Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі, 2026 жылғы 24 шілде
Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Құрметті журналистер!
Қайырлы күн.
Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық ставканы 16,75%-ке дейін, яғни 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.
Шешім инфляция динамикасын, оның факторларын және тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданды.
Жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан баяулап, базалық ставка деңгейін пропорционалды төмендетуге жағдай жасады.
Инфляциялық қысымды төмендетуге ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкімет пен Ұлттық Банктің инфляцияға қарсы басқа да шаралары ықпал етті.
Сөйте тұра, инфляцияның біраз төмендегеніне қарамастан, бағаны өсіретін компоненттер қарқын алды. Ал инфляциялық күтулер жеткілікті шамада жоғары күйінде қалып отыр. Бұл инфляциялық тәуекелдердің сақталғанын көрсетіп, ақша-кредит саясатын жеңілдету үшін байыпты тәсілдерді қажет етеді.
Бүгінгі қабылданған шешім 5%-тік мақсатқа орнықты түрде жетуге қажет ақша-кредит саясатының ұстамды қатаң қалпын сақтай отырып, оны пропорционалды түзетуді көрсетеді.
БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.
Маусымда жылдық инфляция мамырдағы 10,4%-тен 10,3%-ке дейін төмендеді.
Азық-түлік инфляциясы маусымда 10,4%-ке дейін төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 3 ай бойы өзгеріссіз күйінде қалып отыр. Біздің пайымдауымызша, бұған себеп болуы мүмкін фактордың бірі – халықтың жеткіліктілік шегі өспей тұрып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарын алуы.
Сонымен қатар, теңге бағамының нығаюы, әсіресе, импортталатын тауарлар бағасына дезинфляция тұрғысында ықпал етіп отыр.
Сервистік инфляция реттелмейтін қызметтердің қымбаттауынан маусымда 9%-ке көтерілді.
Айлық инфляция маусымда біршама өсті. Бұған, ең алдымен, көкөніс бағасының қымбаттауы мен азық-түлікке жатпайтын кейбір тауарларға деген сұраныстың артуы сияқты жекелеген факторлар әсер етті. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіші тиісінше 0,9% бен 1%-ды құрап, қарқынын күшейте түсті. Бұл экономикада баға өсімінің әлі де сақталып отырғанын және инфляцияны ауыздықтау процесі басталғанымен, ол әлі тұрақтала қоймағанын көрсетеді. Осыған байланысты ақша-кредит саясатын жұмсарту қадамы жан-жақты таразыланып, байыпты жүргізіліп отыр.
Бензин бағасының күрт қымбаттау қаупі де бар. Бұл фактордың әсері тек инфляцияға тікелей тигізер үлесімен ғана шектелмейді. Өйткені жанар-жағармай құнының өсуі тасымал мен өндіріс шығындарын арттыратыны анық.
Халықтың инфляциялық күтулері 13,4% болды. Респонденттер арасында жанар-жағармай мен коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне қатысты алаңдаушылық әлі де бар. Сонымен қатар, күтілетін инфляция факторларының арасында азық-түлік бағасы мен ҚҚС (қосымша құн салығы) факторы жиі айтылады.
Сонымен бірге, 2026 жылға арналған инфляция бойынша кәсіби қатысушылардың күтулері өзгеріссіз қалды – 10%. Ал 2027 жылға олар төмендеу жағына қайта қаралды.
ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР
Экономикалық белсенділік артып келеді. Биылғы қаңтар-маусым айларында жалпы ішкі өнім 4,1%-ке өсті. Тау-кен өндіру өнеркәсібінен бөлек өсу қарқыны шамамен – 5,3%.
Жоғары өсу қарқыны құрылыста, өңдеу өнеркәсібінде, көлікте және саудада байқалады. Сонымен қатар, мұнай өндіру жыл басындағы төмендеуден кейін айлық оң динамиканы көрсетіп, экономикалық өсудің жалпы қарқынын қалпына келтіре бастады.
Іскерлік белсенділікке негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі оң динамика көрсетіп отыр. Қаңтар-маусымда олар 9,6%-ке өсті. Негізгі үлесті шикізатқа жатпайтын сектор, яғни өңдеу өнеркәсібі, электр және газбен жабдықтау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен көлік салалары қамтамасыз етіп отыр.
Ішкі сұраныс бойынша да оң динамика сақталып отыр. Бұл бөлшек сауданың тез өсуіне (маусымда ж/ж 4,8%) және тұрғын үй нарығындағы белсенділіктің артуына байланысты. Халықтың нақты табысының тұрақтала бастауы да сұранысқа қосымша деп беріп отыр.
Тұтынушылық кредиттеуде теңгерімді динамика бар: маусым айында өсім 13%, оның ішінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша 9,4% болды.
Іскерлік белсенділік үдеген сайын ішкі сұраныстың өсуі экономиканың ұсынысты арттыру мүмкіндігінен асып түсу қаупі арта түседі. Мұндайда жағдайда мұқият бақылауға алу қажет.
ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ОРТА ФАКТОРЛАРЫ.
Сыртқы ортада белгісіздік жоғары деңгейде сақталып отыр. Таяу Шығыстағы қақтығыстың қайта күшеюі тауар мен қаржы нарығында құбылмалылыққа әсер етіп, әлемдегі инфляциялық қысымды күшейтуде. Осыған байланысты жетекші орталық банктер ақша-кредит саясатын жүргізуде сақтық шараларын қолданады.
Әлемдік азық-түлік бағасы әртүрлі бағытта қалыптасып отыр. Өсімдік майы мен ет қымбаттап жатса, астық бағасы мол өнім күтілуіне байланысты төмендеп келеді.
Ресейде маусымда инфляция көкөністің қымбаттауы мен жанар-жағармай бағасының өсуі салдарынан 6%-ке жеделдеді. Осыған байланысты Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені бұдан әрі төмендету кезінде байыпты тәсілді сақтайды.
Еуроодақта маусымда инфляция біршама баяулағанына қарамастан, әлі де таргеттен жоғары. Еуропа Орталық Банкі 2023 жылдан бері алғаш рет ақша-кредит саясатын қатаңдатып, мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтерді. Ол осы жағдайды Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан проинфляциялық қысымның күшеюі ретінде атап өтті.
АҚШ-та бағаның өсуі мамыр айындағы 4,2%-ке қарсы 3,5%-ке біршама баяулады. Федералды резервтік жүйе мөлшерлемені өзгеріссіз сақтап қалды. Бұдан кейінгі шешімдер алынатын деректерге және тәуекел балансының өзгерістеріне байланысты болатынын атап өтті.
Мұнай нарығындағы жағдай белгісіз күйінде қалып отыр. Brent маркалы мұнай бағасы 1 баррель үшін 100 доллар шамасында қалыптасып жатыр.
***
Құрметті журналистер!
Инфляция үшін тәуекелдер балансы әлі де проинфляциялық бағытқа ығысқан. Оған себеп негізгі тәуекелдер – ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсетін тұтынушылық белсенділік және жоғары инфляциялық күтулер.
Инфляцияның динамикасы дезинфляция процесінің сақталғанын көрсетеді. Алайда оның қарқыны баяулап келеді. Жылдық инфляцияның төмендеуі Ұлттық Банкке ақша-кредит шарттарын қалыпты қатаң аймақта сақтай отырып, базалық мөлшерлемені пропорционалды төмендетуге мүмкіндік берді.
Базалық мөлшерлемеге қатысты бұдан кейінгі шешімдер алдын ала болжауға келмейді және алынатын деректер негізінде қабылданады. Біз жалпы және базалық инфляцияның, инфляциялық күтулердің, ішкі сұраныстың динамикасын, жанар-жағармай мен басқа да тауарлар нарығындағы ахуалды, сондай-ақ фискалдық және квазифискалдық ынталандыру ауқымын бағалау жұмысын жалғастырамыз.
Ұлттық Банк шешім қабылдау кезінде республикалық бюджеттің, Ұлттық қордың бекітілген параметрлерін және квазимемлекеттік ынталандыру көлемдерін басшылыққа алатынын ерекше атап өткім келеді. Ол параметрлер айтарлықтай өзгерген жағдайда, Ұлттық Банк олардың ықпалын міндетті түрде ескеріп, ақша-кредит саясатын тиісінше түзетеді.
«Бәйтерек» холдингі бағдарламасының бағыты бойынша Үкіметпен бірлесіп квазимемлекеттік ынталандырудың инфляцияға әсерін барынша азайтып, экономиканы қолдау мақсатында оны пайдаланудың келісілген тәсілдері әзірленді. Осыған байланысты мынадай шарттар айқындалды:
- қолдау банк өтімділігін тарта отырып, мультипликативтік әсері жоғары, ірі жобалардың (15 млрд теңгеден асатын) шектеулі санына шоғырландырылады;
- холдингтің қолдауы инвестициялық жобаларға шоғырландырылады, ал айналым капиталын қаржыландыруды екінші деңгейлі банктер жүзеге асырады.
- жобаларды іріктеу және басымдық беру ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға бағытталады.
Осылайша, квазимемлекеттік ынталандыруды іске асырудың параметрлері мен тетіктеріне қатысты белгісіздік төмендеді деп айтқан дұрыс. Қалыптастырылған тәсілдер директорлар кеңесінің тиісті шешімдері арқылы іске асырылады.
Ұлттық Банк пайыздық саясаттан бөлек артық өтімділікті шектейтін және базалық мөлшерлеменің қолданысын күшейтетін қосымша құралдарды да пайдаланады. Оған минималды резервтік талаптарды арттырудың қорытынды кезеңі мен теңестіру операциялары да жатады.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық Банкке биыл инфляцияны бір таңбалы мәнге төмендетуді тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты Үкiметпен бiрлесiп Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөнiндегi бiрлескен iс-қимыл бағдарламасын iске асырамыз. Қабылданатын шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда оларды түзетуге де назар аударамыз.
Біздің негізгі міндет – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны 5%-ке жеткізу. Төмен әрі болжамды инфляция – экономикалық дамудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың түйінді шарты.
Назарларыңызға рақмет!