Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) – мүше мемлекеттердің валюта-кредиттік қатынастарын реттеу және оларда төлем балансының жетіспеушілігі кезінде шетелдік валютада қысқа және орта мерзімдік кредиттер беру арқылы көмек көрсету мақсатында құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі.
ХВҚ 1945 жылғы 27 желтоқсанда құрылған. 190 мемлекет ХВҚ-ның мүшесі болып табылады. Басқарушы органдары – Басқарушылар Кеңесі мен Атқарушы Кеңес. ХВҚ қаржылық операцяларын жасауды 1947 жылғы 1 наурызда бастады. ХВҚ-ның есеп айырысу бірлігі – Арнайы қарыз алу құқықтары (АҚҚ).
Қазақстан Республикасы ұйымға 1992 жылдан бастап мүше. Қазақстан Республикасы «ХВҚ келісімінің баптарына түзетулерді ратификациялау туралы» 2015 жылғы 20 наурыздағы № 298-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау арқылы 2010 жылғы ХВҚ квоталар реформаларын және басқару жүйелерін белсенді қолдады, бұл ХВҚ жарғылық капиталындағы Қазақстан Республикасының үлесін 365,7 млн АКҚ-дан (0,17% дауыс) 1 158, 4 млн АКҚ-ға (0,26% дауыс) дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, ал ХВҚ швейцариялық кіші тобындағы Қазақстан Республикасының дауыс беру үлесі 6,3%-дан 9,4%-ға дейін ұлғайды.
«Қазақстан Республикасының өкілдерін Басқарушы Кеңестерге тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 18 наурыздағы № 323 қаулысына сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы ХВҚ Басқарушылар Кеңесінің мүшесі болып табылады.
Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ Келісімі Баптарының IV бабына сәйкес ХВҚ миссиясының жыл сайынғы сапарлары шеңберінде ХВҚ-мен көптеген мәселелер бойынша ынтымақтастық орнатқан және аталған миссия сапарлары шегінде ақша-кредит және экономика саясатының бағыттары мәселелері талқыланады.
ХВҚ-мен ынтымақтастықты нығайту барысында Қазақстан Ұлттық Банкіне төлем балансы статистикасы, соңғы инстанция кредиторы, ақша-кредит саясаты, инфляцияны таргеттеу, модельдеу және болжам жасау, банктік қадағалау сияқты мәселелер бойынша техникалық көмек көрсетілді.
Қазақстан Ұлттық Банкі пікір алмасу, озық тәжірибені зерттеу және халықаралық байланыстарды нығайту алаңы болып табылатын ХВҚ мен Дүниежүзілік Банкі Тобының Көктемгі және Жылсайынғы кездесулеріне тұрақты негізде қатысады.
ХВҚ-ның Қазақстан Республикасына берген кредиттері
Бұрын, Қазақстан Республикасы мен ХВҚ арасында төмендегі кредиттік келісімдер жасалды:
- макроэкономикалық тұрақтандыру және жүйелік қайта құрылымдау мақсатында Қазақстан Республикасына ресурстар ұсыну бағдарламасы (STF)
- резервтік кредит туралы келісім (Stand-by 1)
- EFF қаржыландыруды кеңейту бағдарламасы туралы келісім. Бұл келісімге сәйкес EFF бағдарламасы аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы келесі әрекеттерден бас тартуы тиіс еді: валюталық шектеулер енгізу немесе оларды күшейту
- бірнеше валюталық курсты қолдану тәжірибесін енгізу немесе оны модификациялау
- екіжақтық төлем келісімдерін жасау
- төлем балансына байланысты себептер бойынша импортқа шектеу қою;
- EFF-2 келісім. Бұл келісімнің мақсаты – мемлекеттік бюджеттің дефицитін қысқарту және халықаралық резервтердің жинақталуына қолдау көрсету.
2000 жылғы 24 мамырда Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ кредиттік арналары бойынша міндеттемелерін толық өтеді (340.3 млн АҚК). Қазіргі уақытта ХВҚ-дан қарыз алу Қазақстан Республикасының жоспарларына кірмейді.
Швейцария шағын тобы шеңберіндеге өзара әрекеттестік
2010 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясы арасында Бреттон-Вудс мекемелері аясындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды (Астана қ.). Бұл құжат Қазақстан Республикасының ХВҚ-ның Бельгиялық шағын тобынан Швейцариялық шағын тобына ауысуына негіз болды. ХВҚ-ның Швейцариялық Шағын тобының құрамына келесі мемлекеттер мүше болып табылады: Польша, Сербия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Өзбекстан.
Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ-ның Швейцариялық шағын тобының отырыстарына тұрақты негізде қатысады, сонымен қатар шағын топқа мүше мемлекеттердің орталық банктерімен байланысын белсенді түрде жалғастыруда.
ХВҚ басшылығының Қазақстан Республикасына сапарлары
2016 жылғы 24 мамырда ХВҚ-ның Басқарушы-Директоры Кристин Лагард Қазақстан Республикасына сапарын жасады. Сапардың негізгі мақсаты Астана экономикалық форумы қарсаңында өткізілген ХВҚ-ның Өңірлік конференциясына қатысу болды.
Сапар барысында Кристин Лагард Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен, Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Д.Ақышевпен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімовпен және экономикалық блокқа жауап беретін Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерімен кездесті. Соған қоса ХВҚ Басқарушысы Назарбаев Университеті студенттерімен кездесіп, шетелдік және жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясына қатысты.
2018 жылғы 16 мамырда ХВҚ Басқарушы Директорының орынбасары Тао Чжанның қатысуымен кезекті Өңірлік кездесу өткізілді. Сапардың мақсаты ХВҚ өңірлік техникалық көмек көрсету орталығының (Орталық) орналасуын алдын ала бағалау болды.
2019 жылғы 16 мамырда Қазақстан Ұлттық Банкі ХВҚ-мен бірлесіп Нұр-Сұлтан қаласында Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия мемлекеттерінің орталық (ұлттық) банктері мен қаржы министрліктерінің басшыларына арналған ХВҚ-ның өңірлік кездесуін өткізді. Іс-шара ХВҚ Басқарушы Директорының қатысуымен «Инклюзивті өсу саясаты» тақырыбында Астана экономикалық форумы аясында өткізілді.
2020 жылғы 15 желтоқсанда ХВҚ Басқарушы Директоры Кристалина Георгиева мен Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев онлайн-рәсім барысында 2022 жылы Алматы қаласында ашу жоспарланып отырған Кавказ, Орталық Азия және Моңғолияның өңірлік әлеуетін дамыту орталығын (бұдан әрі – өңірлік орталық) қолдау жөніндегі уағдаластық туралы хатқа қол қойды.
ХВҚ-ның Техникалық көмек бойынша өңірлік орталығы
ХВҚ кәсіби дамытумен айналысатын өңірлік орталықтардың кең желісіне ие. Бүгінгі таңда Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа, Таяу Шығыс Америка, Кавказ және Орталық Азия аумағында орналасқан 17 өңірлік орталығы жұмыс істейді.
Мұндай орталықтардың қызметі ХВҚ-ға мүше мемлекеттердің әлеуетін дамыту, өңірлік интеграцияны тереңдету, бірегей дағдарысқа қарсы шаралар әзірлеу, сондай-ақ ХВҚ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық дамудағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.
Өңірлік орталықты құру туралы шешім
Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия өңірлерінің әлеуетін дамыту мақсатында 2019 жылы ХВҚ Алматы қаласында өңірлік орталық ашу туралы шешім қабылдады, бұл ҚР-ның ХВҚ-мен көпжылдық жемісті ынтымақтастығының нәтижесі болып табылады. Өңірдің бенефициарлары Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан болып табылады.
Пандемияға байланысты жағдайды ескере отырып, 2020 жылдың шілдесінен бастап аймақтық орталық вебинарларды онлайн режимінде өткізуде. Сондай-ақ, аймақтық орталықтың қызметі виртуалды форматта ресми түрде іске қосылғаннан кейін, 2021 жылдың ақпан айында Аймақтық орталық кеңес беру қызметтерін (техникалық көмек) ұсына бастады. Аймақтық орталықтың физикалық ашылуы 2022 жылы болады деп күтілуде.
Өңірлік орталықтың негізгі мақсаты мемлекеттік басқару, ақша-кредит және фискалдық саясат, сондай-ақ қаржы секторын реттеу және дамыту және т. б. мәселелер бойынша өңірдің мемлекеттік құрылымдары қызметкерлерінің құзыретін арттыру үшін оқыту және техникалық көмек көрсету болып табылады.