1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың қыркүйек айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2022 жылғы 5 қыркүйекте Ұлттық Банк қалыптасқан экономикалық ахуалды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдарын ескере отырып, базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Осы жылдың 26 қазанында инфляцияның едәуір жеделдеуі мен бүгінгі инфляциялық процестер Ұлттық Банктің болжамды бағалауларынан жоғары қалыптасу аясында базалық мөлшерлеме 14,5%-дан 16%-ға дейін көтерілді.

TONIA индикаторы[1] 2022 жылғы қыркүйекте пайыздық дәліз ішінде қалыптасты (1-график). 2022 жылғы қыркүйекте TONIA орташа алынған мәні базалық мөлшерлемеден кейін 0,4 пайыздық тармаққа өсіп, жылдық 14,4% (2022 жылғы тамызда – 14,0%) болды. Қыркүйек айының басында TONIA мөлшерлемесі теңгелік өтімділікке сұраныстың өсуіне байланысты жоғарғы шекараға жақын болды, содан кейін төменгі шекараға дейін қысқа уақыт төмендегеннен кейін базалық мөлшерлемеге жақын қалыптасты.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2022 жылғы қыркүйектің соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 3,2 трлн теңге болды. 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда (2,7 трлн теңге) өтімділік профициті 19,4%-ға өсті.

2022 жылғы қыркүйекте депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 863,0 млрд теңге (тамызда – 442,0 млрд теңге), Ұлттық Банктегі банктік депозиттер – 611,6 млрд теңге (586,7 млрд теңге) болды. Тікелей репо операциялары арқылы өтімділікті алу бойынша операциялар көлемі 57,0 млрд теңге болды.

Айналымдағы  қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 9,0%-ға төмендеп, 2022 жылғы қыркүйектің соңында 1 722,18 млрд теңге болды.

2022 жылғы қыркүйекте жалпы сомасы 1 722,2 млрд теңгеге Ұлттық Банк ноттары бойынша 4 аукцион өткізілді, 2022 жылғы қыркүйектен бастап 91 күндік ноттарды шығаруды алып тастауға байланысты орналастырудың барлық көлемі 1 айлық ноттарға (орташа алынған кірістілік – 14,48%) келді. 

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2022 жылғы қыркүйекте 1 917,92 млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары

2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 219,82 млрд теңгеге 2 жылдан 4 жылға дейін өтеуге дейінгі мерзімі бар қысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды 9 орналастыруды (МЕОКАМ – 5 орналастыру, МЕТИКАМ[2]– 4 орналастыру) жүргізді. Олардың кірістілік көрсеткіші жылдық 13,90-15,16% болды.

2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі бір айда 2,7%-ға, жылдың басынан бастап 15,1%-ға[3] өсті.

2022 жылғы қыркүйекте тәуекелсіз кірістілік қисығы[4] «дөңес» пішінге ие болды. Атап айтқанда, 1 жылға дейінгі қысқа мерзімді сегментте, сондай-ақ 5 жылдан 15 жылға дейінгі сегментте 2022 жылғы тамызға қарағанда төменге жылжу байқалады. 1 жылдан 4 жылға дейінгі сегментте 2022 жылғы тамызға қарағанда кірістіліктің өсуі байқалады.

  1. Валюта нарығы

АҚШ доллары бойынша сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына байланысты 2022 жылғы қыркүйекте теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 471,34 – 481,16 теңге ауқымында өзгеріп отырды.

2022 жылғы қыркүйекте Ұлттық қордан трансферттерді жүзеге асыру үшін шетел валютасын шамалы конвертациялау болып, валюталық интервенциялар жүргізілмеді. Квазимемлекеттік сектордың экспорттық валюталық түсімді сатуы 583,5 млн АҚШ долларын құрады.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 3,5%-ға төмендеді (ж/ж 13,7%-ға төмендеу), оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі а/а 7,2%-ға және ж/ж 29,2%-ға төмендеді.

Халықтың тарапынан шетел валютасына сұраныстың төмендеуі байқалады. 2022 жылғы қыркүйекте шетел валютасын нетто-сатып алу а/а 25,7%-ға төмендеді. 2021 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда нетто-сатып алудың жалпы көлемі айтарлықтай дәрежеде АҚШ доллары мен Ресей рублін нетто-сатып алудың төмендеуі есебінен 2 еседен астам төмендеді.

Қыркүйекте халықтың тарапынан рубльдің ұсынысы оған деген сұраныстан асып түсті және нетто негізде Ресей рублін сату оны сатып алудан 2,2 млрд теңгеге асып түсті.

Шығыстардың негізгі көлемі 79,4% немесе 113,7 млрд теңге – АҚШ долларын және 22,5% немесе 32,2 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 23,1%-ға төмендеп (төмендеу 42,4% ж/ж), еуроны сатып алуға арналған шығыстар 20,0%-ға төмендеді (төмендеу 14,1% ж/ж).

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2022 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 0,3%-ға ұлғайып, 32,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Резервтер ЕДБ-нің Ұлттық Банктегі валюталық шоттарына қаражаттың келуі есебінен валюта бөлігінде өсті. Резервтердің ішінара ұлғаюы алтын бағасының төмендеуімен және мемлекеттік борыштың төленуімен теңестірілді.

Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (51,6 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің халықаралық резервтері 2022 жылғы қыркүйектің соңында 84,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2022 жылғы қыркүйекте банктердің депозиттері көлемінің төмендеуіне байланысты 11 871,4 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға тарылды (жыл басынан бастап кеңею 8,3%).

2022 жылғы қыркүйекте ақша массасы 2,9%-ға ұлғайып, 32 479 млрд теңге болды (жыл басынан бастап – ж/ж 7,9%-ға және 12,6%-ға), айналымдағы қолма-қол ақша 0,6%-ға ұлғайды (жыл басынан бастап 10,6%-ға өсті). Жеке тұлғаларды бірінші кезекте тұтынушылық және ипотекалық кредиттеу ақша массасының өсуіне негізгі фактор болуда. Фискалдық серпін де ақша массасының өсуіне ықпал етуде.

  1. Депозит нарығы

Депозиттік ұйымдардағы резиденттерге тиесілі салымдардың көлемі а/а 3,2%-ға ұлғайды (ж/ж 12,7%-ға өсті). Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 4,2%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 2,1%-ға ұлғайды.

Тартымдылықтың сақталуына байланысты ұлттық валютадағы депозиттер бір айда 4,6%-ға өсті. Шетел валютасындағы өсу теңге бағамын түзету және тиісті қайта бағалау есебінен 0,7% құрады. Бұл ретте валюталық баламада валюталық депозиттер 0,3%-ға төмендеді. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі 2022 жылғы қыркүйекте 35,6% (2022 жылғы тамызда – 36,5%, 2021 жылғы желтоқсанда – 36,0%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері негізінен мерзімді салымдардың келуі есебінен а/а 5,3%-ға өсті (өсуі а/а 13,5%). Заңды тұлғалардың депозиттерін долларландыру алдыңғы аймен салыстырғанда төмендеп, 39,3% болды, бірақ 2022 жылғы мамырдан бастап валюталық салымдар келуінің жалғасуына байланысты жыл басындағы деңгейден (37,6%) жоғары болып қалуда.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері халықтың теңгедегі және валюталық депозиттері арасындағы мөлшерлемелердің жоғары дифференциалы аясында а/а 3,8%-ға өсті. Жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері 1,6%-ға төмендеді. Соның нәтижесінде жеке тұлғалардың депозиттерін долларландыру деңгейі 2022 жылғы қыркүйекте 31,7% (2022 жылғы тамызда – 32,8%, 2021 жылғы желтоқсанда – 34,4%) болды. «Отбасы банкі» АҚ-дағы депозиттерді және ірі салымдарды (50 млн теңгеден астам) есепке алмағанда, жеке тұлғалардың салымдарын долларландыруды төмендету үрдісі жалғасуда, ол бір жыл ішінде 16,4%-ға дейін 4,8 пайыздық тармаққа төмендеді.

Қыркүйекте жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ҚДКҚ шекті мөлшерлемелері жинақ салымдарының кейбір түрлері бойынша 16%-ға жете отырып, бұрынғы деңгейде сақталды.

Мерзімді депозиттердің көлемі негізінен теңгедегі салымдар есебінен 5,0%-ға ұлғайып, 20 032,9 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар депозиттердің жалпы портфелінің шамамен 2/3 бөлігін құрады.

Базалық мөлшерлеменің өзгермеуі жағдайында 2022 жылғы қыркүйекте банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі тамыздағы деңгейде сақталып, 12,4% (2021 жылғы қыркүйекте – 7,4%) болды, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – алдыңғы аймен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, 12,2% (8,3%) болды.

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 21 101,2 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға ұлғайып, жылдық өсу Ресей банктерінің кредиттік белсенділігінің төмендеуіне, 2021 жылғы жоғары статистикалық базаға, сондай-ақ банктер мен қарыз алушылардың экономиканың даму болашағына қатысты жоғары белгісіздігінің сақталуына қарамастан 24,4% құрады.

Халықты кредиттеу қарыздардың өсуіне негізгі үлес қосуды жалғастыра отырып, а/а 2,5%-ға өсті. Тұтынушылық кредиттеу біршама бәсеңдеуіне қарамастан, жоғары өсу қарқынын сақтай отырып (ж/ж 27,7%, а/а 2,3%), 7 197,6 млрд теңге болды. Ипотекалық кредиттеу де 4 277,0 млрд теңгеге дейін жоғары өсуді (ж/ж 47%, а/а 3,3%) көрсетуде.

Бүкіл кредиттік портфель өсуінің 2/3 астамы жеке тұлғалардың теңгелік кредиттері есебінен қамтамасыз етілді. Заңды тұлғалардың кредиттік портфелі бір айда 1,3%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 19 332,2 млрд теңгеге дейін а/а 1,8%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 6 280,1 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер – 13 052,2 млрд теңгеге дейін 2,5%-ға өсті.

Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 769,0 млрд теңгеге дейін а/а 4,4%-ға, оның ішінде валюталық қайта бағалау есебінен ұлғайды. Заңды тұлғаларға берілген кредиттер валюталық қарыздардың өсуіне негізгі үлес қосты, олар 4,4%-ға ұлғайды. Жеке тұлғаларға берілген валюталық қарыздар жеті ай қатарынан төмендеу үрдісін жалғастыра отырып, 0,7%-ға төмендеді. Оның нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2022 жылғы қыркүйектің соңында 91,6% құрады (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%).

Қыркүйекте қысқа мерзімді кредиттер қарқынының ұзақ мерзімді кредиттерден озып өсуі байқалды. Қысқа мерзімді кредиттердің көлемі а/а 4,2%-ға, ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі 1,6%-ға ұлғайды.

2022 жылғы қыркүйекте шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 4 228,1 млрд теңгеге дейін 4,7%-ға өсті (ж/ж 32,2%-ға өсті).

2022 жылғы қыркүйекте (тамызбен салыстырғанда) банктік емес заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі өзгермей, тиісінше 16,2% және 17,8% деңгейінде қалыптасты.

  1. Төлем жүйелері

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточка жүйелері жұмыс істейді.

2022 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 66,4 трлн теңге сомасына 5,4 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы тамызбен салыстырғанда саны бойынша 11,7%-ға, сомасы бойынша – 7,9%-ға азаю байқалады). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 3,0 трлн теңге сомасына 246,1 мың транзакция жүргізілді.

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 18 банк және «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 62,7 млн бірлік болды. Оның ішінде 2022 жылғы қыркүйекте төлем карточкаларының 50,6%-ы (31,7 млн төлем карточкасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2022 жылғы қыркүйекте 11,1 трлн теңге сомасына 810,9 млн транзакция жүргізілді (2022 жылғы тамызбен салыстырғанда транзакциялар саны 0,1%-ға ұлғайды, сомасы – 2,7%-ға азайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 97,5% (790,5 млн транзакция) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 84,1% (9,3 трлн теңге) болды. 

2022 жылғы қыркүйекте халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 100,6 млрд теңге сомасына 0,24 млн аударым болды. 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда ақша аударымдарының саны мен көлемі тиісінше 24,6%-ға және 10,8%-ға азайды. Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілген аударымдардың жалпы көлемінің ішінен транзакциялардың жалпы санының 93,5%-ы (0,23 млн транзакция) және жалпы сомасының 93,4%-ы (94,0 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аудару жүйелері арқылы жалпы санының 6,5%-ы (0,02 млн транзакция) және жалпы сомасының 6,6%-ы (6,6 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы 70,6 млрд теңге сомасына 0,16 млн транзакция алынды.

  1. Зейнетақы жүйесі

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2022 жылғы қыркүйекте 133,5 млрд теңгеге немесе 1,0%-ға ұлғайып, 14 104,1 млрд теңге болды. 

2022 жылғы қыркүйекте зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 2022 жылғы 1 қазанда 7 628,4 млрд теңгеге дейін 22,0 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескергенде) 2022 жылғы 1 қазанда 10,9 млн шот болды.

2022 жылғы қыркүйекте зейнетақы төлемдерінің сомасы 32,2 млрд теңгені құрады.

2022 жылғы 1 қазанда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше, зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 46,5%-ы және 20,9%-ы) алады.

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ қоржынының бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

[2] TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелер

[3] Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасындағы МБҚ есепке алмағанда)

[4] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 775 210
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға