Экономикалық даму және бизнес жүргізу шарттары: ҰКП-да бизнес-қауымдастықтың Ұлттық Банк өкілдерімен кездесуі өтті
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында экономикадағы қазіргі үрдістер мен бизнес жүргізу шарттарын талқылау үшін бизнес-қауымдастықтың Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) өкілдерімен кездесуі өтті.
Ашық әрі конструктивті форматта өткен іс-шарада қатысушылар экономикалық дамуға және бизнес жүргізу шарттарына қатысты өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Жиын басында ҚҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов сөз алып, экономикадағы ағымдағы процестерді тереңірек түсініп, іскерлік белсенділік пен инфляциялық процестерге әсер ететін факторларды талқылау үшін бизнес-қауымдастықпен тікелей диалог орнату маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында бизнес-қауымдастық өкілдеріне реттеуші тоқсан сайын жариялайтын конъюнктуралық шолу нәтижелері таныстырылды. Қатысушыларға бизнестің қазіргі экономикалық ахуалға, сұраныс динамикасына, өндіріс көлемі мен баға болжамына, сондай-ақ түрлі салалардағы экономикалық белсенділіктің өзгеруіне қатысты берген бағалары жайында ақпарат берілді.
Сұрақ-жауап сессиясында тараптар экономикадағы қазіргі үрдістерді, бизнесті қаржыландыру шарттарын, тұтынушылық сұраныс қарқынын, өндірістік және логистикалық шығындарды, сондай-ақ бизнестің рентабельділігі мен маржалық табыстылығына қатысты мәселелерді талқылады. Сонымен қатар экономиканың жекелеген секторларындағы іскерлік белсенділік көрсеткішінің өзгеруіне, баға динамикасына және бизнестің экономикалық жағдайдың алдағы дамуына қатысты күтулеріне ерекше назар аударылды.
Талқы барысында мұндай форматтағы өзара іс-қимыл конъюнктуралық сауалнамалар аясында көрінбей қалатын қосымша сапалы ақпараттарды алуға, сондай-ақ экономикадағы өзгерістер мен нарықтағы көңіл-күйді дер кезінде ескеруге мүмкіндік беретіні айтылды.
Кездесу соңында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов кездесуге қатысқаны үшін ҚҰБ өкілдеріне алғыс айтып, бүгінгі диалог елдегі іскерлік белсенділікті қолдайтын тиімді шешімдер әзірлеуге септігін тигізетінін атап өтті.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz