1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатып, «Цифрлық теңгенің» пилоттық жобасын жүзеге асырып шықты.

Пилоттық жобаның 2021 жылғы негізгі кезеңдері

  1. Мамыр айында қоғамдық талқылауларға арналған консультативтік баяндама жарияланды.
  2. Мамыр-желтоқсан аралығында нарық қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен, мемлекеттік органдармен, сондай-ақ халықаралық серіктестермен мамандандырылған кездесулер, талқылаулар сериясы өткізілді.
  3. Маусым айында цифрлық теңгенің техникалық мүмкіндігін бағалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды.  Оның аясында платформа прототипі жүзеге асырылып, екінші деңгейлі банктер мен сыртқы қатысушыларды қосу арқылы бірқатар сценарий сынақтан өткізілді.
  4. Қыркүйек айында жаңа төлем құралдарын әзірлеудегі басымдықтар мен қажеттіліктерді нақтылау мақсатында нарыққа қатысушылармен сауалнама, сұхбаттар жүргізілді.
  5. Қараша айында Қазақстан қаржыгерлерінің XI конгресі аясында пилоттық жобаның алдын ала нәтижелері ұсынылды.
  6. Желтоқсан айында пилоттық жобаның нәтижелері туралы есеп әзірленді.

2021 жылға арналған пилоттық жобаның негізгі мақсаты – цифрлық теңге тұжырымдамасының өміршеңдігін үлестірілген тізілім технологиясы негізінде бөлшек платформаның технологиялық іске асырылуын эксперименттік растау арқылы тексеру, сондай-ақ Қазақстан үшін ОБЦВ моделінің негізгі параметрлерін барлық мүдделі тараптармен бірлесіп айқындау болды.

Пилоттық жоба аясында шығару мен таратудан бастап цифрлық теңгені пайдалана отырып сатып алулар мен аударымдарға дейін цифрлық теңгенің өмірлік циклінің негізгі сценарийлері жүзеге асырылды.

Жобаның нәтижесінде цифрлық теңге тұжырымдамасының технологиялық өткізімділігі туралы гипотезалар расталды және одан әрі дамыту үшін мәселелер мен міндеттер тізімі анықталды. Сонымен қатар, цифрлық теңгенің экономикаға, қаржылық тұрақтылыққа және ақша-кредит саясатына әсерін бағалаудың бастапқы моделі мен реттеудің ықтимал тәсілдері әзірленді.

2022 жылы шешім қабылдау моделін әзірлеу

2022 жылы Ұлттық Банк цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігінің пайдасы мен шығындарын зерттеуді жалғастырды. Платформаның технологиялық функционалдығын кеңейту және сандық экономикалық зерттеулер жүргізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қаржы нарығына қатысушыларды және басқа да мүдделі тараптарды кеңінен тарту мақсатында 2022 жылы маусымда Қазақстанда ұлттық цифрлық валютаны енгізу мәселелерін бірлесіп зерттеу үшін барлық мүдделі тараптарды біріктіретін Digital Tenge Hub коллаборативті алаңы іске қосылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Ұлттық Банк цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы ұсынылатын шешімді әзірлеу үшін және кешенді зерттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық цифрлық валютаны ықтимал енгізуден түсетін пайда мен шығасыларды айқындау мақсатында цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделін әзірледі.

Модельде халықаралық ұйымдар ұсынған құралдарды, сондай-ақ шетелдік реттеушілердің тәсілдері ескеріледі. Модельде цифрлық теңге дизайнының технологиялық іске асырылуын, әлеуетті экономикалық пайдалар мен шығындарды, жүйені реттеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ экожүйенің даму әлеуетін бағалау тұрғысынан зерттеулер қамтылған.

Модель құрылымында ОБЦВ-н енгізудің аспектілері инновациялық жобаларды бағалаудың әртүрлі құралдарын қолдана отырып зерттеледі: пилоттық жобаның көмегімен эксперименттік бағалау, экономикалық модельдеу, нарықпен талқылаулар сериясы, басқа жобалардың нәтижелерін талдау және т.б.

