1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан мен Қытай қаржыны реттеу және банк саласындағы ынтымақтастықты нығайтып келеді

Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдерінен құралған делегация 30–31 шілдеде Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Қытай Халық Банкінің Төрағасымен және басшылық өкілдерімен, Қытайдың Ұлттық қаржыны реттеу басқармасымен, Қытай банктері қауымдастығының төрағасымен, сондай-ақ ірі коммерциялық банктердің басшыларымен және CIPS компаниясының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті.

Сапар аясында Қазақстан Ұлттық Банкі мен Қытай Халық Банкі валюта свопы туралы екіжақты келісімге қол қойды. Үш жыл мерзімге жасалған келісім тараптардың өзара келісімі бойынша кейіннен ұзартылуы мүмкін.

Валюта свопы туралы келісім орталық банктерге ұлттық валюталардағы өтімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық қаржылық ынтымақтастықты нығайтып, екіжақты сауданың дамуына, инвестициялық байланыстардың кеңеюіне және өзара есеп айырысу кезінде ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануға жол ашады.

Қытай Халық Банкімен және Қытайдың Ұлттық қаржыны реттеу басқармасымен өткен келіссөздер барысында екі елдің қазіргі макроэкономикалық жағдайы, инвестициялық климат, Қазақстанның банк заңнамасындағы өзгерістер, сондай-ақ Қазақстанның юаньға байланған облигациялар шығару мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар тараптар орталық банктердің цифрлық валюталары, төлем инфрақұрылымын дамыту және банк секторын реттеу мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендерін білдірді.

Сондай-ақ сапар аясында бизнес пен халықтың трансшекаралық есеп айырысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ұлттық төлем инфрақұрылымын одан әрі дамыту туралы келісімге қол жеткізілді.

Ұлттық Банк пен Қытай Халық Банкі цифрлық теңге мен цифрлық юань арқылы есеп айырысудың пилоттық жобасын іске қосу туралы келісімге келді. Бұл сапардың басты нәтижелерінің бірі болды.

Cross-Border Interbank Payment System (CIPS) компаниясымен өткен кездесуде тараптар Ұлттық Банк, оның Ұлттық төлем корпорациясы және CIPS арасындағы Өзара ықпалдастық туралы меморандумды іске асыру жолдарын, сондай-ақ трансшекаралық төлем инфрақұрылымын дамыту, ұлттық валюталардағы есеп айырысуды кеңейту және халықаралық төлемдер саласындағы өзара байланысты нығайту мәселелерін талқылады.

Ұлттық Банктің Ұлттық төлем корпорациясы мен China UnionPay компаниясының өнімдері мен қызметтерін халықаралық деңгейде дамытуға жауапты UnionPay International (UPI) құрылымы арасында жасалған меморандумды іске асыру аясында жыл соңына дейін екі ел арасындағы QR-төлемдерді қабылдау жүйесі біріктіріледі.

Қытай банктері қауымдастығының төрағасымен және Қытайдың Өнеркәсіп және коммерция банкі, Қытай банкі, Қытайдың Ауыл шаруашылығы банкі, Қытайдың Құрылыс банкі сияқты жетекші коммерциялық банктердің басшыларымен өткен кездесулерде қытайлық қаржы институттарының инвестициялық жобаларды қаржыландыруға және борыштық құралдарды шығаруға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан делегациясы еліміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін, инвестициялық жағдайын және банк секторына қатысты заңнамадағы негізгі өзгерістерді таныстырды. Сондай-ақ Қытай банктеріне Қазақстанда еншілес ұйымдар ашу арқылы өз қызмет аясын кеңейтуді ұсынды. Алматыда Қытайдың Өнеркәсіп және коммерция банкі мен Қытай банкі жұмыс істейтінін ескере отырып, қытайлық банктердің Қазақстан экономикасын қаржыландырудағы үлесін арттыру мәселесіне баса назар аударылды.

Сонымен қатар Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы мен Қытай банктері қауымдастығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.

Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясы қытайлық серіктестерін Алатау қаласының инвестициялық жобаларын іске асыруға және қаржы экожүйесін дамытуға белсене қатысуға шақырды. Сондай-ақ цифрлық қаржы мен жасанды интеллект салаларындағы жобалар және халықаралық инвесторларды тартуға арналған жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz  
www.nationalbank.kz  

Жоғарыға