1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк: Банктік күйзелістен кейінгі құбылмалылықтың бәсеңдеуі

Банк секторының наурыз айындағы күйзелісінен кейін сәуірде әлемнің қаржы нарығының бәсеңдей бастаған құбылмалылығы тәуекелді активтердің динамикасына оң әсер етті. Мұның Қазақстанның ішкі валюта нарығына және халықаралық резервтерге қалай әсер еткенін ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді.

– Өткен айдағы әлемнің қаржы нарығындағы ахуалды қалай сипаттай аласыз?

Наурыз айымен салыстырғанда сәуірде сыртқы нарықтағы жағдайлардың құбылмалылығы төмен болды.

АҚШ пен ЕО банк жүйесінің тәуекелдеріне қатысты қауіптенуі бәсеңдеп, ФРЖ саясатын күшейту циклінің жақын арада аяқталуы жөніндегі күтулердің аясында әлемдік валюта нарығында тыныштық байқалды. Дамыған және дамушы елдердің валюталары бір ай ішінде нақты бағытсыз өзгеріп отырды. Сәуір айының қорытындысы бойынша, DXY индексі 0,8%-ға әлсіреді, сондай-ақ, дамушы нарықтардағы валюталардың индексі 0,4%-ға аздап төмендеді.

Сәуір айында инвесторлардың тәуекелді активтерге сұранысы акциялар нарығын қолдады. Құбылмалылықтың бәсеңдеуі аясында MSCI World индексі бір айда 1,6%-ға ұлғайды.
VIX индексі өткен айдың соңына қарай жылдық ең төменгі деңгейге – 16 тармаққа дейін төмендеп, нарыққа қатысушылардың оң динамиканың жалғасуына деген сенімін көрсетті.

Өткен айда «қара алтын» әр түрлі бағытта саудаланды. Айдың бірінші жартысында мұнай бағалары қалыпты оң жағдай аясында қалыптасып, 1 баррельдің құны 85-87 АҚШ доллары аралығында болды. ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің мамыр айынан бастап жыл соңына дейін мұнай өндіруді қысқартуға қатысты шешімі мұнай бағасына кәдімгідей қолдау көрсетті. Ол тәулігіне шамамен 1,65 млн баррель болады.

Алайда, сәуірдің екінші жартысынан бастап мұнай бағасы айдың басынан бері жинақтаған өсімін толығымен жоғалтып, айтарлықтай төмендеді. Инвесторлар АҚШ-та ықтималды экономикалық рецессия туындауы және Қытайдан қайшылықты статистикалық мәліметтер келуі аясында мұнайға деген сұраныс перспективасын күмәнмен бағалады. Қытайда өнеркәсіп өндірісінің көлемі күтілген 4%-дық өсуі  кезінде наурызда жылдан жылға 3,9%-ға өсті. Айдың соңғы аптасында First Republic Bank проблемаларына байланысты АҚШ-тың банк секторына қатысты алаңдаушылық қайта басталуына байланысты шикізат нарығы құбыла түсті. Мамыр айының басында рецессия тәуекелінің қысымымен мұнайға баға белгілеу 1 баррель үшін 77 АҚШ долларына дейін төмендеді.

Жалпы, сәуірде нарықтардың салыстырмалы түрде «тыныш» болуына қарамастан, қаржы нарығындағы активтер динамикасының түрлі бағыты АҚШ пен ЕО-ның банк секторындағы оқиғалардан, орнықты-артқан инфляциядан, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы лимитіне тез жетуінен, жетекші орталық банктердің одан әрі жүргізілген ақша-кредит саясатынан туындаған белгісіздік пен аралас сигналдарды көрсетеді.

Мәселен, бір жағынан банк секторындағы дағдарысқа, экономиканың өсуі баяулауына және рецессия тәуекелдеріне байланысты алаңдаушылық ақша-кредит жағдайларын жеңілдету қажеттілігі туралы күтудің артуына ықпал етеді. Екінші жағынан, жоғары инфляция реттеушілерді қатаң саясатты ұстануға мәжбүр етеді. ФРЖ мамырдағы соңғы отырысында қосымша өсіруді көздейтін ұсыныстарды жойып, мөлшерлемені 5-5,25%-ға дейін 25 б.т. көтерді. Сонымен қатар, нарыққа қатысушылар жылдың екінші жартысынан бастап мөлшерлеменің бірінші төмендеуін күтеді. Fed Funds фьючерстері 33% ықтималдығымен шілдеде жеңілдетілуін болжайды.

Сәуірде валюта нарығында жағдай қалай қалыптасты?

Сәуірде валюта нарығы орташа құбылмалылықпен сипатталды. Теңге бағамы 453,21-ге дейін 0,1%-ға  аздап әлсіреді.  Теңге бағамы нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасты. Ұлттық Банк интервенциялар жүргізген жоқ.

Валюталық түсімінің бір бөлігін өткізу бойынша міндеттемелерін орындау аясында квазимемлекеттік компаниялардың сатуы сәуірде 295 млн АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордан орындалған сатулар күніне 600 млн АҚШ долларын құрады немесе 30 млн АҚШ долларынан аспады. Бұл біздің болжамды бағалауымызға сәйкес келеді. Мамыр айында сатылым 750-800 млн АҚШ доллары аралығында болады деп күтілуде. Сәуір айында БЖЗҚ үшін валюта сатып алу 240 млн АҚШ долларын құрады. Мамыр айында зейнетақы активтері үшін сатып алуды сол – 200-250 млн АҚШ доллары деңгейінде жалғастырамыз.

JPMorgan клиенттері арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, сыртқы жағдайлардың аралас белгілеріне қарамастан, жаһандық инвесторлардың теңгедегі позициясы сәуір айында 2021 жылғы қыркүйектен бастап ең жоғары деңгейге дейін ұлғайды.

– Өткен айдың қорытындысы бойынша алтын-валюта резервтерінің көлемі қалай өзгерді?

Алдын ала есептеулерді алып қарасақ, сәуір айының қорытындысы бойынша, АВР көлемі бір айда 1,4 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 37,6 млрд долларға жетті. Алайда, көбінесе, ұлғаю Қаржы министрлігінің Ұлттық Банктегі валюталық шотына «транзиттік» түсіммен байланысты екенін және ол кейіннен Ұлттық қорға қайта бағытталғанын атап өткен жөн. Резервтердің төмендеуіне әсер еткен факторлардың ішінде мемлекеттік қарыздың төленгенін атап кету керек.  

Алтынның бағасы бір унция үшін 1979 доллардан 1983 долларға дейін өсті. Бір ай ішінде бағалы металдың бағасы бір унция үшін 2036 долларға дейін көтерілді. Алтын нарығындағы белгісіздік бұрынғысынша ФРЖ-ның кейінгі риторикасы бойынша және АҚШ-тың банк секторындағы жағдайға орай күтулерге байланысты болып отыр.

– Сәуірде Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 300 млн долларға ұлғайып, сәуір айының соңында 58,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Тәуекел дәрежесінің бірқалыпты өсуі – акциялар мен облигацияларды, сондай-ақ, алтынды оң қалпында қайта бағалауға әсер етті. Сөйтіп, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі сәуір айында 441 млн доллар болды.

Бұдан басқа, активтердің өсуіне Ұлттық қорға түскен валюталық түсімдер ықпал етті. Олардың мөлшері сәуірде 457 миллион АҚШ долларын құрады.

Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 393 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 600 миллион АҚШ долларына шетел валютасы сатылды.

– Алдағы уақытта әлемнің қаржы нарығында қандай динамика күтіледі?

Жаһандық рецессияның орын алу тәуекелі таяу арадағы белгісіздіктің негізгі факторы болып табылады. Әлемде экономикалық белсенділіктің кеңейгені туралы деректерге қарамастан, сәуір айының қорытындысы бойынша PMI Global 54,2 тармаққа дейін артты. Бұл өсімнің құрылымы нақты емес. Қызмет көрсету секторы негізгі қозғаушы күшке айналды. Ал өндіріс саласының секторы қысқару аймағында тұр.

Бұған қоса, сәуірде бірқатар халықаралық ұйымдар 2023 жылғы әлемдік экономиканың өсуіне қатысты болжамдарды нашарлатты: ХВҚ 2,9%-дан 2,8%-ға дейін, Дүниежүзілік банк 3%-дан 1,7%-ға дейін төмендеді.

Нарыққа қатысушылар АҚШ мемлекеттік қарызының жақын арада өз лимитіне жетуіне байланысты оның ең жоғарғы шегіне қатысты мәселеге алаңдап отыр. АҚШ Қаржы министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, Үкімет 1 маусымға қарай төлемдерге қызмет көрсететін қаражатты тауысуы мүмкін. АҚШ Конгресінің осы мәселе бойынша әрекеттерінің сәйкес келмеуі қаржы нарығындағы құбылмалылықтың күшеюіне алып келуі ықтимал.

Алайда, көптеген талдаушылар негізгі сценарий ретінде жаһандық рецессияның орын алу ықтималдығын қарастырмайды және күтпеген жүйелі өзгерістер тәуекелі төмен болады деп санайды. Осыған байланысты дамушы нарықтардағы тәуекелді активтер мен валюталардың перспективасы оң күйінде қалады. 

Өз кезегінде, сарапшылар мен шикізат нарығына қатысушылардың баға динамикасы бойынша одан әрі күтулері сан қилы. Соңғы апталарда мұнай бағасының күрт төмендеуіне қарамастан, Goldman Sachs Brent эталондық маркалы мұнай бағасының болжамын 2023 жылғы желтоқсанға қарай 1 баррель үшін 95 АҚШ доллары деңгейінде және 2024 жылғы сәуірге қарай 1 баррель үшін 100 АҚШ доллары деңгейінде растады. Goldman Sachs ОПЕК+ өндірісінің қысқаруымен қатар дамушы нарықтардағы сұраныстың артуына байланысты мұнай нарығында ұсыныс тапшылығы өседі деп болжайды.

АҚШ-тың Энергетика министрлігі 2023 жылғы Brent сорты мұнай бағасының болжамын 1 баррель үшін 85,01 АҚШ долларынан 78,65 АҚШ долларына дейін төмендетті. Ведомство жаһандық әлемдік экономиканың нашарлауы, банк секторындағы дағдарыстың ықтималдығы, сондай-ақ инфляцияның сақталуы қаупінен мұнай бағасының төмендеп бара жатқанын атап көрсетеді. Бұл ретте, АҚШ Энергетика министрлігі жақын болашақта бағалар сұраныстың маусымдық өсуіне байланысты, сондай-ақ, бірқатар ОПЕК+ елдерінің өндірісті ерікті қысқартуы аясында түзеледі деп болжайды. Сонымен қатар, АҚШ Энергетика министрлігі мұнай бағасының тұрақтануына Қытай мен Үндістандағы мұнай тұтынудың артуы да әсер етеді деп күтеді.

– Кеше Ұлттық Банк шетелдік инвесторлар үшін жаңа есеп жариялады. Осы есептің қандай мақсатта жасалатынын айта аласыз ба және ол мерзімді негізде жасала ма?

Қазіргі уақытта әріптестермен бірге алға қойып отырған маңызды міндеттердің бірі – қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздардың J.P.Morgan – GBI-EM дамушы елдер индексіне кіруі саналады. Ұзақ уақыт бойы біз осы бағытқа күш салып келеміз. Инфрақұрылымды жақсарту және жергілікті нарықтың өтімділігін арттыру бойынша жұмыс істейміз. Осылайша, 2021 жылы J.P.Morgan Қазақстанның МБҚ «радарға» қойды. Келесі кезең – мемлекеттік облигацияларды «Index Watch» тізіміне қосу. Біз енді соған ұмтыламыз.

Біз GBI-EM индексіне кіру жергілікті МБҚ нарығын дамытуда маңызды қадам болады деп есептейміз. Бұл есептің негізгі мақсаты – шетелдік инвесторлармен қарым-қатынасты жақсарту және олардың Қазақстан нарығындағы ахуалдан хабардар болу мүмкіндігін арттыру.

Дереккөз: Kapital.kz

Жоғарыға