1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк өкілдері базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімді талқылау үшін сарапшылармен кездесті

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен ақша-кредит саясатының (бұдан ары – АКС) қазіргі шарттары мен базалық мөлшерлеме бойынша 2026 жылғы 5 маусымда қабылданған шешімнің қорытындысына арналған кездесу өткізді. Жиынға қатысушылар алдағы уақытта баға тұрақтылығына ықпал ететін факторларды, инфляция динамикасы мен валюта нарығындағы ахуалды талқылады.

Іс-шараға экономистер, қаржы сарапшылары мен макроэкономикалық болжаммен айналысатын мамандар қатысты. Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің мүшелері мен салалық департаменттердің басшылары баяндама жасады.

Спикерлер базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдаған кезде ескерілген негізгі факторларға тоқталды. Презентация аясында сыртқы макроэкономикалық жағдай, экономиканың жай-күйі, төлем балансының негізгі үрдістері мен олардың инфляциялық болжамдарға және макроэкономикалық даму бағытына ықпалы қаралды.

5 маусымда Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 17,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім мамыр айындағы болжамды раундтың нәтижелеріне, жаңартылған макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляциялық сын-қатерді бағалаудан алынған деректерге негізделді. Базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті бекіткен кестеге сәйкес жарияланады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға