1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

2021 жылдың қыркүйек айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы

2021 жылдың қыркүйек айындағы іскерлік белсенділік индексі туралы ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймардановтың түсіндірмесі

Алынған бағалаудың қорытындысы бойынша, іскерлік белсенділік индексі қыркүйекте 49,8-ге (тамызда – 50,2) төмендеп, теріс аймаққа өтті.

Бұған құрылыс секторында көрсеткіштердің 49,3-ке (тамызда – 51,9), қызмет көрсету секторында 49,1-ге дейін (тамызда – 50,7) төмендеуі әсер етті. Құрылыс секторындағы индекстің нашарлауы іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуда, ал қызмет көрсету саласында – жаңа тапсырыстар мен жұмыспен қамту ісіндегі төмендеуге, сондай-ақ жеткізу мерзімдерінің ұлғаюына байланысты болды.

Дегенмен, жаңа тапсырыстар, жұмыспен қамту деңгейі мен жаңа өнімдердің көбеюінен өнеркәсіптегі көрсеткіш 50,9-ға дейін (тамызда – 49,1) жақсара түсті.

Аймақтар арасында қыркүйекте 10 өңірде іскерлік белсенділіктің жақсарғаны, 7 өңірде нашарлағаны байқалды. Іскерлік белсенділіктің неғұрлым жоғары деңгейі Түркістан (54,9) мен Шығыс Қазақстан (53,8) облыстарында, едәуір төмен деңгейі – Қызылорда облысында (40,2) байқалды.   

2021 жылдың қыркүйек айында респонденттер елде бизнес жүргізу ісінің нашарлағанын атап өтті. Қазіргі бизнес-жағдайларды бағалау бойынша жауаптар теңгерімі (-)1,0-ге (тамызда – +1,7) теңесіп, теріс көзқарас қалыптастырды. Барлық секторлардағы кәсіпорындар өнімге/қызметке сұранысты, коммуникацияларға және қаржыға/кредиттерге қолжетімділікті оң бағалады. Бұл ретте, бір ай бұрын сияқты, салық жүктемесі мен бизнесті қорғау мәселелері теріс баға алды.  

Кәсіпорындардың алдағы 6 айдағы болашақ бизнес-жағдайларға қатысты оптимизмі төмендеді: болашақ жағдайларды бағалау
13,5 (тамызда – 17,6) болды. Нәтижесінде экономика бойынша бизнес-ахуал индексі 6,1-ге дейін (тамызда – 9,5) азайды. 

2021 жылдың қыркүйек айында жүргізілген сауалнамаға 462 кәсіпорын қатысты: құрылыста – 67, өнеркәсіпте – 175, қызмет көрсетуде – 220.

Толығырақ: https://nationalbank.kz/kz/page/indeks-delovoy-aktivnosti-po-kazahstanu-ida

Жоғарыға