2-Қезең
Экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартты есептік тіркеу деген не?
Экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартты есептік тіркеу – репатриациялау талабы орындалуын бақылау мақсатында шарт шеңберінде міндеттемелердің орындалуы бойынша есептерді кейіннен ұсыну үшін экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартқа есептік нөмір беру рәсімі.
Экспорттаушының немесе импорттаушының экспорт және импорт бойынша валюталық шарт бойынша есептік нөмірді алу тәртібі, экспорт және импорт бойынша валюталық шарт репатриациялау талабын орындауға бақылауға жататын экспорт және импорт жөніндегі валюталық шарт сомасының шекті мәнін қоса алғанда, шарттары мен өлшемдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 78 қаулысымен және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 1054 бұйрығымен бірлесіп бекітілген Экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларында баяндалған.
Репатриация дегеніміз не?
Ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабы 1) экспорт үшін валюталық түсімді және 2) бейрезидент міндеттемелерді орындамаған немесе толық орындамаған жағдайларда, импорт үшін авансты (алдын ала төлемді) елге қайтару қажеттігін білдіреді.
Экспорттаушының немесе импорттаушының экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарт бойынша репатриациялау талаптарын сақтауын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бақылайды.
Қандай экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарттар есептік тіркелуі тиіс?
50 мың АҚШ долларынан асатын сомаға экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарттар не жасалған күні шарт сомасы жоқ экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарттар есептік тіркелуі тиіс.
Есептік тіркеуге кім өтініш беруі керек?
Экспорттаушы немесе импорттаушы – бейрезиденпен экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарт жасасқан не талап қоюды басқаға беру нәтижесінде бейрезидентке талап ету құқығын қабылдаған немесе осындай шарт бойынша борышты аудару нәтижесінде бейрезидент алдындағы борышты қабылдаған Қазақстан Республикасының резиденті (заңды тұлға, оның филиалы, сондай-ақ дара кәсіпкер)
Экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартты есептік тіркеу үшін қайда өтініш беруге болады?
Экспорттаушы немесе импорттаушы есептік тіркеу үшін оның банктік шотына қызмет көрсететін уәкілетті банкке:
- - уәкілетті банкте (оның филиалында) ашылған шоттарды пайдалана отырып төлемдер және (немесе) ақша аударымдары;
- - уәкілетті банкте (оның филиалында) және шетелдік банкте ашылған шоттарды пайдалана отырып төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүргізілген жағдайларда өтініш береді.
Экспорттаушы немесе импорттаушы есептік тіркеу үшін «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бейрезиденттен тартылған қаржылық қарызға қызмет көрсету үшін немесе шетелде ашылған резидент филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметін қамтамасыз ету үшін шетелдік банктегі шотты пайдалана отырып, төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүргізілген жағдайларда Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өтініш жасайды.
Есептік тіркеуге қашан өтініш беру керек?
Тараптардың бірі экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындай бастағанға дейін.
Есептік тіркеу үшін қандай құжаттарды ұсыну керек?
Есептік тіркеу үшін экспорттаушы немесе импорттаушы:
1) белгіленген нысан бойынша валюталық бақылауға экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартты қабылдау туралы өтініш;
2) экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарттың түпнұсқасы немесе көшірмесін ұсынады. Егер экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарт шет тілінде жасалса, онда оның қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы ұсынылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалында есептік нөмір алған кезде экспорттаушы немесе импорттаушы қолтаңба үлгілері бар құжатты қосымша ұсынады.