Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін тұрақты болжаммен «Baa1» деңгейінде растады
Moody’s рейтинг агенттігі Қазақстанның егемен кредит рейтингін «тұрақты» деген болжаммен «Baa1» деңгейінде растады. Мемлекет қаржысының орнықтылығы, мемлекеттік борыштың төмен деңгейі және сыртқы «шоктарға» төтеп беруге мүмкіндік беретін ауқымды халықаралық резервтер рейтингті қолдаушы негізгі фактор болды.
Агенттіктің бағалауы бойынша, Қазақстан экономикасы мұнай өндіру көлемі уақытша төмендегеніне қарамастан тұрақты өсімді сақтап отыр. Өңдеу өнеркәсібінің, құрылыстың, көліктің және басқа да шикізат емес салалар үлесінің артуы экономиканың біртіндеп әртараптанып келе жатқанын көрсетеді. Цифрлық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымға салынған инвестициялар ортамерзімді өсімге және экономика құрылымын нығайтуға қосымша жағдай жасайды.
Агенттік институционалдық, экономикалық және салық-бюджеттік реформалар дәйекті әрі тиімді іске асырылған жағдайда елдің кредиттік бейінін одан әрі жақсартуға ықпал ететінін растайды. Қаржы секторы мен капитал нарығында жүргізіліп жатқан реформалар қаржылық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Салық реформасы мен цифрлық салықтық әкімшілендіруді дамыту мұнайдан тыс кіріс базасын кеңейтуді көздейді. Агенттіктің бағалауынша, бұл шаралар бюджет тапшылығын қалыпты деңгейде сақтауға, қарыз алу қажеттілігін шектеуге және борыштық жүктемені төмен деңгейде ұстап тұруға ықпал етеді.