейіне дейін жоғарылатып, «тұрақты» болжамын растады.

Moody's агенттігінің Қазақстан рейтингін жоғарылату туралы шешімінің басты себебі – қолданыстағы макроэкономикалық саясаттың тиімділігі және мемлекеттің егемен активтері деңгейінің жеткіліктілігі. Бұлар «Ваa2» рейтингі меншіктелген мемлекеттер тобының көрсеткіштеріне тән ұлттық экономиканың айтарлықтай тұрақтылығын қалыптастыруда.

Moody's агенттігінің пікірінше Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-кредиттік саясатын инфляциялық таргеттеу режимі және еркін өзгермелі айырбастау бағамы шеңберінде іске асыруы Қазақстанның макроэкономикалық және сыртқы тұрақтылығына елеулі қолдау көрсетуде.

Өткен жылы орын алған мұнай бағасының құлдырауы 2014-2016 жылдардағы төмендеуге ұқсас болғанымен, инфляция және ішкі пайыздық мөлшерлемелер айтарлықтай тұрақты болды. Бұл кредиттерге, соның ішінде мемлекеттік ынталандырудың арқасында, кеңейтіліп - экономикалық белсенділікке қолдау көрсету мүмкіндігін берді. Мұндай нәтижелер макроэкономикалық саясатқа деген сенімнің артқанын растайды.

Сонымен қатар Moody's агенттігі жаңа фискалдық ереже Ұлттық қорда қаражаттардың шоғырлануына, мемлекеттік шығыстарды бақылаудың жақсаруына, контрциклдық бюджеттік саясатты іске асыруға мүмкіндік беріп, фискалдық икемділікті қамтамасыз ететінін атап өтті.

Moody's агенттігі Қазақстан экономикасы 2021 жылы 3,5-4% және 2022 жылы 4-4,5% деңгейінде өсім көрсетеді деген болжам берді.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты келесі телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға