Қазақстан Ұлттық Банкі

Валюта нарығы тамызда теңгерімді болды. Әлия Молдабекованың сұхбаты

Тамызда сыртқы нарықтардың құбылмалылығына және мұнай бағасының төмендегеніне қарамастан, теңге бағамының неліктен нығая түскені және халықаралық резервтердің динамикасы қандай дәрежеде екендігі туралы ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді.

– Тамызда әлемдік қаржы нарықтарында жағдай қалай қалыптасты?

 Бір ай ішінде сыртқы нарықтардағы динамика бірқалыпты болмай, көп бағытты болды. Тамыздың басында АҚШ спикерінің Тайвань аралына жасаған сапарына байланысты қаржы нарықтарының динамикасы үшін геосаясат факторы басым бағытқа ие болды. АҚШ пен ҚХР арасындағы қатынастардың шиеленісуі инвесторлардың тәуекелі бар активтерден кетуіне себеп болды, бұл АҚШ долларының нығаюына және алтын бағасының өсуіне алып келді.

Алайда, АҚШ-тағы инфляция қарқынының төмендеуі туралы шешім аз уақытқа тәуекел-сентиментті қолдады және АҚШ ФРЖ-ның талаптарын қатаңдату саясатында тез арада өзгерістің болатынын болжауға үміттендірді. Айдың соңына таман Джером Пауэллдың сөйлеген сөзі реттеушінің саясатты мерзімінен бұрын жеңілдетуге әкелуі мүмкін тәуекелдері туралы ескерте отырып, бұл болжамдарды жоққа шығарды. Нәтижесінде, АҚШ доллары бағамының раллиі жаңа күшпен қайта жанданды, DXY индексі жаңа 20 жылдық рекордтық көрсеткіш 109,48 тармаққа (29 тамызда) жетіп, бір ай ішінде 2,6%-ға нығайды. Тамызда АҚШ долларының басым болуы аясында еуроның тепе-теңдіктен төмендеуі жаңа «нормаға» айналды.

АҚШ ФРЖ-ның қатаң риторикасымен бірге Англия Банкі мен Австралия ОБ мөлшерлемелерді көтеруге бейім екенін көрсетіп, мөлшерлемелерді 50 базистік тармаққа ұлғайтты. Сонымен қатар ЕОБ та келесі отырыста мөлшерлемені кезекті рет айтарлықтай көтеруге дайын екенін атап өтті.

Осылайша, ақшаға қатысты талаптардың көтерілу тәуекелдері аясында акциялар нарығында қайтадан құбылмалылық орын алды. Шілдеде айтарлықтай өскеннен кейін MSCI World индексі тамыздың қорытындысы бойынша 4,3%-ға төмендеді.

Тамызда мұнайдың бағасы әлемдік өнеркәсіптік өндірістің баяулау белгілері мен жетекші орталық банктердің мөлшерлемелерді одан әрі көтеру тәуекелдері аясында 12,3%-ға төмендеді. ҚХР-да өнеркәсіптік өндіріс 4,3% болады деп күткен және алдыңғы айда көрсеткіш 3,9% болған кезде ж/ж 3,8%-ға дейін баяулады. АҚШ-тағы іскерлік белсенділік 45 тармаққа дейін төмендеді (S&P US PMI). Айдың ортасында АҚШ пен Иран арасындағы ядролық мәміле бойынша уағдаластыққа қол жеткізуді күту де мұнайдың бағасына қысым көрсетті, алайда талдаушылардың бағалауы бойынша шешілмеген келіспеушіліктерге байланысты бұл сценарийдің орын алуы екіталай. Goldman Sachs есептеулері бойынша, Иран мұнайын әлемдік нарыққа қайтару ағымдағы болжам 125 АҚШ доллары болған кезде олардың 2023 жылға арналған баға бойынша болжамын 5-10 АҚШ долларына төмендетуі мүмкін.

Қыркүйектің басында мұнайдың бағасы ОПЕК+ өндіруді қазанда 100 мың баррельге төмендету туралы күтпеген шешімі аясында 95 АҚШ долларына дейін аздап өсті.

 Мұнай бағасының төмендеуіне және сыртқы теріс ахуалға қарамастан, теңге бағамы бір айда нығайды, бұл қандай жағдайға байланысты?

 Шын мәнінде, тамызда теңге бағамы 472,29 теңгеге дейін 1%-ға нығайды. Экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдері үшін шетел валютасын сатуы теңгенің айырбастау бағамының қалыпты нығаюына ықпал етті. Осылайша, ішкі факторлар валюта нарығына көбірек ықпал етті.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері ЕДБ арқылы 469,5 млн АҚШ долларын сатты. Нарықтың теңгерімділігі аясында Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Ұлттық қордан бюджетке трансфертті жүзеге асыру теңгедегі түсімдермен қамтамасыз етілді, сондықтан Ұлттық қордың валюталық активтерін сату талап етілмеді.

– Тамызда алтын-валюта активтері қалай өзгерді?

 Алдын ала деректер бойынша, айдың соңындағы жағдай бойынша АВА көлемі 32,7 млрд АҚШ долларын құрады. Тамызда біз АВА 131 млн АҚШ долларына дейін біршама төмендегенін байқадық, бұл алтын бағасы трой унциясы үшін 1712,40 АҚШ долларына дейін 2,6%-ға төмендеуіне байланысты болды. Бағалы металға баға белгілеу бұрынғысынша күтіліп отырған АҚШ ФРЖ монетарлық саясатын одан әрі қатаңдатуы аясында қысымға ұшырап отыр.

«Алтын» портфелінің едәуір дәрежеде төмендеуі ЕДБ қаражатының Ұлттық Банктегі валюталық шоттарға келіп түсуі есебінен АВА валюталық бөлігінің өсуімен теңестірілгенін атап өткен жөн.

– Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі тамызда қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?

 Алдын ала деректерге сәйкес, тамыздың қорытындысы бойынша Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 500 млн АҚШ долларына ұлғайып, 53,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 384 млрд теңге бөлінді. Трансферттердің негізгі бөлігі қорға шамамен 338 млрд теңгені құраған теңгедегі түсімдер есебінен, сондай-ақ Ұлттық қордың теңгелік шотындағы қалдық есебінен бөлінді. Осылайша, бұрын көрсетілгендей, өткен айда Ұлттық Банк Ұлттық қордың валюталық активтерін ішкі валюта нарығында сатқан жоқ. Бұл ретте қорға валюталық түсімдер тамызда 1,76 млрд АҚШ долларын құрады.   

Өткен айдың қорытындысы бойынша, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі теріс қалыптасып, (-)1 251 млн АҚШ долларын құрады. Бұған дейін атап көрсеткендей, өткен айдың қорытындысы бойынша облигациялар мен акциялар нарығының төмендеуі әлемнің жетекші орталық банктерінің ақша-кредит саясатын қатаңдатуды жалғастыруы аясында капиталдың ақша нарығы құралдарына жаһандық әкетілуіне байланысты болды. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігі құрылған кезден бастап жылдық мәнде 3,05% болады.

– Мұнайдың жағдайы не болмақ? Талдаушылардың әлемдік валюта нарығына қатысты болжамдары қандай?

 АҚШ ФРЖ басшысының Джексон-Хоул симпозиумында сөйлеген сөзінен кейін әлемдік валюта нарығында АҚШ доллары позициясының бұдан былай да нығаюы мүмкін деген болжам қалыптасты. АҚШ реттеушісі әзірге мөлшерлемелерді арттыру қарқынын төмендетудің қажеті жоқ екенін білдірді, бұл АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюын жалғастырып, дамушы нарықтардың валюталарына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Талдаушылар мұнай нарығына қатысты ортақ пікірге келе алмады. Кейбір экономистер, атап айтқанда, Goldman Sachs карантин шараларынан кейін қалпына келе бастауы және қымбаттап бара жатқан газдың орнына мұнайды пайдалану салдарынан сұраныстың ұлғаюын күтуге байланысты мұнай бағасының өсетінін күтеді. Бұл ретте, талдаушылар қазіргі динамиканы ескере отырып, жыл соңындағы бағаға қатысты өз болжамын барреліне 130 АҚШ долларынан 125 АҚШ долларына дейін біршама түзетті. Барынша пессимистік болжамдар рецессия тәуекелдері аясында барреліне 85 АҚШ доллары деңгейінде қалып отыр.

Дереккөз: Kapital.kz

Жоғарыға