Көрсетілген тәсілдер қандай да бір шешімдердің негіздемелерімен, олардың түйінді қағидаттарына сәйкестігін тексерумен (атап айтқанда, болжанатын экожүйе аясында іскерлік айналымға қатысушылар арасындағы нарықтық және ынтымақтастық қағидаты) егжей-тегжейлі логикалық құрылым құруға, сондай-ақ технология, экономика, қатысушылардың өзара іс-қимылы және реттеу бөлінісінде тіршілікке қабілеттілікке таңдап алынған тәсілдерді тестілеуге бағытталған.

Модель құрылымы сұрақтар мен талдау критерийлерін төрт блокқа логикалық түрде топтастырады:

  • цифрлық теңге архитектурасының дизайнын анықтайтын негізгі параметрлер;
  • архитектурасы мен  экономикалық мәселелерді ескере отырып, цифрлық теңгенің дизайнын айқындау;
  • таңдалған цифрлық теңге дизайнының өміршеңдігін бағалау;
  • тұжырымдамалық операциялық және реттеуші модельдерді талдау.

2022 жылғы зерттеулер нәтижесі

  1. Нарық қатысушыларымен ынтымақтастықта нақты тұтынушылармен және сауда-қызметтік кәсіпорындармен цифрлық теңге платформасын тестілеу сәтті өтті. Бағдарламалану мүмкіндігін және офлайн транзакциялар тізбегін көрсетуді қоса алғанда цифрлық теңгенің бүкіл өмірлік циклі сыналды.
  2. Экономикалық модельдеу нәтижесі бойынша ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық және жалпы экономика үшін тәуекелдердің жоқтығы туралы қорытынды жасалды. Өкілдік сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 60%-ы цифрлық теңгені пайдалануға дайын екенін жеткізді.
  3. Digital Tenge Hub бірлескен алаңы іске қосылды. Оның негізінде барлық мүдделі тараппен бірқатар талқылау мен дизайн-сессиясы өткізілді. Digital Tenge Ideathon өткізілді.
  4. Цифрлық теңгені енгізудің реттеуші аспектілеріне талдау жүргізілді, экожүйені дамыту бойынша тәсілдер әзірленді.

I кезеңді 2023 жылы жүзеге асыру

2023 жылы Цифрлық теңгені енгізудің бірінші кезеңін іске асыру екінші деңгейлі банктермен және халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп ұлттық цифрлық валюта платформасын пилоттық пайдалануға енгізуді, сондай-ақ цифрлық теңгенің функционалдығына қатысты гипотезаларды тексеруге арналған зерттеулерді қамтиды. Қойылған мақсаттарға жету үшін ЦТ платформасының екі тізбегі құрылды – өнеркәсіптік және тәжірибелік («R&D контур» немесе «технологиялық құмсалғыш» деп те аталады).

2023 жылы 15 қарашада цифрлық теңге тұғырнамасын индустриялық контурда енгізудің бірінші кезеңі іске қосылды. Алматы қаласы әкімдігімен және «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп мектептерде тегін тамақтандыруға арналған «цифрлық ваучерлердің» пилоттық жобасы іске қосылды. Сонымен қатар, Халықаралық төлем жүйелерімен және 4 екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, Орталық банктегі цифрлық шотқа қосылған әлемдегі алғашқы банк карталары іске қосылды. Бұл азаматтарға Орталық банкте әлем кез келген жерінде жұмсауға, қолма-қол ақша алуға және операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Эксперименттік схемадағы жұмыстарға Digital Tenge Ideathon 2022 идеялар конкурсында жеңіске жеткен нарық қатысушыларының идеяларын тестілеу, сондай-ақ трансшекаралық төлемдерді тестілеу, ЦТ-мен қамтамасыз етілген стабилкоиндарды шығару және бағалы қағаздарды токенизациялау кіреді.

225.5 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға