Ұлттық Банк іскерлік белсенділікті талдауға арналған жаңа интерактивті құралын іске қосты
ІБИ экономикадағы ағымдағы үрдістер мен негізгі 5 сектордың динамикасын көрсететін басты индикаторлардың бірі саналады
Ұлттық Банк аналитикалық ақпараттың қолжетімділігін арттыру мен оны пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Іскерлік белсенділік индексі (ІБИ) мен Бизнес-ахуал индексі (БАИ) бойынша ай сайынғы деректерді ұсыну форматын жетілдірді.
Іскерлік белсенділік индексі экономика мен оның жекелеген секторларында ағымдағы үрдістерді көрсететін негізгі жедел индикаторлардың бірі саналады. Индекс нақты сектордағы 550-ден астам кәсіпорын арасында ай сайын жүргізілетін сауалнама нәтижесіне сай есептеледі және іскерлік ахуалдың, экономикалық белсенділіктің және бизнеске қатысты күтулердегі өзгерісті дер кезінде бағалауға мүмкіндік береді. Сауалнама нәтижелері 2016 жылдың соңынан бастап экономиканың және оның 5 секторы: өндіріс, қызмет көрсету, құрылыс, тау-кен өндіру өнеркәсібі және сауда саласында аналитикалық бағалаулар алу үшін пайдаланылады.
Qlik Sense платформасында әзірленген жаңа интерактивті визуализация құралы ұсынылатын деректерді талдау мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді. Енді пайдаланушылар деректерді өз қалауынша іріктеп, әртүрлі сүзгілерді үйлестіре алады, өздеріне қажет бағыттар бойынша диаграмма құрып, көрсеткіштерді кез келген уақыт аралығында талдай алады. Сонымен қатар, нәтижелерді тек экономикадағы секторлар бөлінісінде ғана емес, кәсіпорындардың ауқымына қарай – ірі, орта және шағын кәсіпорындар деп бөліп қарауға мүмкіндік бар. Бұл респонденттердің жекелеген топтары бойынша іскерлік белсенділік динамикасы мен бизнестің көңіл-күйін әлдеқайда егжей-тегжейлі зерделеуге жол ашады.
Құрал таңдалған параметрлерге сәйкес деректерді Excel форматында жүктеп алуға да мүмкіндік береді.
Жаңартылған деректер өнімі Ашық деректер репозиторийінің бета-нұсқасындағы «Сараптау»бөлімінде қолжетімді: https://data.nationalbank.kz/qlik
Толығырақ – Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz