Қазақстанның зейнетақы жүйесі: азаматтар үшін не өзгеріп жатыр – Ұлттық Банк Төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев
Демографиялық өзгерістер зейнетақы жүйесіне қалай әсер етеді? Зейнетақымен қамту тәсілдері қалай өзгеріп жатыр? БЖЗҚ салымшыларына қандай жаңа мүмкіндіктер пайда болды және зейнетақы жинақтары қалай басқарылмақ? Осы сұрақтар төңірегінде, сондай-ақ капитал нарығының дамуы мен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының бірінші орынбасары, «БЖЗҚ» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ерұлан Жамаубаев әңгімелеп берді.
— Ерұлан Кенжебекұлы, Сіз Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі болған тұста «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын әзірлеуге және іске қосуға атсалыстыңыз. Бүгінде БЖЗҚ директорлар кеңесін басқарасыз. Қазақстандық балалардың болашағы үшін осы бағдарламаның маңызын қалай бағалар едіңіз?
— «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының пайда болуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған еді. Оның түпкі мәні – елдің ұлттық байлығы балаларымыздың болашағы үшін де жұмыс істеуге тиіс.
Бағдарламаның дүниеге келуіне Үкімет, Ұлттық Банк және БЖЗҚ өзара бірлесіп, атсалысты. Бүгінде Қазақстанның азаматы – әр балаға Ұлттық қордың инвестициялық табысының үлесі жыл сайын есептеліп, жинақталған қаражат әрі қарай да инвестицияланып жатыр.
Бағдарламаның арқасында 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстанның әр баласына 18 жасқа толғанға дейін БЖЗҚ-дағы арнайы жинақтаушы шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын аударылып отырады. Кәмелет жасқа толған соң ол қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады. Егер ол он жыл ішінде пайдаланылмаса, қаражат жеке зейнетақы шотына аударылып, әрі қарай инвестициялана береді.
Менің ойымша, бұл бағдарламаның құндылығы тек қаржылай қолдаумен шектелмейді. Бұл өз кезегінде жас азамат үшін алғашқы капитал көзіне айналып, ұзақ мерзімді жинақ мәдениетін қалыптастыратын әрі әр баланың өз болашағына жауапкершілігін арттыратын құрал.
Жинақтаушы компонент не себепті маңызды бола түсті
— Бүгінде Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің даму үрдісін қандай факторлар айқындайды және не үшін оның жинақтаушы компонентін нығайту керек?
— Қазақстанда мемлекеттік және жинақтаушы компоненттерді біріктіретін көпсатылы зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Зейнетақымен қамту жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасында бөлінген.
Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеге, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ), Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдарына толық сай келеді. Бұл мемлекеттік зейнетақы кепілдіктерін жұмыскерлер мен жұмыс беруші жарналарының тұрақтылығына және инвестициялық табыс көлеміне тәуелді жинақтармен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанды қосқанда, барлық елдердің зейнетақы жүйесіне бірнеше негізгі ұзақ мерзімді факторлар әсер етіп отыр. Ең алдымен, бұл – өмір сүру ұзақтығының артуы мен туылу көрсеткішінің төмендеуі салдарынан халықтың қартаюы. Сонымен қатар цифрлық экономиканың дамуы, жұмыспен қамтудың жаңа түрлері мен өзін-өзі жұмыспен қамту зейнетақы механизмдерін заман талабына бейімдеуді талап етеді.
Осындай жағдайда жинақтаушы және аралас зейнетақы модельдерінің рөлі күшейе түседі. Олар мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтып, азаматтардың болашақ зейнетақы табысы үшін жеке жауапкершілігін арттырады.
Бұл ретте зейнетақы жинақтарының мәні тек зейнетақы жүйесінің шеңберінен әлдеқайда асып түседі. Олар ішкі жинақтарды ұлғайтып, қаржы нарығының дамуына септігін тигізеді және экономиканы ұзақмерзімді қаржыландыру көздерін қалыптастырады. Зейнетақы қорлары институционалдық инвестор ретінде капитал нарығын өркендетуде маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар ресми жұмыспен қамту, зейнетақы жарналары мен болашақ төлемдер арасындағы тікелей байланыс еңбек қатынастарын заңдастыруға ынталандырады.
Сондықтан жинақтаушы компонентті одан әрі нығайту, азаматтардың қатысу аясын кеңейту және зейнетақы активтерін тиімді басқару – зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді орнықтылығын қамтамасыз етуде және оның демографиялық өзгерістер мен бюджеттік қаржыландыруға тәуелділігін азайтуда негізгі шарт саналады.
БЖЗҚ цифрландыру
— Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазір қаншалықты цифрландырылған және қандай қызметтер салымшыға қолжетімді?
— БЖЗҚ зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыра отырып, цифрлық сервис түрлерін дәйекті түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда Қор қызметтерінің шамамен 99 пайызы электрондық, автоматты түрде және қашықтан көрсету форматында тәулік бойы көрсетіледі. 2026 жылдың басынан бері 1,3 миллионнан астам жеке және шартты зейнетақы шоты, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша нысаналы жинақтау шоттары автоматты түрде ашылды.
Салымшылар БЖЗҚ сайты мен мобильді қосымшасы арқылы әлемнің кез келген нүктесінен зейнетақы жинағының жай-күйін қалаған уақытында тексере алады. Сонымен бірге қор бөлімшелерінен кеңес алу және қызмет көрсету мүмкіндігі де сақталып отыр.
Болашақ зейнетақыны есептеп шығаруға және жинақты ұлғайтуды жоспарлауға мүмкіндік беретін «Зейнетақы калькуляторы» мен «Жеке зейнетақы жоспары» құралдары да қолжетімді.
Алдағы уақытта БЖЗҚ цифрлық сервистерін жетілдіре түседі. Қызмет көрсету сапасы мен ішкі үдерістердің тиімділігін арттыру үшін халықаралық тәжірибе мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерделейтін болады.
Зейнетақы жинақтарын басқаруда мүмкіндік көп
— 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап азаматтарға зейнетақы жинағының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге және инвестициялық стратегияларды таңдауға мүмкіндік берілді. Бұл жаңалық салымшыға не береді?
— Шынында да, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне азаматтардың зейнетақы жинағын басқару мүмкіндіктерін кеңейтетін өзгерістер күшіне енді. Енді салымшылар міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарнасы (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан жинағының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) бере алады.
Қанша аударатынын азаматтар өзі шешеді, бір немесе бірнеше басқарушыны таңдап, қаражатты инвестициялық портфельдер арасында да бөле алады.
Әрбір ИПБ тәуекел деңгейімен, күтілетін табыстылығымен және инвестициялау мерзімдерімен ерекшеленетін үш инвестициялық стратегияға дейін ұсынады. Мысалы, жас салымшылар әлеуетті табыстылығы мен тәуекелі жоғары стратегияларды қарастырса, зейнетақы жасына таяп қалғандар капиталды сақтауға көбірек басымдық бере алады.
Қор басқарушы компаниялар, олардың инвестициялық стратегиялары, зейнетақы активтерінің құрылымы мен қаржылық көрсеткіштері туралы мәліметтер жинақталған invest.enpf.kz инвестициялық порталын әзірлеп, іске қосты.
Күннен күнге кеңейіп жатқан таңдау мүмкіндігі өз жинағын басқаруға келгенде азаматтардың қызығушылығын арттыра алады. Сонымен қатар бәсекелестік басқарушы компанияларды инвестициялық стратегиялардың, есептілік пен цифрлық сервистердің сапасын жақсартуға ынталандырады.
Ұлттық Банк үшін зейнетақы активтерін басқарудың бәсекеге қабілетті нарығын дамыту – өтімділікті арттыру, баға белгілеудің әділдігі және отандық капитал нарығын одан әрі өркендету тұрғысынан да маңызды.
Бұл ретте ИПБ қызметі лицензияланады және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қадағалауында болады. Бұл реттеушілік бақылауды қамтамасыз етіп, салымшылардың мүддесін қорғайды.
Зейнетақы активтері қалай басқарылады
— Ұлттық Банк зейнетақы активтерін басқару және олардың ұзақмерзімді табыстылығын қамтамасыз ету кезінде қандай қағидаттарды басшылыққа алады?
— Зейнетақы активтерін басқарғанда жинақтың сақталуы мен олардың ұзақ мерзімдегі өсіміне қол жеткізуге баса назар аударамыз. Бұл ретте инвестициялау нәтижесін ұзақ мерзімдегі көрсеткіштерге қарап бағалаған жөн. Себебі қысқа мерзімдегі кірістілік нарықтағы ахуалға, валюта бағамдары мен қаржы құралдарының құнына байланысты өзгеріп отырады.
Басты қағидаттың бірі – тәуекелдерді азайтып, тұрақты кіріс алып отыру үшін қаражатты әртүрлі активтерге салу, яғни әртараптандыру.
Ұлттық Банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарушы ретінде қаражатты сақтауға, ұзақ мерзімде нақты кіріс алуға бағытталған теңгерімді инвестициялық саясат жүргізеді.
Ішкі нарықта зейнетақы активтері Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік сектор мен екінші деңгейлі банктердің облигациясына және басқа да қаржы құралдарына инвестицияланады. Инвестицияның барлығы нарықтағы мөлшерлеме бойынша жасалатынын атап өткен жөн. Ол өз кезегінде инвестициялық кіріс алуға, сондай-ақ экономиканың дамуына ықпал етеді.
Ал халықаралық нарықтарда қаражат негізінен индекс тәсілмен дамыған және дамушы елдердің мемлекеттік облигациясына, корпоративтік облигацияға және баламалы құралдарға салынады. Бұл инвестицияны әртараптандыруға әрі түсетін кірісті арттыруға мүмкіндік береді.
Акция мен корпоративтік облигация портфелінің бір бөлігін инвестициялаған кезде ESG қағидаттары, яғни экологиялық және әлеуметтік жауапкершілік, сондай-ақ корпоративтік басқару сапасы да ескеріледі. Нақтырақ айтқанда, парник газын көп шығаратын компаниялар, көмір өндіретін кәсіпорындар мен темекі өнімдерін өндіретін компаниялар корпоративтік облигация индексінен шығарылған.
Инвестициялық шешімнің барлығы бекітілген талаптар мен нарықтағы сын-қатерді ескере отырып қабылданады. Салымшылардың мүддесін қорғау мен олардың болашақта тұрақты зейнетақы алуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз.
Капитал нарығы және зейнетақы активтері
— 2026–2030 жылдарға арналған Капитал нарығын дамыту бағдарламасының мәні неде? Бұл бағдарламаның зейнетақы активтерін басқаруға тигізетін әсері қандай?
— 2026–2030 жылдары капитал нарығын дамыту бағдарламасының жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚНРДА Ұлттық Банкпен, нарыққа қатысушылармен және сарапшылармен бірлесіп әзірлеген. Құжатта жеті бағытты қамтитын 35 бастама бар.
Басты бағыттың бірі – зейнетақы активтерін басқару жүйесін дамыту мен институционалдық инвесторлар қатарын кеңейту.
Бүгінде едәуір бөлігін Ұлттық Банк басқаратын зейнетақы активтері ұзақмерзімді капиталдың көзі болып отыр. Басқарушы ұйым санын көбейту инвестиция стратегияларын әртараптандыруға, бағалы қағаздар нарығын барынша өтімді етуге, сондай-ақ ел ішіндегі жинақттарды экономиканы қаржыландыруға көбірек бағыттауға мүмкіндік береді.
Зейнетақы жинақтарын қорғауға ерекше көңіл бөлеміз. Бағдарлама жобасында зейнетақы активтерін басқаратын ұйымдардың өз қаражаты мен басқа клиенттерінің активінен бөлек сақтау, сондай-ақ операцияларға тәуелсіз кастодиан бақылауын жүргізу көзделген. Бұдан бөлек, басқарушы ұйымдарға қойылатын талап та қатаң: капитал жеткілікті болуы керек, сын-қатер уақытылы анықталып, шара қабылдануы қажет, ішкі бақылау жүргізу мен ақпарат беру де аса маңызды.
Осылайша, бағдарламаны іске асырып, зейнетақы жүйесінің инвестициялық мүмкіндігін кеңейтуге, салымшының мүддесін қорғауға және отандық капитал нарығын дамытуға мүмкіндік аламыз.
Дамыған зейнетақы жүйесі қандай болуы керек
— Алдағы уақытта зейнетақы жүйесін дамыту үшін қандай мәселелерге басымдық беру қажет деп ойлайсыз?
— Бірнеше басты бағытты атап өтер едім. Бірінші – жүйедегі жинақтаушы бөлікті нығайту. Нақтырақ айтқанда, халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту, тұрақты жарна аударуға ынталандыру мен болашақтағы зейнетақы көлемін арттыру.
Екінші – зейнетақы активтерін барынша тиімді басқару. Бұл – активтерді сақтап, инвестицияны әртараптандырып, ұзақ мерзімде оң нақты кіріс алу деген сөз.
Сонымен қатар отандық капитал нарығын дамыту, инвестиция мүмкіндіктері мен ұзақ мерзімде экономиканы қаржыландыру көзін кеңейту, зейнетке шыққан азаматтардың тұрақты зейнетақы алып отыруына мүмкіндік беретін тетіктерді жетілдірудің де мәні зор.
Тағы бір маңызды бағыт – қаржылық сауатты арттыру, зейнетақы жарнасын тұрақты түрде құйып отыру мен ұзақ уақыт бойы қаражат жинаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ инвестиция шешімдерін саналы түрде қабылдауға үйрету.
Жалпы, орнықты әрі теңгерімді зейнетақы жүйесін қалыптастыру – мемлекеттің, жұмыс берушілер мен халықтың ортақ міндеті. Біздің түпкі мақсатымыз – жүйенің қаржылық тұрғыда тұрақты болуына, қазақстандықтардың лайықты зейнетақы алуына жағдай жасау.