Салалық конъюнктуралық шолу: кәсіпорындар өніміне сұраныс артты, бағаның өсу қарқыны баяулады
ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің 2026 жылғы II тоқсандағы экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар арасында жүргізілген пікіртерім нәтижелеріне қатысты түсіндірмесі
2026 жылғы II тоқсанда экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар арасында жүргізілген пікіртерім нәтижелері бойынша дайын өнімге сұраныстың өскені байқалды, диффузиялық индекс (ДИ) 50,3-ті құрады.
Бұл ретте жалпы экономика бойынша дайын өнім, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны баяулады. Кәсіпорындар өнімінің баға динамикасы бойынша ДИ 58,4, ал шикізат пен материалдар бағасы бойынша 71,2 болды. Кәсіпорындар баға белгілеуге елеулі ықпал ететін факторлар ретінде шикізат пен материалдар бағасын (77,5%), сұранысты (75,2%), салықтар мен алымдарды (67,9%), еңбек шығындарын (65,5%), жанармай бағасын (56,5%), айырбастау бағамын (55,2%) және бәсекелестердің бағасын (55,2%) атады. 2026 жылғы III тоқсанда* респонденттер шикізат пен материалдар бағасының (ДИ = 65,7), сондай-ақ дайын өнім бағасының (ДИ = 55,9) өсу қарқыны баяулайды деп күтеді.
Сонымен қатар 2026 жылғы II тоқсанда кәсіпорындар несиелеудің бағалық (несие бойынша мөлшерлеме деңгейі, қосымша комиссиялар мөлшері) және бағалық емес (несиенің ең жоғары мөлшері мен мерзімі, қарыз алушының қаржылық жағдайына және қамтамасыз етуге қойылатын талаптар) шарттарын біршама жақсы бағалады.
Жалпы экономика бойынша сатудың орташа рентабельділігі (пайыздарды төлеу, салықтар және амортизация бойынша шығыстарды шегергенге дейін) 23,0%-дан 24,6%-ға дейін өсіп, тарихи орташа деңгейден (23,3%) жоғары болды.
II тоқсанда пікіртерімге 3507 кәсіпорын қатысты.
Толығырақ – Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz