Бизнеске кредит беру 30%-ға жуық өсті – Ұлттық Банк нарық динамикасы туралы
Банктер бизнеске көбірек кредит бере бастады, есесіне, тұтыну несиесінің өсу қарқыны бәсеңдеп келеді. Соның ішінде шағын және орта бизнес сегментінде қарқынды өсім байқалады: кредит портфелі бір жылда шамамен 30%-ға ұлғайды. Кредит нарығындағы ахуал мен кредит беру құрылымындағы басқа да өзгерістер туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтып берді.
— Тұтыну несиесінің қарқыны баяулап жатқан тұста бизнеске кредит беру көлемі ұлғайып келеді. Осыған қарап кредит ресурстары біртіндеп бизнеске қарай ығыса бастады деп айта аламыз ба? Жалпы, ШОБ-қа кредит беруде қандай өзгеріс бар?
— Иә, расында да бизнеске кредит беру үрдісі жақсы қарқын алып келеді. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдайға қарасақ, корпоративтік кредит портфелі бір жылда 17,1%-ға өскен. Салыстыру үшін айтсақ, жеке тұлғаларға берілген кредит 14,5%-ға, ал тұтыну несиесінің ең ауқымды сегменті саналатын кепілсіз қарыз 9,4%-ға ұлғайды.
Әсіресе, шағын және орта бизнес сегментінде өсім анық байқалады. ШОБ-тың кредит портфелі 29,6%-ға өсті. Ал шағын және орта бизнес пен жеке кәсіпкерлердің корпоративтік кредит берудегі үлесі 69%-ға жетті. Кейінгі 12 айда бизнеске 22 трлн теңге кредит берілген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 16,8%-ға артық.
Осылайша, кредит беру құрылымында біртіндеп тепе-теңдік орнап келеді: бизнеске кредит беру көлемінің өсу қарқыны жоғары, ал тұтынушылық кредиттің өсімі баяу. Бұл өз кезегінде бұған дейін қабылданған реттеу шаралары нәтиже бергенін көрсетеді. Мұны «жалпы кредит ресурсына қолжетімділік шектеліп жатыр» деп түсінбеу керек, керісінше, кредит ресурсы тұтынудан – өндірістік белсенділікті қаржыландыруға бағытталып жатыр.
— Бірақ бизнеске кредит беру көлемі тұтыну несиесінің қарқыны баяулаған кезде өсіп отыр. Яғни, бұл – банктердің қаражаты тұтыну сегментінен біртіндеп бизнеске кетіп жатыр деген сөз бе?
— Бизнеске кредит беру қарқынының өскеніне тұтас бір факторлар жиынтығы әсер етіп отыр. Ең алдымен, кәсіпорындардың қазіргі қызметін, инвестициясын және өндірісін кеңейтуді қаржыландыруға деген сұранысы. Әрине, мұндай сұраныстың артында кредит төлеу қабілеті болуы керек, яғни банк кәсіпорынның алған қарызын уақытында өтеу мүмкіндігін оң бағалауға тиіс. Бұдан бөлек, түрлі реттеу-ынталандыру шаралары мен мемлекеттің қолдауы да маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Банктер бизнеспен белсенді түрде жұмыс істеп жатыр, ал мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлерді қаржыландыруға қосымша мүмкіндік береді.
Реттеу шараларына келсек, Ұлттық Банктің екі міндетті қатар орындағаны маңызды екенін түсінген жөн: қаржыландырудың қолжетімділігін сақтау мен сын-қатердің шамадан тыс ұлғаюына жол бермеу. Кредит азаматтарға да, бизнеске де қажет. Сондықтан реттеудегі мақсат – кредит берудің жауапкершілігі мен тұрақтылығын қатар жақсарту.
Алдыңғы жылдары тұтыну кредиті тым жоғары қарқынмен, жылына 30% және одан да көп өсіп отырды. Мысалы, 2023 жылы жаңа кепілсіз тұтыну кредитін беру көлемі 40%-дан аса өскен.
Мұндай қарқын халықтың қарызын шамадан тыс өсіріп, отбасылардың қаржылық әлеуетін тұралатып жіберуі мүмкін еді. Сондықтан 2024-2025 жылдары Ұлттық Банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, тұтыну кредитін беру нарығын біртіндеп «суытуға» бағытталған микро- және макропруденциялық шаралар кешенін жүзеге асырған болатын.
Бұған қоса, Ұлттық Банктің ұсынысымен салық бойынша да өзгеріс енгізу бастамасы қолға алынды. 2024 жылдан-ақ Ұлттық Банктің ноталарынан түсетін кіріске салық салына бастады. Ал биыл мұндай талап (бірақ кірістің жартысына) басқа да мемлекеттік бағалы қағаздарға қойылмақ.
Сондай-ақ 2026 жылдан бастап бизнеске кредит беруден түсетін кіріске тұтыну кредитін беруге қарағанда төмен мөлшерлеме қолданылады. Салыстырмалы түрде бұл да банктерді тұтыну несиесін беруге немесе мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция салуға қарағанда, бизнеске кредит беруге ынталандырады және кредит беру құрылымын теңгерімді етуге ықпал етеді.
Қазір біз осы қабылдаған шаралардың нәтижесін көріп отырмыз. Тұтыну кредитін беру бәсеңдеп, бизнеске кредит беру жақсы қарқын алып келеді. Осылайша, қаржы көзі қолжетімді болып қала береді, бірақ қарыздың өсу қарқыны қарыз алушылардың оны төлеу мүмкіндігінен асып кетпейді. Нағыз теңгерімді кредит нарығын қалыптастыратын алғышарт та – осы деп білеміз.
— БАҚ-та банктер қарыз алушыларды жаңаша бағалай бастады деген ақпарат тарады. Іс жүзінде не өзгерді және бұл кредит алуға өтініш берген қарапайым клиентке қалай әсер етеді?
— Қарыз алушыларға қойылатын талап бұрыннан бар және олардың шекті мәні биыл өзгермегенін бірден айта кетейін. Яғни, жаңа шектеу енгізілген жоқ. Қарыз жүктемесін бағалайтын қолданыстағы талаптар сақталады.
Өзгеретін – қарыздың табысқа қатынасын (ҚТҚ) бақылау тәртібі ғана. Бұған дейін банктер бұл көрсеткішті жалпы кредит портфелі бойынша қадағаласа, енді ол кредит түрлері бойынша да жеке талданады. Атап айтқанда, автокредит, ипотека мен кепілсіз тұтыну қарызы жеке-жеке қаралады. Маңыздысы – ҚТҚ-ның шекті мәні белгіленген жоқ. Сондықтан бұл қарыз алушыға қойылатын жаңа талап емес, сын-қатерді барынша жан-жақты бақылауға арналған тәсіл. Демек, ҚТҚ көрсеткіші банктің кредит беру-бермеуге қатысты шешіміне әсер етпейді.
Ал борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) есептеу тәртібі мен шекті мәні өзгерген жоқ.
Тұтыну кредиті нарығы тұрақтанып келе жатқандықтан, Ұлттық Банк қолданыстағы макропруденциялық құралдар жеткілікті деп есептейді. Дегенмен кредит нарығы мен халықтың қарыз жүктемесінің деңгейі әрі қарай да бақылауда болады.
— Кредит берген кезде банктер БЖК мен ҚТҚ-ны есепке алады. Бұл екі көрсеткіштің айырмашылығы неде және қайсысы кредитті мақұлдауға әсер ететінін қарапайым сөзбен айтып бере аласыз ба?
— Бұл – қарыз алушының қарыз жүктемесін әр қырынан көрсететін макропруденциялық құралдар. Борыш жүктемесі коэффициенті (БЖК) адамның ай сайынғы табысының қанша бөлігі кредит төлеуге кететінін көрсетеді. Банк бұл көрсеткішті кредит беру-бермеу туралы шешім қабылдағанға дейін есептейді. БЖК-ның шекті мәні – 50%. Яғни, барлық кредит қарызы бойынша ай сайынғы төлем қарыз алушының орташа айлық табысының жартысынан аспауға тиіс.
Ал қарыздың табысқа қатынасы (ҚТҚ) қарыз алушының жалпы берешегінің жылдық табысына шаққанда қанша болатынын көрсетеді. Бұл көрсеткішті есептеген кезде төленбеген кредит пен микрокредит, сондай-ақ алуды жоспарлап отырған қарыз да ескеріледі.
Қарапайым сөзбен айтқанда, БЖК – қарыз алушы ай сайынғы табысының қанша бөлігін кредит төлеуге жұмсайтынын көрсетсе, ҚТҚ – оның жалпы қарызының табысына шаққандағы көлемін көрсетеді.
Реттеу тәжірибесінде ҚТҚ 2024 жылдан бері қолданылып келеді және әзірге мониторинг жасау үшін қолданылады. Банк оны міндетті түрде есептейді, бірақ көрсеткіштің мәні қандай болса да ол кредит бермеу туралы шешім қабылдауға негіз болмайды.
Бұл талаптардың қаржы тұрақтылығымен бірге әлеуметтік маңызы да бар екенін айтқым келеді. Мысалы, адам жан-жағындағы жарқыраған жарнаманың ықпалымен автокөлік немесе басқа қымбат тауарды кредитке алды делік. Осындай кезде әркім өзінің қаржылық мүмкіндігін дұрыс бағалай бермейді. «Банк мақұлдаса – болды, демек бәрі дұрыс, төлеймін ғой» деп ойлайды. Алайда кез келген кредит процесінде қарыз алушының белгілі бір бөлігі қарызын өтей алмай қалуы ықтимал екені ескеріледі.
Мұндай жағдайда кепіл мүлкі тәркіленіп, сатылуы мүмкін. Банк пен сатушыға бұл жай ғана статистика немесе өнім құнының бір бөлігі болуы мүмкін, ал кредит алған адам үшін мұның салдары айтарлықтай ауыр болуы ықтимал. Сондықтан тепе-теңдік қажет. Біз айтып отырған коэффициенттердің мақсаты – осындай жағдайларды азайтып, кредит беру нарығын барынша теңгерімді ету.
— Бірнеше кредит алғандар немесе бөліп төлейтін қарызы барларға бұл өзгерістер қалай әсер етеді? Бұрынғы қарыздар жаңа қарыз бермеуге негіз болуы мүмкін бе?
— Басында айтқанымдай, жалпы, тәсілдер өзгерген жоқ. Бірнеше кредит немесе бөліп төлейтін қарыздар жаңа қарыз бермеуге негіз бола алмайды. Ескерілетін басты көрсеткіш – қарыз алушының жалпы қарыз жүктемесі. Егер барлық қарызды есепке алғанда БЖК 50%-дан асатын болса, онда банк жаңа қарыз бере алмайды. Сондықтан кредит саны емес, адамның табысының қанша бөлігі кредит төлеуге жұмсап отырғаны маңызды. Бірнеше кредиті бар адам ең алдымен өзінің төлем қабілетін бағалап, жаңа қарыз қалтасына қаншалықты салмақ түсіретінін өзі байқап-бағамдауы қажет.
— Кей сарапшылар енді ресми табысы жоқ адамдарға кредит алу қиындайды деп айтып жүр. Картаға түсетін қаражатты табыс ретінде көрсетуге мүмкіндік болмайды деген де ақпарат бар. Сол рас па?
— Бұл жерде де нақтылаған жөн деп ойлаймын. Биыл банктерге табысты анықтау үшін қолдануға рұқсат етілген тәсілдердің тізімі өзгерген жоқ. Негізі зейнетақы жарнасы арқылы расталатын, шартты түрде айтқанда, «ресми табыстан» бөлек тағы жеті-сегіздей тәсіл бар. Олардың арасында азаматтардың банк картасына түсетін қаражат та бар. 2025 жылы біз банктерден мұндай түсімдерді мұқият тексеруді талап еткеніміз – басқа мәселе. Яғни, адамның өз шоттары арасындағы жай ғана ақша айналымы, мысалы, депозиттен картаға аударып, кейін қайта депозитке салған қаражат немесе картаға түскен кредит сомасы табыс ретінде есептелмеуге тиіс.
— Қарыз алушыларға қойылатын талаптар одан әрі қатаңдай бере ме? Ұлттық Банк басқа шектеулер қарастырып жатыр ма, әлде қазіргі шаралар жеткілікті деп ойлайсыздар ма?
— Қазіргі бізге белгілі сын-қатерді реттеу үшін қолданыстағы макропруденциялық құралдар жеткілікті деп есептейміз. Сонымен қатар Ұлттық Банк кредит нарығындағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, бұған дейін қабылданған шаралардың қаншалықты нәтиже беріп жатқанын бағалап отырады.
Ең бастысы, қарыз алушы өзінің тапқанына сай, төлеуге шамасы келетіндей қарыз алуы керек. Нарық үнемі өзгеріп отыратынын да естен шығармаған жөн. Сондықтан, реттеушінің пайда болған сын-қатерге жауап беретін мүмкіндігі болуы керек. Егер кредит берудің кей сегменттерінде сын-қатер айтарлықтай ұлғайса, Ұлттық Банк қосымша шара қабылдауы мүмкін. Мұндай шешім қабылданып жатса, кредит беру динамикасы, халықтың қарыз жүктемесі мен қаржы тұрақтылығына қатысты басқа да көрсеткіштер ескеріледі.
Дереккөз: Kazinform