1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Дүкенде криптовалютамен сауда жасау, телефонмен инвестиция салу: Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары қазақстандықтарды қандай жаңалық күтіп тұрғанын айтты

Қазақстандықтар цифрлық теңгеге көшуі керек пе? Ақшаны стейблкоинге салу қауіпсіз бе? Алдағы уақытта дүкенде криптовалютамен сауда жасай аламыз ба? Қаржы саласында қандай жаңалықтар болатынын, олар халыққа не беретінін және қаншалықты қауіпсіз екенін Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

– Сарапшылардың есебінше, қазақстандықтардың бір миллионға жуық криптоәмияны бар екен. Оның көбісі шетел платформаларында ашылған. Ал биылғы 1 мамырдан бастап елімізде цифрлық актив нарығын реттейтін заң күшіне енді. Содан бері қанша қазақстандық өзіміздің заңды платформаларымызға көшті? Қазір мемлекет реттейтін нарықта қанша криптоактив бар?

– Біз үшін ең бастысы – цифрлық активтермен жұмыс істейтін азаматтардың ақшасының сақталуы мен құқығының қорғалуы. Қазақстандықтар криптовалютаға қызығатынын білеміз. Енді сол азаматтар заңды жұмыс істейтін компаниялардың қызметін пайдаланып, қаражатына кім жауап беретінін анық білуі керек. Біздің міндетіміз – соған жағдай жасау.

Осы мақсатта кейінгі бірнеше жылда заңнаманы жетілдіру бойынша біршама жұмыс атқарылды. 2023 жылы цифрлық активтер туралы негізгі заң қабылданды. Одан кейін банктермен және финтех компанияларымен бірлесіп, жаңа қызметтерді сынап көруге арналған реттеу алаңын іске қостық. Биылғы 1 мамырдан бастап заңға цифрлық активтер нарығын толыққанды реттейтін тәртіп енгізілді. Осылайша, цифрлық қаржы активін, соның ішінде стейблкоинді қалай шығару керек, криптовалютамен заңды түрде қандай операциялар жүргізуге болады және осы саладағы компанияларға қандай талаптар қойылады деген сияқты мәселелерді айқындап алдық.

Қазір елімізде лицензия алған криптоайырбастау орындары жұмыс істеп жатыр. Қазақстан қор биржасы (KASE) цифрлық қаржы активтері платформасы мен цифрлық активтер сауда платформасының операторы болып тіркелді. Яғни жаңа нарықты бұрыннан жұмыс істеп тұрған қор биржасының инфрақұрылымын пайдалана отырып дамытуға жол ашылды. Мемлекеттік крипторезерв те құрылды.

Тағы бір маңызды қадам – Мемлекет басшысының 7 шілдеде цифрлық активтер индустриясын дамыту туралы Жарлыққа қол қоюы. Осы құжатты іске асыру үшін Ұлттық Банк, Үкімет және басқа да мемлекеттік органдар бірлескен жұмыс жоспарын бекітті. Онда жаңа қаржы қызметтерін дамыту, қажет инфрақұрылымды құру, активтерді токендеу және инвестиция тарту шаралары қарастырылған.

Ендігі мақсатымыз – осы жаңалықтарды азаматтар мен кәсіпкерлер күнделікті өмірде пайдалана алса дейміз. Ол үшін криптовалюта қызметін ұсынатын компаниялардың банктермен және төлем жүйелерімен бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасап жатырмыз. Жаңа қаржы өнімдері де әзірленуде. Қазақстандық провайдерлер арқылы жасалатын операциялардың салығына жеңілдік жасау да жоспарда бар. Адам заңды нарықта жұмыс істеудің пайдасын өзі сезінуі керек. Қызметі ыңғайлы, шарты түсінікті, ал қандай да бір қиындық туындаса, құқығын қорғауға мүмкіндік болғаны маңызды.

Ал нақты қанша қазақстандықтың криптовалюта пайдаланатынына келсек, оны әмиян санымен анықтауға келмейді дер едім. Себебі бір адамның бірнеше криптоәмияны болуы мүмкін. Сондықтан қазір клиент саны, жасалған операция мен актив көлемі туралы мәлімет жинауды бастап кеттік. Алдағы бір жылда мүмкіндігінше көп қазақстандықтың заңды платформаларды таңдауына жағдай жасағымыз келеді. Өйткені бұл нарықты реттеудегі басты мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігі.

– Қазір елімізде QR-код немесе POS-терминал арқылы криптовалютамен төлем жасауға болады. Мәселен, Alatau City Bank жобасы бойынша мұндай қызмет 5 мыңнан астам сауда орнында қолжетімді. Басқа банктер бұл қызметті қашан іске қосады? Жалпы, қазақстандықтар криптовалютамен сауда жасауға қаншалықты қызығады деп ойлайсыз?

– Мұнда бір нәрсені түсінген жөн. Дүкендегі төлем бәрібір теңгемен жасалады. Криптовалюта тек ақша алынатын шоттың, яғни қаражат көзінің қызметін атқарады.

Мысалы, сіз дүкенге барып, әдеттегідей QR-кодпен немесе терминал арқылы төлем жасайсыз. Сырттай қарағанда еш айырмашылық жоқ. Бірақ төлем кезінде криптоәмияныңыздағы қаражат заңды платформа арқылы теңгеге айырбасталады. Дүкен иесінің шотына да теңге түседі. Осылайша криптовалютаны елімізде бұрыннан қолданылып жүрген төлем жүйелерінің қатарына ойланбай қосуға болады.

Қазір Alatau City Bank-пен бірге осы тәсілді реттеу алаңында сынап жатырмыз. Президент Жарлығына сәйкес, мұндай қызметті басқа банктер де ұсына алуы үшін заңға өзгеріс енгізілмек. Өзгерістер қабылданып, сынақ нәтижесі белгілі болған соң өзге банктер де криптопровайдерлермен бірлесіп, осы қызметті іске қоса алады. Ал нақты мерзімі банктер мен нарықтағы компаниялар қашан дайын болатынына байланысты.

Меніңше, мұндай төлем түрі криптовалютасы бар адамдарға, әсіресе, шетелден келген қонақтарға ыңғайлы болуы мүмкін. Бірақ қазақстандықтардың күнделікті төлем жасау дағдысы бірден өзгеріп кетеді деп ойламаймын. Бізде банк қосымшалары, карталар мен QR-төлемдер өте жақсы дамыған. Халық соларды пайдалануға үйреніп қалған. Сондықтан криптовалютамен төлеу бұрынғы төлем тәсілдерін алмастыратын жүйе емес, қосымша қызмет. Азаматтар өзіндегі цифрлық активтерді пайдалана алады, ал қаржы ұйымдары жаңа өнім ұсынуға мүмкіндік алады. Әрі қарай бұл қызметтің қаншалықты кең таралатынын халық өзі шешеді. Бәрі оның қаншалықты ыңғайлы екеніне, айырбастағанға қанша комиссия алынатынына және адамдардың сеніміне байланысты деп ойлаймын. 

– 19 шілдеден бастап цифрлық теңге заңды төлем құралы деп танылды. Оның кәдімгі банк картасындағы ақшадан қандай айырмашылығы бар? Қарапайым халыққа қандай пайдасы тиеді? Қазір қанша цифрлық шот ашылды және цифрлық теңгемен дүкендерде қашан төлем жасай аламыз?

– Цифрлық теңге – өзіміз күнделікті пайдаланып жүрген теңге. Айырмашылығы – оның шығарылу және сақталу тәсілінде. Бұрын теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз түрде қолданылса, енді үшінші түрі – цифрлық теңге пайда болды. Бір цифрлық теңге кәдімгі бір теңгеге тең.

Ең басты айырмашылығы – ақшаны кім шығаратынында. Мысалы, банк картаңыздағы ақша үшін сізге қызмет көрсететін коммерциялық банк жауап береді. Ал цифрлық теңгені тек Ұлттық Банк шығарады және өтейді. Онымен жасалатын барлық операция Ұлттық Банктің арнайы платформасында жүреді. Яғни цифрлық теңгені қолма-қол ақшаның электронды нұсқасы деуге болады. Ол да – мемлекеттің тікелей міндеттемесі, тек цифрлық түрде шығарылады. Бұл жерде азаматтардың жеке мәліметтері қалай қорғалады деген сұрақ туындауы мүмкін. Цифрлық теңгеге де банк құпиясын сақтау және жеке деректерді қорғау туралы қолданыстағы заң талаптары қолданылады. Сондықтан азаматтардың қандай төлем жасағаны, ақшасын қайда аударғаны туралы ақпарат құпия сақталады.

Клиент пен оның төлемдері туралы мәліметті тек өзіне қызмет көрсететін банк көре алады. Басқа тараптарға мұндай ақпарат клиент келісім бергенде немесе заңда көрсетілген жағдайларда ғана беріледі. Қазіргі банк шоттарына да дәл осы тәртіп қолданылады.

Цифрлық теңгенің тағы бір ерекшелігі – оны белгілі бір мақсатта ғана жұмсалатындай етіп бағдарламалап қоюға болады. Мәселен, мемлекет жол салуға ақша бөлді делік. Сол қаражатқа арнайы цифрлық белгі қойып, оны тек жол құрылысына қажетті жұмыстарға жұмсау шартын енгізуге болады. Сонда ақша тек жобаға қатысатын мердігерлерге төленеді. Оны басқа мақсатқа жұмсауға жол берілмейді. Мұндай шарттар смарт-келісімшарт арқылы жасалады. Біз қазір цифрлық теңгені ең алдымен бюджет саласында қолдануды бастап кеттік. Өйткені оның пайдасы осы жерде анық көрінеді. Мемлекет ақшасының қайда жұмсалғанын бақылау жеңілдейді, ал қаражаттың талан-таражға түсу қаупі азаяды.

«Мұның қарапайым адамға қандай пайдасы бар?» деген сұраққа келсек, әзірге оның тікелей пайдасын бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Біз ешкімді цифрлық шот ашуға міндеттемейміз. Қазірдің өзінде халыққа ыңғайлы банк қызметтері жеткілікті дер едім. Цифрлық теңгені енгізудегі мақсатымыз олармен бәсекелесу емес. Бірақ оның қоғамға беретін пайдасы жоқ емес. Мысалы, мемлекет қаржысына салынатын жолдың, мектептің немесе басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген қаражаттың жұмсалуын ашық бақылауға болады. Алдағы уақытта цифрлық теңгені атаулы әлеуметтік төлемдерге де қолдануға болады. Мұндай төлемдердің нақты кімге берілгенін және ақшаның тиісті мақсатқа жұмсалғанын қадағалау маңызды.

Қазір айналымға 353 млрд теңгеден астам цифрлық теңге шығарылды. Үкіметпен бірге алдағы бірнеше жылда цифрлық теңгемен жасалатын операциялардың көлемін 2 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Азаматтарға цифрлық шот ашуға мүмкіндік беретін техникалық жүйе де дайын тұр.

Дегенмен бұл қызметтің дүкендер мен басқа да сауда орындарында кеңінен қолданылуы банктердің қандай өнім ұсынатынына байланысты болмақ. Ең бастысы, сол өнімдер халыққа қажет болуы керек. Сондықтан цифрлық теңгені қолданысқа бірден жаппай енгізбей, азаматтар мен нарық қатысушыларының сұранысына қарай біртіндеп енгізбекпіз.

– Төлем жасауды жеңілдететін тағы бір құрал – стейблкоин. Қазақстанда теңгеге байланған токендер де шығарыла бастады. Оларды дүкенде сауда жасауға немесе шетелге ақша аударуға қашан пайдалана аламыз?

– Теңгеге байланған стейблкоинді шығарудағы басты мақсатымыз – нарыққа USDT сияқты шетел стейблкоиндерінің отандық баламасын ұсыну. Қазір мұндай құралдарға сұраныс бар. Біз сол сұраныстың бір бөлігіне ел ішінде, өз валютамызбен және өз заңнамамызға сай жауап бергіміз келеді. Мысалы, бір адам криптовалюта сатып алу немесе басқа да цифрлық активтермен операция жүргізу үшін міндетті түрде доллардағы стейблкоинге ауыспай, теңгеге байланған токенді пайдалана алады.

Бірақ стейблкоиндердің пайдасы бұл ғана емес. Олардың негізінде блокчейн технологиясы жатыр. Соның арқасында ақшаны тезірек аударып, операцияға қатысатын делдалдардың санын азайтуға болады. Әсіресе, шетелге ақша аударған кезде оның тиімділігі жоғары болуы мүмкін. Қазір халықаралық аударымдар кейде бірнеше банк арқылы өтеді. Сондықтан ақша алушыға жеткенше біраз уақыт кетеді, қызмет ақысы да өсіп кетеді. Ал стейблкоин қолданар болсақ, екі елде де қажетті қаражат пен техникалық жүйе болған жағдайда аударымды жылдам жасауға болады, әрі арзанға түседі.

Қазір Президент Жарлығына сәйкес, Ұлттық Банктің талаптарымен шығарылған стейблкоинді тауар мен қызмет ақысын төлеуге, сондай-ақ халықаралық аударымдарға пайдалануға жол ашатын заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатырмыз. Сонымен қатар шетелмен жасалатын операцияларға валюталық бақылау жүргізу және оған қатысушыларды тексеру тәртібін де қарастырып жатырмыз.

Заңдар қабылданып, банктер мен басқа да компаниялар ыңғайлы қызмет ұсына бастағанда, стейблкоинді де кеңінен пайдалануға мүмкіндік туады. Біз әзірге соған жағдай жасап жатырмыз. Ал қандай қызметтің пайда болатынын, оның қаншалықты тез таралатынын сұраныс көрсетеді. Түптеп келгенде, халық пен кәсіпкерге «бұл құрал ақша мен уақытты үнемдей ме, қолдануға ыңғайлы ма?» деген сұрақ қана маңызды. Егер нақты пайдасы болса, адамдар оны өздері-ақ пайдалана бастайды.

– Жаңа мүмкіндіктер пайда болған сайын қауіпсіздік мәселесі де өзекті бола түседі. Ақшасын стейблкоинде сақтайтындардың қаражаты қаншалықты қорғалған? Оны шығарған компания банкрот болса немесе жұмысын тоқтатса, адамдар ақшасын қайтарып ала ала ма? Қандай да бір кепілдік бар ма?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен шетел стейблкоиндері мен Қазақстан заңнамасына сай шығарылатын стейблкоиндердің айырмашылығын түсіндіріп өтейін. Мысалы, USDT және USDC біздің заңнама бойынша қандай да бір валютаға байланбаған цифрлық актив санатына жатады. Оларды лицензиясы бар немесе тіркелген, қызметі заңмен реттелетін компаниялар арқылы белгіленген тәртіппен сатып алуға және сатуға болады. Бірақ «байланбаған» деген анықтама олар міндетті түрде сенімсіз немесе шетелдік компанияларда ешқандай резерві жоқ деген сөз емес.Бұл жерде мәселе басқада. Шетел стейблкоиндерінің резервіне қойылатын талаптарды да, оны ұстаушылардың құқығын қорғау тәртібін де Қазақстан емес, сол активті шығарған компания тіркелген елдің заңнамасы айқындайды.

Ал Ұлттық Банктің талаптарына сәйкес шығарылған отандық стейблкоиннің жөні бөлек. Бұл – ақшаға байланған цифрлық қаржы активі. Оны пайдаланатын азаматтар мен компаниялар операцияларды теңгемен жүргізе алады. Ең бастысы, оның артында қандай қаражат тұрғаны анық және иелерінің құқығы Қазақстан заңымен қорғалады.

Мұндай стейблкоинді шығару үшін компания алдымен оны толық қамтамасыз ететін ақшаны Қазақстандағы банкте ашылған бөлек шотқа салуы керек. Яғни шығарылған әр токеннің құнына сай қаражат болуы шарт. Бұл ақша компанияның өз қаражатынан бөлек сақталады.

Оны қалай пайдалануға болатыны, қандай активтерге инвестициялауға рұқсат берілетіні де Ұлттық Банктің талаптарымен шектеледі. Енді компания банкрот болған жағдайда не болатынына тоқталайын. Токендерді қамтамасыз ету үшін сақталған ақша және сол қаражатты рұқсат етілген тәртіппен инвестициялаудан алынған активтер компания банкротқа ұшыраған кезде кредиторларға бөлінетін мүліктің құрамына кірмейді. Демек, бұл қаражатты компанияның басқа қарызын жабу үшін пайдалануға болмайды. Ол тек осы стейблкоин иелерінің алдындағы міндеттемелерді орындауға арналған. Компания жұмысын тоқтатса да, шығарған токендерін өтеуі қажет.

Қарапайым тілмен айтқанда, азаматтың ақшасын қайтару құқығы компанияның уәдесіне ғана сүйенбейді. Оның артында арнайы бөлініп, бөлек сақталған қаражат тұрады. Дегенмен кез келген цифрлық активті сатып алмас бұрын оның қандай шартпен өтелетінін және қандай тәуекелдері бар екенін мұқият тексерген дұрыс.

– Биыл Қазақстанда Ұлттық стратегиялық крипторезерв құрылды. Қазір оның құрамында қандай активтер бар? Оған қанша қаражат салынды және ақша қайда инвестицияланды?

– Ұлттық стратегиялық крипторезерв 2025 жылғы желтоқсанда құрылды. Оған Ұлттық Банктің алтын-валюта активтері мен Ұлттық қордан тең көлемде, барлығы 700 млн АҚШ доллары бөлінді. Мұндағы мақсат – инвестиция салуға болатын құрал түрін көбейтіп, активтерді әртараптандыру және оларды барынша тиімді басқару.

Крипторезервтің қаражатын цифрлық активтердің өзіне ғана емес, құны цифрлық активтерге байланысты қаржы құралдарына да салуға болады.  Сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін компаниялардың акциясы мен үлесіне инвестиция салуға да рұқсат етіледі. Әрине, бөлінген ақшаның бәрін бірден инвестицияламаймыз.

Қазір крипторезервтің портфелі біртіндеп жасақталып жатыр. Қаражат салатын құралдарды мұқият таңдап, олардың қанша табыс әкелуі мүмкін екенін және қандай сын-қатер барын бағалаймыз. 2026 жылғы қазанның қорытындысы бойынша 700 млн доллардың шамамен 190 млн доллары инвестицияланды. Бұл қаражат цифрлық актив нарығына инвестиция салуға мүмкіндік беретін хедж-қорлар мен биржалық инвестициялық қорларға бағытталды. Мұндай инвестицияларға мысал ретінде Ұлттық қордың жеке капитал портфелін айтуға болады.

2025 жылы осы портфель арқылы жасанды интеллект саласындағы жетекші компаниялардың бірі Anthropic-ке инвестиция салынған еді. Содан бері компанияның бағаланған құны бірнеше есе өсті. Әрине, мұндай инвестициялардың жалпы портфельдегі үлесі көп емес. Бірақ олар болашағы зор жаңа технологиялардың дамуынан табыс табуға мүмкіндік береді. Крипторезервте де осыған ұқсас тәсілді қолдануға болады.

– Жаңа ережеге сәйкес, электр энергиясын жеңілдетілген тарифпен тұтынатын майнерлер өндірген криптовалютасының 10%-ын крипторезервке беруге тиіс. Сондай-ақ қылмыстық істер бойынша тәркіленген криптоактивтер де осы резервке түсуі мүмкін. Қазірдің өзінде резервке түскен осындай криптоактивтер бар ма? Олардың көлемі қанша?

– Иә, алдағы уақытта крипторезервті толықтырудың бірнеше жолы қарастырылып жатыр. Соның бірі – сот шешімімен мемлекет меншігіне өткен цифрлық активтер. Екіншісі – стратегиялық цифрлық майнинг арқылы алынған активтер. Олардың есебін жүргізу және қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары Орталық бағалы қағаздар депозитарийі арқылы ұйымдастырылады.

Қазір құқық қорғау органдарымен және басқа да өкілетті мекемелермен бірлесіп цифрлық активтерді тәркілеудің нақты тәртібін әзірлеп жатырмыз. Өйткені мұндай активті жай ғана тәркілеп алу жеткіліксіз. Оны дұрыс есепке алу, қауіпсіз сақтау және сот шешіміне сәйкес тиісті ұйымға беру қажет. Осы жұмыстардың бәрін реттеу үшін заңнамаға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік органдардың өзара жұмыс істеу тәртібі белгіленеді. Онда қай органның қандай құзыреті бар екені, активті қандай негізде беруге болатыны және оның сақталуына әр кезеңде кім жауап беретіні нақты жазылады.

Соттың заңды күшіне енген шешімімен мемлекет кірісіне алынған цифрлық активтер крипторезервті толықтыру үшін «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ сенімгерлік басқаруына беріледі.

Стратегиялық майнингтен алынған цифрлық активтерді беру үшін де заңнамаға тиісті өзгерістер дайындалып жатыр. Олар қабылданған соң бұл активтер де Ұлттық инвестициялық корпорация басқаратын крипторезервке түседі.

– Ақшаның жаңа түрлері пайда болып, төлем жүйелері де өзгеріп жатыр. Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінде әртүрлі банк клиенттерінің бір-біріне төлем сұрауын жіберуі, интернет-дүкендер мен маркетплейстерде карта деректерін енгізбей төлеу және тұрақты QR-кодты пайдалану қызметтері іске қосылмақ. Осы үш қызмет те техникалық тұрғыда дайын ба?

– Иә, үшеуі де техникалық жағынан дайын. Жалпы, 19 шілдеден бастап банкаралық мобильді төлемдер жүйесі толық жұмыс істеп тұр. Оған еліміздегі барлық банк қосылды. Қазір азаматтар бір банктен екіншісіне телефон нөмірі арқылы ақша аудара алады. Сондай-ақ кез келген банктің терминалында бірыңғай QR-кодпен төлем жасауға болады. Сатып алушыдан бұл үшін комиссия алынбайды. Енді осы жүйенің мүмкіндіктерін біртіндеп кеңейтіп жатырмыз. Жаңа үш қызметтің техникалық жағы әзір. Қазір банктерді қосып, олардың өз ішіндегі жұмыс тәртібін реттеп жатырмыз.

Бірінші қызмет – әртүрлі банктің клиенттері арасында төлемге сұрау жіберу. Халықаралық тәжірибеде ол Request to Pay деп аталады. Мысалы, сіз бір қызмет үшін ақша төлеуіңіз керек делік. Қызмет көрсетуші сізге төлем сұрауын жібереді. Ол өз банкіңіздің қосымшасына келеді. Сіз соманы көріп, бір батырманы басып, төлемді растайсыз. Банк деректерін сұраудың, шот нөмірін терудің немесе түбіртек скриншоттарын бір-біріңізге жіберудің қажеті болмайды. Бұл қызмет жалдау ақысын төлеуге, түрлі қызметтерге есеп айырысуға, әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беруге ыңғайлы.

Екіншісі – интернет-дүкендер мен маркетплейстерде төлем жасау. Мысалы, сіз интернеттен тауар таңдадыңыз. Төлем жасағанда банкаралық жүйені таңдайсыз. Содан кейін өз банкіңіздің қосымшасы автоматты түрде ашылады. Сол жерден төлемді растайсыз. Карта нөмірін немесе басқа да деректерді қайта енгізудің қажеті жоқ.

Үшінші қызмет – тұрақты QR-код. Бұл – кәдімгі жапсырмаға басып шығарылған QR-код. Оны кассалық терминал орнатылмаған жерлерге қоюға болады. Мысалы, автотұрақта, халыққа қызмет көрсету орталығында, қоғамдық көлікте немесе шағын дүкендерде. Сатып алушы кодты телефонымен сканерлеп, қажетті соманы өзі енгізеді де, төлем жасайды. Осы үш қызметті 2027 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Бұдан бөлек, қазақстандық төлем жүйесін басқа елдердің жүйелерімен байланыстыру бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Қазір Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Индонезияның төлем жүйелерімен байланыс орнату мәселесін қарастырып жатырмыз.

Бұл не үшін қажет? Мысалы, қазақстандық азамат шетелге барды делік. Ол сол елдегі дүкенде сатушының QR-кодын өз банкінің қосымшасы арқылы сканерлеп, төлем жасай алады. Сол сияқты шетел азаматтары да Қазақстанға келгенде өз еліндегі банк қосымшасын пайдалана алады.

– Мемлекет басшысы бұған дейін экономиканы токендеу және нақты секторға қаржы тарту мүмкіндіктерін кеңейту бағытында тапсырма берген еді. Осы мақсатта цифрлық активтер саласын дамыту жөніндегі бірлескен жоспар қабылданды. Ұлттық Банк қазір қандай жұмыс атқарып жатыр? Алғашқы кезекте қандай активтер токенделеді? Олар қарапайым инвесторларға қашан қолжетімді болады?

– Қазір «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингімен және «Самұрық-Қазына» компаниясымен бірге токендеуге болатын жобалардың тізімін жасап жатырмыз. Бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Тізім жасақталып, жаңа жобалармен толығып жатыр. Алғашқы кезеңде ірі инфрақұрылымдық, логистикалық және құрылыс нысандарын қарастырып отырмыз. Мәселен, Алатау қаласындағы Iconic Tower көпфункциялы кешені мен Birlik логистикалық орталығы алғашқы пилоттық жобалардың қатарында болуы мүмкін. Меніңше, KASE арқылы шығарылатын алғашқы цифрлық құралдар көп ұзамай инвесторларға ұсынылады.

Бұл салаға халықаралық технологиялық компаниялар да қызығушылық танытып жатыр. Қазір олардың бірқатары Ұлттық Банкте есептік тіркеуден өту кезеңінде. Олар мұнай мен басқа да шикізат түрлерін токендеу жобаларын жүзеге асыруға ниетті.

Ал қарапайым азаматтарға келсек, олар да токен сатып алып, осындай ірі жобаларға үлес қоса алады. Бұл реформаны қолға алудағы басты мақсатымыз да сол – нақты экономикаға инвестиция салуды көпшілікке қолжетімді ету. Мысалы, бұрын ірі инфрақұрылымдық жобаға ақша салу қарапайым адам үшін қиын болса, токендеу арқылы мұндай мүмкіндік кеңейеді.  Әрине, алғашқы кезде жеке инвесторларды нарықтағы тәуекелдерден қорғау үшін салынатын қаражат көлеміне белгілі бір шектеу қоямыз. Бірақ токен сатып алу барынша жеңіл болады. Азаматтар лицензия алған платформалар немесе өздеріне үйреншікті төлем қосымшалары арқылы инвестиция сала алады. Яғни ірі жобаларға заңды түрде қаражат салу үшін күрделі рәсімдерден өту міндетті болмайды. Мұндай мүмкіндік кез келген қазақстандыққа қолжетімді болмақ.

– Қорытындылай келе қолма-қол ақшаның болашағы туралы сұрақ қойғым келіп тұр. Күн өткен сайын цифрлық төлем дамып келеді. Қазір еліміздегі тұтыну төлемдерінің шамамен 12%-ы ғана қолма-қол ақшамен жасалады. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі әлі де өсе ме? Жалпы, болашақта қолма-қол ақшадан толық бас тарту керек деп ойлайсыз ба?

– Қазақстан бұл жағынан үлкен өзгерісті бастан өткерді. Осыдан он жыл бұрын адамдар көбіне банкоматтан қолма-қол ақша шешіп алатын. Ал қазір күнделікті сауда-саттықтың басым бөлігі карта немесе телефон арқылы жасалады. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің таралуы жағынан Қазақстан дамыған елдермен қатар тұр. Ал мобильді төлемдердің жылдамдығы мен қолайлылығы бойынша олардың көбінен алдамыз. Сандарға назар аударсақ, соңғы он жылда халықтың қолма-қол ақшасыз операцияларының көлемі 116 есе өскен. Қазір бөлшек сауда айналымының шамамен 90%-ы – қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі.

Әрине, бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін. Бірақ ендігі өсімнің негізгі мүмкіндігі ірі қалаларда емес. Өйткені қала тұрғындары картамен немесе телефонмен төлеуге әлдеқашан дағдыланған. Ал ауылда, шағын кәсіпкерлік саласында, базарларда және кейбір қызмет көрсету орындарында қолма-қол ақша әлі де кеңінен қолданылады. Оның түрлі себебі бар. Біреулер бұрыннан солай есеп айырысуға үйренген. Ал кей жерде қолма-қол төлеу экономикалық тұрғыдан тиімдірек болуы мүмкін. Сондықтан біз Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қостық. Қаржы нарығына жаңа қатысушылар келіп жатыр, цифрлық активтер нарығы дамып жатыр.

Біздің мақсатымыз – халықтың қолма-қол ақшасыз төлем жасауына барынша қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасау. Бұл қызметтер барлық азаматқа қолжетімді болуы керек. Әсіресе, әртүрлі банктің клиенттері бір-біріне оңай ақша аударып, төлем жасай алғаны маңызды. Бірақ бұл қолма-қол ақшадан бас тартамыз деген сөз емес. Қолма-қол ақша да, қолма-қол ақшасыз және цифрлық теңге де заңды төлем құралы саналады. Ал қайсысын пайдаланатынын әр азамат өзі таңдауға құқылы. Технология қаншалықты дамыса да, қолма-қол ақшаның экономикадағы орны сақталады. Оның бір маңызды артықшылығы бар: интернет істемей қалса немесе төлем жүйесінде ақау шықса да, қолма-қол ақшамен есеп айырысуға болады. Бұл әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін маңызды. Сондықтан Ұлттық Банктің міндетінің бірі – елде қолма-қол ақша айналымының үздіксіз жүруін қамтамасыз ету. Қазақстанның барлық өңірінде банкнота пен монета жеткілікті болуы керек. Ең бастысы, әр азамат өзіне ыңғайлы төлем түрін еркін таңдай алуға тиіс.

Бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Әзербайжан орталық банктері 2026 жылдың соңына дейін ұлттық QR-төлем жүйелерін өзара байланыстыру тетігін әзірлеуге келіскені хабарланған болатын. Ол да азаматтарға шетелде жүргенде өздері күнделікті қолданатын банк қосымшалары арқылы төлем жасауға жол ашады.

Дереккөз: Kazinform 

Жоғарыға