1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Базалық мөлшерлемені 16,75% төмендету туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Жылдық инфляция тоғыз ай бойы төмендеп, мамырдағы 10,4%-дан маусым айында 10,3% болды. Азық-түлік инфляциясы 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,7% деңгейінде сақталды. Реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының жылдық төмендеуі кезінде реттелмейтін қызметтердің қымбаттауы аясында қызметтер инфляциясы 9,0% (мамырда – 8,7%) көрсетті.

Айлық инфляция маусым айында 0,8%, ал базалық инфляцияның маусымдық факторлар ескерілмеген бағалау медианасы 0,9% болды. Қазіргі динамика дезинфляциялық импульстің әлсірегенін көрсетуі мүмкін, алайда инфляцияның динамикасында байқалатын үрдістер кейінгі деректермен расталуды қажет етеді.

Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі маусым айында 13,4% (12,7%) болды. Бұл ретте нарықтың кәсіби қатысушыларының 2026 жылға болжамы 10,0% деңгейінде тұрақты түрде сақталды. Ал 2027 жылға күтулер төмендеу бағытында қайта қаралып, 7,8%-ды құрады.

Сыртқы секторда белгісіздік әлі сақталып тұр. Таяу Шығыстағы қақтығыстың қайтадан ушығуы энергия ресурстарының бағасын өсірді. Әлемдік азық-түлік бағасы әртүрлі бағытта қалыптасып отыр. Жоғары сұраныс пен шектеулі ұсыныстың аясында өсімдік майы мен ет қымбаттайды, ал дәнді дақылдар бағасы егін бітік шығады деген болжамның жақсаруына байланысты төмендейді деп күтіледі.

Ресейде инфляция қарқын алып тұр. Осыған байланысты Ресей Банкі проинфляциялық тәуекелдердің күшейгенін алға тартып, негізгі мөлшерлемені одан әрі төмендетуге сақтық танытып отыр. Еуроаймақта энергия көздерінің бағасы өседі деген болжам келешек инфляцияға қатысты күтулерді нашарлатты. Ал АҚШ-та инфляция нысаналы деңгейден жоғары күйінде қалды. Маусым айында ЕОБ негізгі мөлшерлемелерді көтеріп, 2023 жылдан бері алғаш рет ақша-кредит саясатын қатаңдатуға көшті. ФРЖ мөлшерлемені өзгеріссіз сақтап, бұдан кейінгі шешімдердің келіп түсетін деректерге және тәуекелдер теңгерімінің өзгеруіне байланысты болатынын атап өтті. Бұл жаһандық монетарлық шарттар мейлінше ұзақ уақыт бойы қатаң сақталатынын көрсетеді.

Экономикалық белсенділік артып келеді. 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ЖІӨ 4,1%-ға өсті. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, өсім шамамен – 5,3%. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласында жоғары қарқын сақталуда. Инвестициялар 9,6%-ға дейін жеделдеді. Бюджет қаражатын есепке алмағанда, шикізатқа жатпайтын секторға инвестициялардың өсуі 28,9% болды.

Тұтынушылық сұраныста оң динамика сақталып отыр. Бұл ретте халықтың нақты кірісінің қалыпты өсуі және тұтынушылық кредиттеудің баяулауы тұтынушылық белсенділіктің қалыпты деңгейде сақталуына ықпал етті деп айтуға болады.

Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық бағытта қалыптасып отыр. Сонымен қатар ағымдағы ақша-кредит шарттарының қатаңдығы, бұрын қабылданған шешімдердің кейінгі әсерлері және айырбас бағамының динамикасы тежеуші ықпал етіп отыр. Ең төменгі резервтік талаптардың артуы, айналау операциялары және тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша қабылданған шаралар да дезинфляцияға әсер етіп тұр.

Бұдан бөлек, инфляциялық қысымды барынша азайту мақсатында Ұлттық Банк пен Үкімет «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп квазифискалдық ынталандырудың келісілген параметрлерін әзірледі. Бұл параметрлер банк өтімділігін барынша тарта отырып, қаржыландыруды негізінен инвестициялық жобаларға бағыттауға және ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға ықпал ететін ірі (құны 15 млрд теңгеден асатын) және стратегиялық жобаларға қолдауды шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осылайша, қолдаудың бұл түрі қазіргі тұтынушылық сұранысқа шектеулі түрде ықпал ете отырып, ұсынысты кеңейтуге бағытталады.

Негізгі проинфляциялық тәуекелдер жоғары және құбылмалы инфляциялық күтулерге, жанар-жағармай бағасы мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің кейінгі серпініне, тұтынушылық белсенділіктің ықтимал күшеюіне, сондай-ақ сыртқы инфляцияның жеделдеуіне байланысты.

Қабылданған шешім жылдық инфляцияның төмендеу үрдісін ескереді және ақша-кредит шарттарының қатаңдық дәрежесін соған сай түзетуге мүмкіндік береді.

Шешім фискалдық шоғырландыруды жүйелі түрде іске асыру, бюджеттің, Ұлттық қордан берілетін трансферттердің бекітілген параметрлерінің және квазимемлекеттік ынталандыру көлемдерінің сақталуы туралы алғышартқа негізделген. Іс жүзіндегі параметрлердің мәлімделген бағдардан айтарлықтай ауытқуы тәуекелдер теңгерімі мен базалық мөлшерлеменің траекториясын бағалауды қайта қарауға негіз болады.

Келесі шешімдерді қабылдау үшін ағымдағы инфляция динамикасының орнықтылығы, реттелетін тарифтерді индекстеу параметрлері, сыртқы отын және тауарлар нарығындағы ахуалдың дамуы туралы деректерді жинақтау қажет. Ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын дәйекті түрде сақтау инфляцияның одан әрі төмендеуіне және ортамерзімді перспективада мақсатты 5%-ға оралуына ықпал етеді.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің алдын ала айқындалған траекториясын белгілемейді және инфляция динамикасы болжамға іс жүзінде сәйкес келуіне байланысты шешімдер бағытында өзгеріс те, кідіріс те болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 4 қыркүйекте Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz  
www.nationalbank.kz

627.92 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға