Ұлттық Банк Басқармасы 2026-2028 жылдарға жасалған жаңартылған макроболжамдарды қарады
Ұлттық Банктің Басқарма отырысында 2026-2028 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жаңартылған болжамы туралы баяндама тыңдалды.
2025 жылға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару нәтижесі туралы есеп бекітілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық кірістілік деңгейі пайыздық және абсолют мәнде рекорд деңгейге жетіп, 15,1% болды немесе (+) 8,7 млрд АҚШ доллары. Активтерді бөлуде Ұлттық Банктің консервативтен – теңгерімді модельге көшу стратегиясы осы өсімге ықпал еткен бірден-бір фактор болды. Бұл шешім кірісі жоғары құралдардың Ұлттық қордың жалпы кірісіндегі үлесін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2025 жылы Ұлттық қор құрылымындағы активтердің барлық класында өсім байқалғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде акциялар, корпоративтік облигациялар мен алтын портфельдері қос таңбалы өсім көрсетті. Яғни, активтерді бөлуде қолданылған теңгерімді модельге көшу әдісі олардың үлесінің артуына себеп болды.
Сонымен қатар, Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерін, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры активтерін сырттан басқарушылардың басқару нәтижелері туралы 2025 жылғы есеп те қаралып, бекітілді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефонға хабарласып біле алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz