1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Сауалнама: сарапшылар инфляция деңгейіне болжам жасап, 2026 жылға дейінгі негізгі макрокөрсеткіштерді бағалады

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Brent маркалы мұнайдың бағасы, жалпы ішкі өнім, тұтыну бағаларының индексі, базалық мөлшерлеме, тауарлардың, қызметтердің экспорты мен импорты және ұлттық валюта бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды. Сарапшылар Қазақстан экономикасының өсуі және 2024-2025 жылдарға арналған мұнай бағасы бойынша күтулерді сақтап қалды, бұл ретте басқа параметрлерге қатысты болжамдар біршама өзгерді.

Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 12 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банктің болжамдары кірмейтінін атап өткен жөн. Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуы жайында нарықтың кәсіби қатысушыларының тәуелсіз пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу қамтылған.

Биыл ақпан айында мұнай бағасына қатысты сценарий шарттары айтарлықтай өзгерген жоқ. Респонденттердің орташа күтулеріне сүйенсек, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 80,5 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады. 2025 және 2026 жылдарға негізделген күтулер өзгеріссіз қалды.

Қазақстан экономикасының 2024 және 2025 жылдарға арналған өсімі бойынша бағалау тиісінше 4,5% және 5% деңгейінде сақталды. 2026 жылға болжам 4,2%-дан 4,5%-ға дейін жақсарды.

Талдаушылар 2024 жылы инфляцияның барынша жоғары деңгейін күтеді. Бұл – болжамдарды 7,5%-дан 8,5%-ға дейін көтеру жағына қайта қаралғанын білдіреді. Ал, 2025 жылға арналған инфляциялық бағалаулар 6,9%-дан 6,5%-ға дейін төмендетілді. Болжам жасайтын аралықтың соңына қарай респонденттер 5%-дық мақсат кезінде инфляция 5,7%-ға дейін баяулайды деп күтеді.

Инфляция бойынша берілген бағалардың өзгеруіне ілесе отырып, талдаушылардың 2024 жылға арналған базалық мөлшерлеме деңгейіне қатысты күтулері де қайта қаралды. Ол 13,5%-дан 13,8%-ға дейін өскенін көрсетті. 2025 және 2026 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме бойынша болжамдардың медианалық мәні тиісінше 10,5% және 9% құрады.

Толығырақ: nationalbank.kz/kz/news/macrosurvey/rubrics/2191

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына нөмірге хабарласып ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға