Сыртқы борыш
Сыртқы борыш статистикасын қалыптастыру үшін әдіснамалық негіз Халықаралық валюталық қордың «Сыртқы борыш статистикасы: құрастырушылар мен қолданушыларға арналған нұсқаулығы» және «Төлем балансы және халықаралық инвестициялық позиция бойынша нұсқаулықтың» алтыншы басылымы (ТБН6) болып табылады.
Сыртқы борыш туралы мәліметтер келесідей жіктеледі:
1. Институционалды секторлар бойынша – мемлекеттік басқару органдары, орталық банк, банктер, басқа секторлар, фирмааралық берешек. Фирмааралық берешек жеке позицияға бөлінеді және шетелдік тікелей инвесторлар, шетелдік тікелей инвестициялық кәсіпорындар және шетелдік тел кәсіпорындар алдындағы борыштық міндеттемелерді қамтиды.
2. Өтеу мерзімдері бойынша – қысқа мерзімді міндеттемелер (бастапқы өтеу мерзімі бір жыл және одан аз немесе талап бойынша төленетін) және ұзақ мерзімді (бастапқы өтеу мерзімі бір жылдан асатын).
3. Борыштық құралдардың түрлері бойынша – арнайы қарыз алу құқықтары (АҚҚ), қолма-қол валюта және депозиттер, борыштық бағалы қағаздар, кредиттер мен несиелер, сауда кредиттері мен алғытөлемдер, өзге міндеттемелер.
Капиталға қатысу құралдары, инвестициялық қорлардың пайлары/акциялары және туынды қаржы құралдары сыртқы борыш құрамына кірмейді.
Есепті кезеңде сыртқы борышқа талдамалық түсіндірмелер тоқсан сайынғы «Қазақстан Республикасының төлем балансы және сыртқы борышы» басылымында көрсетілген.
Талдау мақсаттарында бюджеттік сектормен тікелей немесе жанама байланысты борыштық міндеттемелерді бөлек көрсету үшін Кеңейтілген айқындаудағы мемлекеттік сектордың сыртқы борышы санаты бойынша статистика қосымша қалыптастырылады.
Кеңейтілген анықтамадағы мемлекеттік секторға орталық банк, мемлекеттік басқару органдары, банктер және мемлекеттік сектор капиталға қатысудың 50 пайызынан астамын тікелей немесе жанама иеленетін немесе оларды басқа тәсілмен бақылайтын басқа секторлар жатады. Қалған банктер мен басқа секторлар жеке секторға жатады.