Макросауалнама: сарапшылар инфляция мен базалық мөлшерлеме бойынша болжамдарын жаңартты
Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.
Сарапшылар Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы бойынша болжамдарын ұсынды.
Мұнай бағасы мен экономиканың өсуі
Мұнай бағасына қатысты сценарийлік шарттар айтарлықтай өзгерген жоқ: 2026 жылға Brent маркалы мұнай бағасы бойынша күтулер біршама төмендеп, барреліне 82,7 АҚШ долларын құрады. 2027 жылға болжам барреліне 75 АҚШ доллары деңгейінде сақталса, 2028 жылға арналған болжам аздап өсіп, 73,7 АҚШ долларына дейін көтерілді.
Қазақстан экономикасының өсуіне қатысты болжам бүкіл кезеңде өзгеріссіз қалды. ЖІӨ өсімі 2026 жылы 4,8%, 2027 жылы – 4,6%, 2028 жылы – 4,3% деңгейінде күтіледі.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме
Сарапшылар 2026 жылға арналған инфляция болжамын 10% деңгейінде сақтады. 2027 жылғы болжам 7,8%-дан 8,5%-ға, 2028 жылғы болжам 6,8%-дан 7%-ға дейін өсті.
2026 жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша күтулер медианасы 16% деңгейінде сақталды. 2027 жылғы болжам 12,8%-дан 13%-ға дейін өсті, ал 2028 жылғы болжамның көрсеткіші 10,6%-дан 10,5%-ға дейін біршама төмендеді.
Сауалнамаға қатысушылардың құрамы туралы
Сауалнамаға Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерін талдап, болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты. Респонденттер қатарында нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер болды.
Айта кетейік, макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары қамтылмайды. Сауалнама нәтижесі нарықтың кәсіби қатысушыларының тәуелсіз пікірлерін, бағалаулары мен күтулерін көрсетеді.
Толығырақ – Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz