2025 жылдың II тоқсанында 5 000 астам алтын құйма сатылды
ҚР Ұлттық Банкі 2025 жылғы I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктер (бұдан әрі – ЕДБ) мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттеріне жалпы салмағы 64,3 кг болатын 5 506 өлшемелі құйма сатты.
II тоқсанда өлшемелі құймалар көп сатылған өңірлері: Алматы (4 084 дана, 74%), Жамбыл облысы (300 дана, 5%) және Шымкент (200 дана, 4%).
Халыққа арналған өлшемелі құймаларды сатып алу және сату Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі арқылы, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пункттерінде қолжетімді.

Осылайша, 2025 жылдың II тоқсанында ЕДБ мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттері кері сатып алуды ескергенде, халыққа жалпы салмағы 79,3 кг болатын 4 008 өлшемелі құйма сатты. Бағдарлама іске қосылғалы сатылған құймалардың жалпы саны – 237 772, ал олардың жалпы салмағы – 8,2 тонна.
Халық арасында сұранысқа ие құйманың салмағы 10 г. Оның жалпы сату көлеміндегі үлесі 26% – 61 209 дананы құрайды. Одан кейінгісі 5 грамдық құйма, сатылғаны – 53 142 дана (22%), 100 грамдық құймадан – 48 634 дана (20%), 20 грамдықтан – 44 209 дана (19%) және 50 грамдық құймадан – 30 578 дана (13%).
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.
Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77- 52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz