1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк мектеп пен колледж мұғалімдерін қаржылық сауаттылық негіздері бойынша оқытуды жалғастырады

Халықтың қаржылық сауатын арттыруға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ұлттық Банк мектеп пен колледж мұғалімдерін қаржылық сауаттылық негіздеріне оқыту бойынша жобаны жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Оқу курсын Ұлттық Банк филиалдарында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ мен Ұлттық Банк қызметкерлері жүргізіп жатыр.

Бағдарлама ұлттық қаржы жүйесі мен оның негізгі қатысушыларын, ақша түрлерін, инвестиция негіздері мен қаржы нарығының қазіргі даму үрдістерін зерттеуге арналған негізгі модульдерден тұрады. Жекелеген модульдер өз ақшаңды қауіпсіз басқаруға, заңсыз қаржылық схемаларды танып-білуге, алаяқтық пен қаржы пирамидаларынан қорғауға және жеке деректерді қауіпсіз сақтау мәселелеріне арналған.

Оқу барысында Ұлттық Банк арнайы әзірлеген және Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқу материалдары, практикалық кейстер мен интерактивті құралдар, соның ішінде видеороликтер қолданылады. Оқыту материалдары Ұлттық Банктің интернет-ресурсында «Қаржылық сауат» бөлімінде де тұр, оны кез келген адам пайдалана алады.

2025-2026 оқу жылында еліміздің барлық аймағынан шамамен 9 мыңнан астам педагог қаржылық сауаттылық бойынша білім алды. 2026 жылғы қыркүйектен бастап 2026-2027 оқу жылы аясында тағы 10 мың математика мұғалімі мен мектеп басшылары оқытылып жатыр.

Курсты аяқтаған педагогтер алған білімін дәріс кезінде қолданады және оны қолданыстағы білім беру бағдарламалары аясында оқушылармен бөліседі. Осылайша, жоба жас өскінге қаржыға қатысты базалық білімін қалыптастыруға және өз ақшасын басқаруға жауапкершілікпен қарап үйренуге көмектеседі.

Ұлттық Банк Төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев Астанадағы «Өрлеу» орталығының орталық филиалында болғанда жобаға қатысып жатқан мұғалімдермен кездесті. Кездесу барысында ол халықтың қаржылық сауатын арттырып, өз ақшасы мен жинақтарын басқаруға үйретіп, қаржылық шешімді ақылмен саралап қабылдауға бейімдеу маңызды екенін атап өтті.

«Қаржылық сауаттылыққа неғұрлым ерте баулыса, адам соғұрлым ақшасын тиімді әрі жауапкершілікпен жұмсап үйренеді. Бұл ретте ұстаздың да атқарар рөлі ерекше. Олар өз білімін жетілдіре отырып, өскелең ұрпақтың қаржы мәдениетін көтеруге тікелей ықпал етеді», — деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.

Іс-шараның соңында Ұлттық Банк Төрағасының бірінші орынбасары Е. Жамаубаев қаржылық сауаттылық негіздері курсын сәтті аяқтаған мұғалімдерге сертификат табыс етті.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға