1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк қаржы қызметін дамыту мен технологиялық ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойды

Алматыда үшінші жыл қатарынан Central Asia Fintech Summit 2026 саммиті өтіп жатыр. Жиын реттеуші органдардың, қаржы және технология компанияларының өкілдері мен сарапшылардың басын қосты. CAFS іс-шарасын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов ашты.

Өз сөзінде ол биыл Ұлттық Банктің Ұлттық төлем корпорациясына 30 жыл толғанын атап өтті. Осы уақыт ішінде Қазақстанда заманауи төлем инфрақұрылымы қалыптасты: бүгінгі таңда бөлшек саудадағы төлемдердің 90%-дан астамы қолма-қол ақшасыз жасалады.

2024 жылдың соңынан бері Ұлттық Банк қаржы реттеушілерін цифрлық трансформациялау стратегиясын қолға алды. Ол ішкі үдерістерді цифрландырып қана қоймай, қаржы нарығын дамытуға және жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге бағытталған.

Бүгінде Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы цифрлық теңге, Антифрод-орталық, банкаралық төлем сервистері мен биометрияны сәйкестендіру секілді басқа да шешімдердің басын біріктіріп отыр.

2026 жылы осы инфрақұрылымға Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі (телефон нөмірі мен банкаралық QR арқылы жасалатын аударымдар) іске қосылды. Жүйе (19 шілдеде) іске қосылғалы шамамен 400 млрд теңгеге 20 млн транзакция жүргізілді.

Central Asia Fintech Summit аясында Ұлттық Банк қаржы қызметі мен цифрлық технология саласында жаңа жобаларды пысықтауға және ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар меморандумға қол қойды.

Ұлттық Банк, VEON компаниясы мен «КаР-Тел» ЖШС (VEON құрамындағы) төлем қызметі мен ұлттық төлем инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта VEON тобындағы компаниялардың бірінші санаттағы төлем ұйымы лицензиясын алу мәселесін пысықтау, төлем қызметін одан әрі жетілдіру және заманауи цифрлық төлем қызметін енгізу бағытындағы бірлескен жұмысты дамыту қарастырылған.

CAFS аясында Қазақстан Ұлттық Банкінің Цифрлық даму орталығы (ЦДО) мен «Alatau City Authority» арнайы басқару ұйымы (ACA) да ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар Alatau City-ді дамытуға цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиясын қолдану мүмкіндіктерін зерттеп көруге ниетті. ЦДО ақпарат жүйелерін әзірлеу, біріктіру және олардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау бағытында технологиялық серіктес болады. Ынтымақтастық аясында басты бағыттар мен жобаларды айқындап, соған сай жол картасын әзірлеу жұмыстары да жоспарға енгізілді.

Серіктестіктің тағы бір бағыты – SupTech платформасын таныстыру және оны Alatau City Authority жұмысына пайдалану мүмкіндігін бағалау. Платформа деректі талдауға және қадағалау жұмысын жүргізуге арналған цифрлық құралдарды бір жүйеге біріктіреді.

«Қазақстан Ұлттық Банкінің Цифрлық даму орталығы» АҚ – Ұлттық Банктің еншілес ұйымы. Ол цифрлық шешімдерді, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып бағдарлама әзірлеу, біріктіру және олардың жұмысына жағдай жасау бағытында жұмыс істейді.

«Alatau City Authority» арнайы басқару ұйымы (ACA) арнайы құқық режимі аясында Алатау қаласын дамытып, қызметін қамтамасыз етеді.

Central Asia Fintech Summit Ұлттық Банктің Ұлттық төлем корпорациясының ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. 2026 жылы саммитке 4 мыңнан астам қатысушы келді. Олардың арасында Қазақстан мен шет мемлекеттерден қаржы және технология саласының өкілдері, мемлекеттік орган қызметкерлері мен сарапшылар бар.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға