Ұлттық қордың валюталық активтері инвестициялық табыстың арқасында өсті – Ұлттық Банк
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қордың валюталық активтері өсім көрсетті. Қандай инвестициялық шешімдер мен актив кластары Ұлттық қорға кіріс әкелді? Жалпы, нарық қалай өзгерді? Осы жайында Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді.
– Ұлттық қордың валюталық активтері 2025 жылдың бірінші жартысын қандай нәтижемен қорытындылады? Сандарды сөйлетіп көрсек.
– 2025 жылдың маусым айы соңында Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі 60,3 млрд АҚШ долларын құрады. Осылайша, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы мақсатты талаптарды есептемегенде, портфельдің жалпы көлемі жыл басынан бері 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайды.
– Ал осы уақытта әлемдегі қаржы нарықтарының ахуалы қандай болды?
– Әлемдегі қаржы нарықтарынан нық өсім байқалады. Бұған жаһандық экономиканың қалпына келуі мен көптеген өңірде инфляция қысымы әлсірегені әсер етті. Макроэкономика көрсеткіштерінің тұрақтануы мен бірқатар елде ақша-кредит саясаты жұмсаратыны туралы болжамдар да нарықтарға қолдау болды.
Әрине, белгілі бір деңгейде құбылу да байқалды. Мәселен, сәуірде АҚШ президенті Д. Трамп енгізген сауда тарифтері нарықта қысқамерзімді толқу тудырды. Бірақ көп ұзамай жағдай тұрақталып, сауда саясаты төңірегіндегі келіссөздер оң нәтиже беретінін білдіретін белгілер мен риториканың жұмсаруы нарықтағы сенімді қайта қалпына келтірді.
Жалпы, Ұлттық қор активтерін басқарудағы Ұлттық Банктің теңгерімді тәсілі мен нарықтардың салыстырмалы түрде тұрақтануы нәтижесінде, алдын ала дерек бойынша, қорға 4,7 млрд АҚШ доллары көлемінде немесе 7,8% шамасында инвестициялық кіріс кірді.
– Қор портфелінде ең көп кіріс әкелген қай активтер, активтер класына жіктеп айтып бере аласыз ба?
– Акциялардың әлемдік нарығында оң серпін сақталып отыр. Бұған корпоратив табыстарының тұрақтылығы, өнімділіктің өсуі және монетарлық саясаттағы белгісіздіктің сейілуі себеп болды. Әсіресе, ішкі сұранысқа және технологияға бағдарланған, цифрландыру мен жасанды интеллекттің игілігін көріп отырған компаниялар айрықша қарқынмен өсті. Ұлттық қордың акция портфелі алғашқы жартыжылдықта 1,9 млрд доллар немесе 9,8% кіріс әкелді.
Ал дамыған елдердің мемлекеттік облигация портфелі 1 млрд долларға немесе 6,7% өсті. Бұл өсімге дамыған елдердегі инфляция деңгейінің төмендеуі мен алдыңғы қатарлы орталық банктер базалық ставканы төмендетеді деген үміт әсер етті. Сонымен қатар, дамыған елдерде кейбір валюталардың АҚШ долларына шаққанда нығайғаны да шетелдік мемлекеттік облигациялардың құнын өсірді. Ұлттық Банк жүргізіп отырған валютаны әртараптандыру саясаты да өзінің тиімді екенін дәлелдеп, қордың қосымша табыс көзіне айналды.
– Биыл алтын да баршаның назарын аударды. Қор портфеліндегі алтын құны қалай өзгерді?
– Жылдың бірінші жартысында алтын бағасы тарихи максимумын жаңартып, бір троя унциясы 3 400 АҚШ долларынан асып кетті. Бұл өсімге геосаяси қауіптің сақталуына байланысты қорғаныш активтерге деген сұраныстың өскені, АҚШ ставкаларды төмендетеді деген үміт пен доллардың әлсірегені әсер етті. Сонымен қатар, дамушы елдердің орталық банктері көбірек алтын сатып алып, өз резервтеріндегі бағалы метал үлесін көбейтуге тырысып жатқанын байқап отырмыз. 2025 жылғы ақпанда Ұлттық Банк әлемдегі геосаяси жағдай ушығып кеткеніне байланысты алтын сату операцияларын уақытша тоқтатқанын да айта кету керек. АҚШ президенті Д. Трамптың сәуірдегі тарифтері қаржы нарығын одан әрі құбылтып, Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы алтын бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуіне жол ашты. Осылайша, алтын тәуекелді хеджирлеудің тиімді құралы болып қалып отыр. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың алтын портфелі 0,8 млрд долларға немесе 25,5%-ға өсті.
– Ал дамушы нарықтардағы активтер мен корпоративтік облигациялардың көрсеткіштері қандай?
– Дамушы нарықтардың активтері де оң динамика көрсетіп, 600 млн АҚШ долларына жетті немесе 5,7%-ға өсті. Өсімге шикізат бағасының тұрақтанғаны, сауда-саттықтағы белсенділіктің қалпына келгені, сондай-ақ тәуекел етуге деген әлемнің құлшынысы артып, капитал ағыны қайта жанданғаны ықпал етті. Корпоративтік облигациялар портфелі де 400 млн долларға немесе 8,4%-ға ұлғайды. Бұған кредит спредтерінің азайғаны мен ставкалар төмендейді деген болжам себеп болды.
– Жылдың бірінші жартысында республикалық бюджет трансфертіне қордан қомақты қаржы бөлінді. Бұл валюта активтерінің көлеміне қалай әсер етті?
– Бұл – қор активтерінің жалпы көлеміне тікелей әсер ететін маңызды фактор екені сөзсіз. Бірінші жартыжылдықта республикалық бюджетке бөлінген тікелей трансферт көлемі 3,12 трлн теңге болды. Сол уақытта қорға мұнайдан 1,8 трлн теңге түсім түсті. Бүкіл кезең бойынша бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында ішкі валюта нарығында 4,95 млрд АҚШ доллары көлеміндегі валюталық актвитер кезең-кезеңімен АҚШ долларынан теңгеге айырбасталды.
Осылайша, бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету және валюта сатылымдарын жүзеге асыру шараларына қарамастан, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Ұлттық қордың валюталық активтері өсті. Бұл өсім, ең алдымен, қаржы нарығындағы құбылмалы кезеңде Ұлттық қор активтерін тиімді басқару нәтижесінде алынған елеулі инвестициялық кірістің есебінен қамтамасыз етілді.
Дереккөз: Kapital.kz