1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі, 2026 жылғы 4 қыркүйек

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн.

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,25%-ке дейін, яғни 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Шешім болжам раунды нәтижелеріне негізделді. Комитет қазіргі макроэкономикалық жағдайға, ақша-кредит шарттарына, деректер мен тәуекелдер балансына кешенді талдау жүргізді.

Тамыз айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция қарқыны 11 ай қатарынан төмендеп, 9,8%-ке дейін бір таңбалы мәнге жетті. Бұған жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және инфляцияға қарсы Үкіметпен бірлесе қабылдаған шаралар әсер етті.

Дегенмен тәуекелдер балансы проинфляциялық аймақта сақталып отыр. Осыған байланысты ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары әрі қарай сақталғаны жөн.

Ұлттық Банктің басты міндеті өзгеріссіз қалады – инфляцияның орнықты төмендеуін қамтамасыз етіп, оны орта мерзімде 5% нысаналы деңгейде тұрақтандыру

Енді шешімге түрткі болған факторларға тоқталайын.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Тамызда жылдық инфляция 9,8%-ке дейін айтарлықтай төмендеп, бір мәнді көрсеткішке жетті.

Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ке баяулады. Бұған көкөніс пен жеміс-жидек бағасының арзандағаны және импорт тауарлары құнының төмендегені себеп болды.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының өсу қарқыны теңге бағамының нығаюына байланысты 11,4%-ке баяулады, алайда тұрақты сұраныс пен жанар-жағармайдың қымбаттауын баяулатуға кедергі келтіріп тұр. Жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты мен қолайлы мұнай бағасының қолдауымен теңгенің нығаюы импорт құнын төмендету арқылы айтарлықтай дезинфляциялық әсер етіп отыр.

Сервистік инфляция реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны баяулауынан 8,9%-ке дейін бәсеңдеді. Коммуналдық қызметтер инфляциясы сервистік инфляцияны тежеп тұр.

Тамызда жалпы инфляцияның бір айдағы өсімі 0,6% деңгейінде сақталды. Базалық инфляцияның көрсеткіштері шілдемен салыстырғанда 0,7% деңгейін сақтап, маусымдық факторлардан тазартылған инфляциян көрсеткіштері 0,9% болды.

Инфляция бойынша халық күтулерінің төмендеуі жағымды үрдіс болды. Шілдеде бір жылдық кезеңге арналған күтулер 13,4%-тен 12,1%-ке дейін айтарлықтай төмендеді. Бұл көрсеткіштің төмендеуі қосылған құн салығының өсуіне және коммуналдық қызмет тарифтері мен азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты алаңдаушылықтың сейілгеніне байланысты. Бұл жағдай жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты мен инфляцияны төмендетуге бағытталған шараларға деген сенімнің артқанын білдіреді.

Осы жылы инфляция бойынша кәсіби қатысушылардың күтулері өзгерген жоқ – 10%.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР

2026 жылғы қаңтар-шілде айларында ішкі жалпы өнім өсіп, ж/ж 4,1% болды. Өсім мұнайға жатпайтын сектордың оң динамикасына негізделді. Тау-кен өндіру секторын қоспағанда, жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,4% деңгейінде бағаланып отыр.

Жоғары өсу қарқыны құрылыста, өңдеу өнеркәсібінде, көлік пен қоймада сақтауда байқалады. Сауда, ауыл шаруашылығы және байланыс секторларында қалыпты динамика бар.

Ішкі сұраныс тұрақты. Ол бөлшек сауданың оң динамикасынан және қызметтерге сұраныстың өсуінен көрінеді. 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында бөлшек сауданың өсімі нақты мәнде ж/ж 4,1% болды.

Тұтынушылық кредиттеу теңгерімді динамиканы көрсетіп, шілдеде жылдық өсім 11,3%, оның ішінде кепілсіз тұтыну кредиттері бойынша 8,2% болды.

Инвестициялық белсенділік өсу қарқынын сақтап тұр. Негізгі капиталға инвестициялар қаңтар-шілде айларында ж/ж 7,7%-ке өсті. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген инвестицияларды есепке алмағанда, өсім ж/ж 19% болды. Оның ішінде экономиканың шикізат емес секторындағы өсім – ж/ж 25%. Инвестицияның өсуіне көп үлес қосқан секторлар: өңдеу өнеркәсібі, электр және газбен жабдықтау, тұру және тамақтану қызметтері, сондай-ақ ақпарат пен байланыс саласы.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ОРТА ФАКТОРЛАРЫ.

Сыртқы инфляциялық қысым әлі де бар. Әлемдегі геосаяси шиеленіс әлемдік азық-түлік бағасына әсер етіп тұр. Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі энергия бағасын өсіру арқылы дамыған елдерде инфляциялық қысымды күшейтті. Соған байланысты осы елдердің орталық банктері өз саясатына сақ немесе күшейте бастады. 

Азық-түліктің әлемдік бағасы әлі де жоғары. Бұл көбіне дәнді дақылдардың, қант пен өсімдік майының қымбаттауына байланысты. Ет пен сүт өнімдерінің баға индекстері төмендегендіктен өсу қарқынын тежеп тұр.

Шілдеде Ресейдегі инфляция 6%-ке дейін жеделдеді. Бағаның өсуі біржолғы факторларға байланысты болғандықтан, шілдеде Ресей Федерациясының Орталық банкі негізгі мөлшерлемені 14%-ке дейін төмендетті. Ынталандырушы бюджеттік саясатқа байланысты реттеушінің болашақ шешімдерге қатысты риторикасы қатаңдады.

Шілдеде Еуроодақтағы инфляция энергия қымбаттағасын 3%-ке дейін жеделдеді. Еуропа орталық банкі мөлшерлемелерді өзгеріссіз сақтап, шешімдердің жоғары белгісіздік жағдайында қабылданып отырғанын атап өтті. Нарыққа қатысушылар мөлшерлемелер 2027 жылдың басына қарай екі рет өседі деп болжайды.

АҚШ-та баға өсімі баяулап, шілдеде 3,4% болды. Федералды резервтік жүйе қатаң риториканы ұстанып отыр: инфляция 2%-тік мақсаттан жоғары күйінде қалды, ал орнықты экономикалық белсенділік пен тұрақты еңбек нарығы шектеулі қатаң ақша-кредит шарттарының сақталуын қажет етеді. Федералды резервтік жүйе тұрақты инфляциялық қысым жағдайында саясатты қосымша қатаңдатуға дайын екенін мәлімдеді.

Мұнай нарығындағы жағдай белгісіз күйінде қалып отыр. 2026 жылдың базалық сценарийі бойынша мұнай бағасына қатысты болжам: 2026 жылы барреліне 89 АҚШ доллары, 2027 жылы барреліне 75 АҚШ доллары және 2028 жылы барреліне 65 АҚШ доллары деңгейінде сақталды.

* * *

Енді болжамдарға тоқталайын.

2026 жылға арналған инфляция болжамы 9-11% деңгейінде сақталды. Ал 2027 жылы 6,5-8,5%-ке дейін көтерілді. Бұл сыртқы инфляцияның өсуіне, реттелетін баға алғышарттарын қайта қарауға және Үкіметтің алдыңғы Әлеуметтік-экономикалық даму болжамымен салыстырғанда фискалдық ынталандырудың ұлғаюына байланысты.

Сонымен қатар, бұған негізгі сауда-серіктесіміз – Ресейде инфляцияның мақсатты деңгейге мейлінше баяу оралуы да өз әсерін тигізеді.

Ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты инфляциялық қысымды тежеп, бағаны одан әрі баяулатуға ықпал етеді.

2028 жылы бағаның өсуі 5%-тік мақсатқа жақын тұрақтанады.

Болжам тәуекелдері күрделі геосаяси жағдай кезінде азық-түлік пен энергияның әлемдік бағасы өсуіне байланысты. Тәуекелдің ішкі факторлары – инвестициялық сұраныстың өсуі салдарынан сұраныс пен ұсыныс арасындағы ықтимал теңгерімсіздік, тұрақсыз инфляциялық күтулер, фискалдық тәртіп, сондай-ақ коммуналдық қызметтер тарифі мен жанар-жағармай бағасына қатысты реформалардың іске асуы.

2026 және 2027 жылдарға арналған болжам өзгеріске ұшырады. Экономикалық белсенділік жоғары инвестициялық белсенділіктің негізінде, оның ішінде мемлекеттік ынталандыру бағдарламаларын іске асыру және тұрақты тұтынушылық сұраныс аясында одан әрі жалғасады. 2027 жылы жөндеу жұмыстарының 2026 жылдан 2027 жылға ауыстырылуына байланысты ТШО-да мұнай өндіру динамикасының бәсеңдеуі фискалдық ынталандырудың күшеюін ішінара теңестіреді.

Ұлттық қордан қосымша трансферттер бөлінеді деп жоспарланғандықтан, 2028 жылға арналған болжам 4-5%-ке дейін жақсарды. Бұл өз кезегінде ішкі сұраныс пен өндірістің артуына әкеледі деп күтіледі. Сондай-ақ бұрынғы болжаммен салыстырғанда мұнай өндіру көлемі айтарлықтай өседі деп болжап отырмыз.

* * *

Құрметті журналистер!

Инфляцияны бір таңбалы мәнге дейін төмендету –  маңызды нәтиже. Бұл жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының, базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде ұстап тұру кезеңіндегі жинақталған қатаңдықтың, сондай-ақ Үкіметпен бірлесе қабылдаған шаралардың өз нәтижесін беріп жатқанын және экономиканың біртіндеп дезинфляциялық бағытқа қайта оралғанын көрсетеді.

Дегенмен, бұл деңгейді соңғы нәтиже деп қабылдауға да болмайды. Проинфляциялық тәуекелдер экономикада, сол сияқты сыртқы ортада да сақталып отыр. Сондықтан нәтижені бекітіп, инфляцияны одан әрі төмендетуге жағдай жасау қажет.

Мақсатымыз – инфляцияны тек 10%-тен төмен түсірумен шектелу емес. Басты міндет – 2028 жылы 5% маңайында орнықты әрі тұрақты инфляция деңгейін қалыптастыру. Оған қол жеткізу үшін ақша-кредит саясатының қалыпты қатаңдығын сақтау, тәуекелдер балансын жіті бақылау және шарттардың өзгеруіне қарай жедел әрекет етуге дайын болу қажет.

Бүгінгі динамика оптимизмге сүйеніп, сақтық шараларын тоқтатпау қажеттілігіне негізделеді.

Проинфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшеюі кезінде мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі. Кейінгі қабылданатын шешімдерде Комитет фискалдық және квазифискалдық саясатты іске асырудың және реттелетін бағалардың әсері мен олардың қайталама ықпалын мұқият бағалайтын болады.

Бұдан кейінгі шешімдер жинақталатын деректерге және тәуекелдер балансын бағалауға сүйене отырып қабылданады.

Пайыздық саясаттан бөлек, артық өтімділікті қысқартуға бағытталған инфляцияға қарсы қосымша құралдарды қолдану үрдісі жалғасады. Биыл қыркүйек айынан бастап ең төменгі резервтік талаптар соңғы 3-ші кезең аясында арта түсті. Соның нәтижесінде резервтердің 4,3 трлн теңгеге дейін өсуін күтеміз. Осылайша, бүгінгі таңда біз өз құралдарымыз арқылы ақша нарығынан 7 трлн теңгеге дейінгі бос өтімділікті тартып отырмыз.

Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу – біздің басты міндетіміз болып қала береді. Төмен әрі болжамды инфляция экономикалық дамудың, инвестициялық циклдің және халықтың әл-ауқатының маңызды шарты болып қалады.

Назарларыңызға рақмет!

Жоғарыға