1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ғылыми тәсіл. Ұлттық Банк академиялық қауымдастықпен қалай байланыс орнатады

Қазақтан Ұлттық Банкі жақында Зерттеу бағдарламасын жариялады. 2021 жылдан бастап академиялық қоғамдастыққа ғылыми гранттар үлестіріп келеді. Зерттеу нәтижелері шешім қабылдау, экономикалық процестерді модельдеу, заңнаманы әзірлеу кезінде қолданылады. Орталық банктің зерттеу қызметі мен академиялық қоғамдастықпен ынтымақтастығы туралы толығырақ Қазақтан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин біздің басылымға берген сұхбатында айтып берді.

Виталий Алексеевич, негізгі сұрақтан бастайық – орталық банктер неге зерттеу жүргізеді? Бұл олардың тікелей міндетіне жатпайды ғой?

– Орталық банктер көбіне белгісіздік жағдайында шешім қабылдайды. Себебі қолға алынған, әсіресе, ақша-кредит саясаты саласындағы шаралардың нәтижесі белгілі бір кідіріспен шығып жатады. Зертханада эксперимент жүргізуге кемейтін кездер болады, бұл – тура сол жағдай. Бірақ, соған қарамастан, қабылданған шешімдердің ықтимал нәтижесін, олардың жалпы ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатына деген әсерін бағалау қажет. Осындай бағалауды алу үшін орталық банктер экономикалық зерттеулер жүргізеді: басқа елдердің тәжірибесін зерттейді, өткенді бүгінмен салыстырады, экономика секторлары арасындағы өзара байланысты зерттейді, модельдер құрады және әртүрлі әдістерді қолдана отырып, болашақты болжайды.

Орталық банктерді зерттеу жүргізуге итермелейтін екі негізгі себепті белгілеуге болады. Біріншіден, жан-жақты талдау, ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық, макропруденциялық саясат және орталық банк қызметінің басқа да бағыттары саласында шешім қабылдау үшін негіз қалыптастырады. Екіншіден, зерттеу нәтижелерін жариялау арқылы біз академиялық және сарапшы қауымдастықпен кері байланыс құрып, пікірталас алаңын ашамыз. Мұндай өзара байланыс біздің модельдеріміз бен бағалауымызды жақсартады, соның негізінде шешім қабылданады.

Шын мәнінде орталық банк экономика мен қаржы саласында зерттеу орталығына да айнала алады деген сөз бе?

– Иә, бұл кеңінен тараған халықаралық тәжірибе. Орталық банктер тәуелсіз зерттеулер жүргізеді, сыртқы зерттеушілерді ғылыми пікірталасқа белсенді түрде тартады және оның дамуына ықпал етеді. Осылайша тиімді коммуникация құрылады, экономиканың көптеген өзекті мәселелері мен қабылданатын саяси шешімдер көпшілікке түсінікті болады. Орталық банктердің зерттеу қызметін жария түрде жариялауы да олардың институционалдық базасын нығайтады және сол арқылы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.

Барлық зерттеулер аяқталуына қарай макроэкономикалық шешімдерде бірден көрініс таппайды. Тәжірибе көрсеткендей, теориялық зерттеулердің практикалық пайдасы әуелде айқын болмауы мүмкін, бірақ, уақыт өте келе олардың нәтижесі назар аударатындай болады. Басқаша айтқанда, зерттеулер болашақ үрдістерді анықтауға және біздің кейінгі әзірлемелерге дайындалуымызға көмектеседі.

– Ұлттық Банктің зерттеу тақырыптары, олардың өзектілігі мен басымдығы қалай айқындалады?

– Ұлттық Банк көптеген басқа орталық банктер секілді Ұлттық Банктің негізгі функциялары мен ағымдағы экономикалық жағдайларға қарай маңызды зерттеу міндеттерін анықтайтын Зерттеу бағдарламасын әзірлейді.

Біз осындай құжатты алғашқы рет екі жыл бұрын жарияладық және онда 2021-2022 жылдары егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін маңызды мәселелерді белгіледік. Бұл – макроэкономикалық үйлестіру, талдау құралдарын жақсарту, қаржы нарықтары мен қаржылық қатынастарды реттеу мен дамыту, сондай-ақ төлем жүйесі мен цифрлық валютаның перспективалары мәселелері.

Әлемде тез өзгеріп жатқан жағдайларды ескере отырып, біз жақында алдыңғы Бағдарламаны жаңартып, толықтырдық. Цифрлық және қаржылық технологиялардың дамуымен, климаттың өзгеруімен және алыстай қоймаған COVID-19 пандемиясымен байланысты жаңа міндеттерді енгіздік.

Осы Бағдарлама аясында Ұлттық Банк тәуелсіз зерттеулер жүргізіп жатыр ма?

– Көптеген сұрақтар бойынша тиісті тәжірибесі, білімі, ресурсы, статистикалық деректері болуына байланысты біздің қызметкерлер жүйелі негізде өз бетінше зерттеулер жүргізеді.

Баламалы ұстанымға келу немесе жекелеген мәселелерді терең зерттеу үшін ғылыми-практикалық конференциялар өткізіледі, сыртқы зерттеушілер, мысалы, академиялық және ғылыми қоғамдастықтың зерттеу топтарына гранттар беру арқылы тартылады.

Ұлттық Банктен зерттеу грантын кім ала алады?

– Отандық жоғары оқу орындары, ғылыми және зерттеу ұйымдары, сондай-ақ әлеуметтік және басқа да сауалнамаларды жүргізумен, түрлі экономикалық деректерді жинаумен және өңдеумен айналысатын ұйымдар Ұлттық Банктің зерттеу гранттарына үміткер бола алады.

Зерттеу гранттарына түскен өтінімдер қалай іріктеледі? Іріктеудегі өлшемшарттар қандай?

– Іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі. Зерттеу гранттарын алудың барлық процедурасы ашық және бірнеше кезеңнен тұрады.

Ұлттық Банк таңдалған зерттеу тақырыптарын көрсете отырып, өз сайтында өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарландыру жариялайды. Ізденушілердің өтінімдері электрондық форматта қабылданады және онда зерттеу тобының мүшелері туралы мәліметтер, болжамды зерттеудің аннотациясы, жұмыс жоспары мен шығыс сметасы қамтылады.

Зерттеу тобы мүшелерінің құзыреттілігі мен ғылыми негіздемесін, ұсынылған зерттеу әдістемесін, жоспардың іске асырылуын, шығыс сметасының негізділігін бағалайтын тәуелсіз рецензенттердің өтінімдерді қарауы маңызды кезең саналады. Өтінімді мақұлдау және грант беру туралы түпкілікті шешімді ҚҰБ қызметкерлерінен тұратын Комиссия қабылдайды. Оған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қазақстан қор биржасының және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері кіреді.

Осындай қанша грант берілді және жүргізілген жұмыстардың нәтижесі қайда қолданылады?

Екі жыл ішінде жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының зерттеушілеріне 8 грант берілді. Бұл ҚБТУ, ҚазҰУ, КазГЮУ, AlmaU, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы және басқалары. Үй шаруашылықтарының борыштық жүктемесінің қаржылық тұрақтылыққа әсері, бағалы қағаздар нарығында инвесторларды қорғау, еңбек нарығындағы сұраныстың икемділігі, орталық банктің тәуелсіздігі мен инфляция бойынша мақсатқа қолжеткізу арасындағы байланыс, импортты алмастыру мен әртараптандыру шараларының нәтижелілігі және бюджет шығыстары сияқты мәселелерді зерделеуге гранттар берілді. Біздің сайтта әрбір жүргізілген зерттеу бойынша аннотациялар орналастырылған. Онда зерттеушілер туралы ақпарат, зерттеу мақсаттары және зерттеушілер қолжеткізген негізгі тұжырымдар жария етіледі.

Жүргізілген зерттеулердің жекелеген нәтижесін біз елдің қаржы секторын дамыту жөніндегі заңнаманы жетілдіру кезінде, макроэкономикалық саясат шараларын әзірлеу кезінде, экономикалық процестерді модельдеу кезінде пайдаланғанымызды айта кеткім келеді.

Біз жариялаған кейбір тақырыптар бойынша өз өлшемшартымызға сәйкес келетін орындаушыларды таба алмадық. Ал жекелеген тақырыптар зерттеушілердің қызығушылығын тудыра алмады. Кейбір тақырыптар қайта тұжырымдалып, зерттеушілерге қайтадан ұсынылып, ал кейбір тақырыптардың өзектілігі болмауы да мүмкін.

Біз келесі байқауды жариялау кезінде қызығушылық танытқан барлық зерттеушіні ынтымақтастыққа шақырамыз.

Дереккөз: LS

Жоғарыға