Ұлттық Банк ұлттық валютаның нығаюына не себеп болғанын түсіндірді
Кейінгі кезде ұлттық валюта бағамы нығайғанын байқап отырмыз. Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының редакциясы Ұлттық Банкке сауал жолдап, қазіргі динамика нарықтық факторларға байланысты қалыптасып отыр ма, әлде алыпсатарлық ықпал бар ма деген сұрақтардың жауабын білді.
«Жалпы, ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері нығайып келеді, бұл үрдіс ақпан айында тіптен күшейе түсті. Жыл басынан бері АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы 3,3%-ға нығайып, 489,28-ге жетті. Тенгенің нығаюына ішкі және сыртқы факторлар қатар ықпал етіп отыр. Ең алдымен, ішкі валюта нарығында шетел валютасына сұраныс төмендеді. Егер 2025 жылғы желтоқсанда сұраныс көлемі 7,9 млрд АҚШ долларына жетсе, 2026 жылғы қаңтарда ол 5,8 млрд долларға дейін қысқарғанын көріп отырмыз. Жыл басында іскерлік және инвестициялық белсенділіктің бәсеңдеуі – әдепкі құбылыс. Бұл кезеңде бюджет қаражаты толық көлемде игеріле қоймайды, сол себепті долларға деген сұраныс та төмендейді. Бұған қоса, ақпанда Қытай Жаңа жылы кезінде сыртқы саудадағы есеп айырысулар мен инвестиция ағындарының ерекшеліктеріне байланысты теңгенің маусымдық нығаюы әдепкі үрдіс саналады», – деді Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Сондай ақ, ақпан – ірі салық төлемдері түсетін кез. Экспорттаушы компаниялар бюджет міндеттемелерін орындау үшін теңгенің өтімділігіне жоғарыс ұсыныс қалыптастырады. Бұл, әдетте, валютадағы түсімнің бір бөлігін теңгеге айырбастаумен қатар жүреді.
«Бағамға қосымша қолдау көрсетіп отырған тағы бір фактор – шетелдің портфель инвестициялары. Жыл басынан бері бейрезиденттердің Қазақстан Республикасы МБҚ-ға салған қаражаты шамамен 600 млн АҚШ долларына өсті. Бұл капитал ағындары шетел валютасын теңгеге айырбастаумен қатар жүреді және ішкі нарықта қосымша валюта ұсынысын қалыптастырып, теңгенің нығаюына ықпал етеді. Бұған дейін атап өткеніміздей, Үкімет пен Ұлттық Банктің макроэкономикалық саясатты үйлесімді жүргізуі, сондай-ақ қазақстандық нарықтағы оң нақты пайыздық мөлшерлемелер ҚР МБҚ-ға шетелдік портфель инвесторларының ұзақ мерзімге қаражат салуына негізгі алғышарт болды. Сонымен қатар 2026 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары J.P. Morgan Frontier Markets индексіне енгізілмек. Бұл портфель инвестицияларын барынша тұрақты етіп, теңгеге және Қаржы министрлігінің теңгемен номинацияланған бағалы қағаздарына инвесторлар тарапынан сұранысты күшейтеді», – деді Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары.
Теңге бағамына ҚРҰБ бюджетке трансферт бөлу және алтын операцияларын «айналау» әдісімен өтеу аясындағы валютадағы сатулар да оң әсер етіп отыр. Қаңтар айында трансферттерді қаржыландыруға 350 млн АҚШ доллары, ал «айналау» әдісі операциялары аясында 689 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылды. Ақпандағы сатулар жарияланған жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.
Сыртқы ахуал да қолайлы қалыптасып отыр. Жыл басынан бері мұнай бағасы 16%-ға өсіп, 1 баррелі 70 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тұр. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы геосаяси шиеленіс аясында сын-қатердің артуы ықпал етті.
«Сонымен қатар АҚШ долларының жаһандық деңгейде әлсірегені байқалады: DXY индексі 0,6%-ға төмендеді, ал дамушы елдер валюталарының индексі осы кезеңде 2,1%-ға нығайды. Қазіргі бағам динамикасы ішкі және сыртқы факторлардың қолайлы үйлесуінен туындаған сұраныс пен ұсыныстың нарықтық тепе-теңдігін көрсетеді. Әйтсе де, валюта нарығында екіжақты құбылмалылық сақталып отыр. Яғни бағам іргелі экономикалық және нарықтық факторларға қарай нығайып келеді, ол және әлсіреуі де мүмкін. Екіжақты құбылмалылық – еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне тән құбылыс және ол экономиканың ішкі-сыртқы өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік беретін автоматты тұрақтандырғыш қызметін атқарады», – деп толықтырды Ә. Молдабекова.
Осылайша, жыл басынан бергі теңгенің нығаюы нарықтық сипатқа ие және ішкі факторларға, капитал ағындары, сондай-ақ қолайлы сыртқы конъюнктураға байланысты болып отыр. Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары J.P. Morgan Frontier Markets индексіне енгізілуі мүмкін екені бейрезиденттер тарапынан тұрақты қосымша сұраныс қалыптасады деген сенімді күшейтеді. Бұл капитал ағынының артуына және ішкі нарықта шетел валютасы ұсынысының ұлғаюына қолдау көрсететін фактор болуы мүмкін.
Қорытындылай келе, Әлия Молдабекова Ұлттық Банк еркін өзгермелі бағам саясатын ұстануды жалғастыратынын және теңге бағамының қалыпты екіжақты ауытқуына жол беретінін айтты. Төраға орынбасарының сөзінше, Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды тұрақты түрде бақылауда ұстайды, ал қазір алыпсатарлық белгісі немесе араласуды талап ететін факторлар байқалып отырған жоқ.
Дереккөз: Kapital.kz