2021 жылдың III тоқсанында кәсіпорындар арасында жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы
2021 жылдың III тоқсанында кәсіпорындар арасында жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймардановтың түсіндірмесі
Мониторинг нәтижесі бойынша, нақты секторда экономикалық белсенділіктің қалпына келу процесі жалғасып келе жатқаны байқалды. Өндіріс қуатының жүктемесі ұлғайды, дайын өнімге сұраныс өсті, өнім, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны өзгеріссіз қалды, активтер мен қаражат айналымы жеделдеді, жалпы алғанда, валюта бағамының кәсіпорындар қызметіне теріс әсері азайды.
Кәсіпорындарда өндіріс қуатының жүктемесі ұлғайды, жүктеменің орташа алынған деңгейі 53,9% (II тоқсанда – 52,4%) болды. Өндіріс көлемінің өсу қарқыны аздап баяулады, алайда диффузиялық индекс (бұдан әрі – ДИ) бұрынғыдай оң аймақта тұр (53,4). Кәсіпорындарда дайын өнімге деген сұраныстың өскені байқалады, индекс 50,3-тен 50,6-ға дейін өсті. Сұраныс көрсеткіші қызмет көрсету секторында 49,8-ге дейін ұлғайды, ал тауарларды өндіру секторында 51,3 болды.
Жалпылай айтқанда, экономикалық тұрғыда кәсіпорын өнімдерінің баға жағынан өсу қарқыны бұрынғы деңгейде сақталды, ДИ 61,6 болды. 2021 жылдың IV тоқсанында кәсіпорындар дайын өнім бағасының өсу қарқыны баяулайтынын күтеді.
Кәсіпорындарға кредит беруге қатысты жағдай біршама жақсарды.
III тоқсанда сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 17,9% банкке кредит алуға өтініш берді, олардың 96,6% кредит алды. Кәсіпорындардың көп бөлігі (85,1%) кредитті айналым қаражатын (материалдар, шикізат, жартылай дайын өнімдер және т.б. сатып алу) қаржыландыруға тартты.
Кәсіпорындар, әдеттегідей, Қазақстан экономикасының бүгінгі ахуалы бизнес жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын айтады. Бұл жөнінде сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 34,9% мәлімдеді. Басқа кедергілер: бәсекелестік (29,3%), салық деңгейі (24,0%); өнімге деген сұраныс (22,5%); білікті мамандардың жетіспеушілігі (19,2%). Маңыздылығы жағынан қаржыландыру тиімділігі 9-орында (11,0%) тұр.
2021 жылдың III тоқсанында сауалнамаға пандемияның кәсіпорындар қызметіне әсері туралы бірреттік сұрақ енгізілді. Нәтижесінде, кәсіпорындардың 66,1%-ы COVID-19 пандемиясы мен оның таралуымен байланысты шектеу шаралары кәсіпке теріс әсер еткенін мәлімдеді, бұл ретте кәсіпорындардың 12,9%-ның бизнесі айтарлықтай зардап шеккен. Ал респонденттердің 32,0%-ы пандемияның аса әсер етпегенін айтты.
Нақты сектордағы кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнаманың жиынтық бағасын білдіретін композиттік озыңқы индикатордың (КОИ) серпіні нақты секторда экономикалық белсенділіктің қалпына келуі жалғасып отырғанын көрсетті, КОИ 100,2-ге дейін ұлғайды. 2021 жылдың IV тоқсанында экономикалық белсенділік үрдісі жалғасады деп күтіледі (күтулер бойынша КОИ 100,2 болды).
2021 жылдың III тоқсанында жүргізілген сауалнамаға 3326 кәсіпорын қатысты, олардың ішінде 1585 – ірі және орташа кәсіпорын болды.