1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Астанада Қазақстан Ұлттық Банкінің сараптамалық-талдау клубының алтыншы отырысы өтті

Ұлттық Банк 2025 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есебін таныстырды

Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) сараптамалық-талдау пікірталас клубының алтыншы отырысын өткізді. Оған академиялық орта, қаржы нарығының өкілдері мен сарапшылар қатысты. 

Жиында Қазақстанның 2025 жылға арналған қаржылық тұрақтылық туралы есебі таныстырылды. Есепте қаржы жүйесінің тұрақтылығына әсер ететін макроэкономикалық факторлар мен жүйедегі сын-қатерді бағалау және бақылау бойынша Ұлттық Банк жүргізген аналитикалық және зерттеу жұмыстарының нәтижесі қамтылған.

2025 жылы Қазақстан Республикасының макроқаржылық ахуалы ішкі сұраныстың сақталуы аясында, жоғары инфляция қысымы мен құбылмалы сыртқы экономикалық жағдайға байланысты қалыптасты. Бұл ретте ішкі сұраныс экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болды. Жалпы, 2025 жылғы макроэкономикалық ахуал қаржы секторына айтарлықтай қолайлы болғаны Қаржылық тұрақтылық индексі көрсеткіштерінің жақсарғанынан байқалады. Макрофискалдық көрсеткіштер тұрғысынан фискалдық буфер жеткілікті деңгейде сақталып отыр. Ал Ұлттық қордың валюталық активтері 63,8 млрд доллар көлемінде он жылдық жоғары деңгейге жетті.

Дейтұрғанмен, үй шаруашылықтарының қарыз жүктемесі сияқты жекелеген макроқаржылық теңгерімсіздіктер жинақталғаны айтылады. Бұл – бақылауға келетін сын-қатер және оларды макропруденциялық әрі микропруденциялық құралдар арқылы реттеу шаралары қолға алынды.

Банк секторы тұрақтылықты сақтап келеді. Оны макроэкономикалық стресс-тест нәтижелері де растайды. Макро- және микропруденциялық саясат аясында қабылданған шаралардың арқасында бөлшек кредит берудің өсу қарқыны біртіндеп қалыпты деңгейге түсе бастады. Ипотека мен тұрғын үй қарыздарының сапасы да жоғары деңгейде сақталып отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша банк секторында біршама өтімділік қоры қалыптасты, қаржыландыру құрылымы тұрақты болды, ал валютаға қатысты сын-қатер қалыпты деңгейде қалды. 

Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов банк секторы реттеу талаптарындағы өзгерістерге, соның ішінде ақша-кредит саясаты аясында қабылданған шешімдерге бейімделгенін атап өтті. МРТ тетігін реформалауға қатысты үш кезеңнің нәтижесінде банктерде жоғары өтімді активтердің құрылымы өзгерді, бизнеске кредит беру де тоқтаған жоқ. Банк жүйесінің қаржыландырылу құрылымы теңгерімді болып, тұрақты ресурс базасы сақталды. Депозиттердің долларлану деңгейі төмендей түскендіктен, валюталық тәуекелдер де шектеулі деңгейде қалды.

Бұдан бөлек, отырыс барысында қатысушылар қаржы секторындағы өзекті мәселелер туралы мазмұнды пікір алмасып, есептің басты түйіні мен Қазақстанның қаржы секторын дамыту бағыттарын талқылады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына нөмірге хабарласып ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға