1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№18 Баспасөз релизі. Қаржы нарығындағы ахуал туралы

Жылдық инфляция 6,8% (2019 жылғы желтоқсанда – 5,4%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 10,4%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,4%-ға, ақылы қызметтер – 3,5%-ға өсті.

2020 жылғы сәуірдегі халықтың пікіртерім нәтижесі бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 6,0% болды.

2. 2020 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2020 жылғы сәуірде Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 30,5 млрд АҚШ долларына дейін 2,4%-ға немесе 725,1 млн АҚШ долларына ұлғайды. Алтын портфелі бағасының ұлғаюы есебінен оның өсуі клиенттік шоттардағы қалдықтың төмендеуінен ішінара реттелді.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (58,5 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, алдын ала деректер бойынша 2020 жылғы сәуірдің соңында 89,0 млрд АҚШ доллары болды.

2020 жылғы сәуірде ақша базасы 4,3%-ға қысқарып (жыл басынан бері 20,2%-ға кеңейген), 8 284,2 млрд теңге болды. Ұлттық Банктегі банктердің және банктік емес қаржы ұйымдарының аударылатын депозиттеріндегі қаражат қалдықтары көлемінің тиісінше 38,9%-ға және 49,5%-ға төмендеуі Ұлттық Банктен тыс қолма-қол ақша көлемінің (9,3%-ға) және банктердің Ұлттық Банктегі басқа депозиттеріндегі қаражат қалдықтарының (41,9%-ға) ұлғаюымен өтелген жоқ. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін қоспағандағы ақша базасы 5 196,0 млрд теңгеге дейін 19,8%-ға (жыл басынан бері – 4,3%-ға) қысқарды.

Теңгенің айырбастау бағамының нығаюы аясында шетел валютасындағы депозиттік ұйымдардағы резиденттердің депозиттерін бағамдық қайта бағалау салдарынан көбінесе 2020 жылғы сәуірдегі ақша массасы 1,6%-ға төмендеді (жыл басынан бері өсім – 4,2%) және 22 222,6 млрд теңге болды. Айналыстағы қолма-қол ақша 2 572,9 млрд теңгеге дейін 11,8%-ға (жыл басынан бері – 11,8%-ға) ұлғайды.

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 2020 жылғы 6 сәуірден бастап пайыздық дәлізді +/-2 пайыздық тармаққа дейін ұлғайта отырып жылдық 12,0%-дан 9,5%-ға дейін1 төмендету туралы кезектен тыс шешім қабылдады. Шешім қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикаға қауіптерді азайтуға және оның сыртқы және ішкі ортаның өзгерген талаптарына бейімдеуге бағытталды. 2020 жылғы 27 сәуірде базалық мөлшерлеме жылдық 9,5% деңгейінде сақталды.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы 2020 жылғы сәуірде пайыздық дәліздің төменгі шегі мен базалық мөлшерлеме арасында басымдықпен қалыптасты. 2020 жылғы сәуірде TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 9,53%-ды (2020 жылғы наурызда – 12,65%-ды) құрады.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2020 жылғы сәуірдің соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 3,8 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 89,1 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 174,9 млрд теңгені құрады. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 659,8 млрд теңгені құрады.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 11,5%-ға төмендеп, 2020 жылғы сәуірдің соңында 3 028,6 млрд теңге болды. 2020 жылғы сәуірде сомасы 644,8 млрд теңгені құрайтын 7 аукцион өткізілді, оның ішінде 434,3 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 10,66%), 43,7 млрд теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 11,00%), 92,4 млрд теңге сомаға жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 11,25%), 74,3 млрд теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 12,00%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2020 жылғы сәуірде 1 154,6 млрд теңгені құрады.

Кірістілік қисығын қалыптастыру. 2020 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 348,1 млрд теңге сомаға орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды (МЕУКАМ) орналастыруды жүзеге асырды. Жалпы 8 аукцион өткізілді, оларға 2 жылдан 20 жылға дейін өтеу мерзімімен мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 10,20%-дан 11,00%-ға дейін құрады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2020 жылғы сәуірде 3,6%-ға ұлғайып, 8 944,8 млрд теңге болды.

2020 жылғы мамырдың басында кірістілік қисығы аса дөңес сипатын көрсетті. Қысқа мерзімді бөлікте кірістілік өсті, бұл ретте орта мерзімді және ұзақ мерзімді кірістілік қисығы бөлігінде төмендеу байқалады. Жалпы алғанда басқа бағалы қағаздарға қарағанда мерзімі бір жылға дейін кірістілігі аса жоғары бағалы қағаздар үрдісі сақталады.

4. 2020 жылғы сәуірдегі валюта нарығы

2020 жылғы сәуірде теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 424,57 - 448,52 теңге аралығында өзгерді. 2020 жылғы сәуірдің соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 5,2%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 424,57 теңге болды.

Елде карантиннің енгізілуі салдарынан көптеген кәсіпорындар шектеулі режимде жұмыс істеді, бұл шетел валютасына сұраныстың төмендеуінде және, тиісінше, саудасаттық көлемінің төмендеуінде көрініс тапты. Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 9,0 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі – 1,7 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 7,3 млрд АҚШ доллары болды. Бір еншілес банктің биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлеміндегі үлесі 87,1% (2020 жылғы наурызда 71,3%) болды, бұл олардың айырбастау бағамының аса құбылмалылығы жағдайында меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеуімен байланысты болды. Аталған операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс немесе ұсыныс арақатынасына әсер етпейді.

2020 жылғы сәуірде халық нетто-негізде 51,0 млрд теңгеге барабар сомаға (2020 жылғы наурызда – 236,4 млрд теңге) қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 70,3% немесе 35,9 млрд теңгеге, Ресей рублін – 25,7% немесе 13,1 млрд теңгеге, еуроны – 3,9% немесе 2,0 млрд теңгеге сатып алуға жұмсалды. Өткен аймен салыстырғанда аталған шығыстар 4,6 есе қысқарды. Валюта түрлері бойынша бөлген кезде АҚШ долларын сатып алуға шығыстар 5 есе қысқарса, Ресей рублін және еуроны сатып алуға шығыстар тиісінше 4,2 есе және 1,9% азайды.

5. 2020 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 3,1%-ға төмендеп, 2020 жылғы сәуірдің соңында 19 649,7 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 9 935,0 млрд теңгеге дейін 5,7%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 9 714,6 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға төмендеді.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 11 121,3 млрд теңгеге дейін 2,9%-ға, шетел валютасындағы депозиттер көлемі 8 528,4 млрд теңгеге дейін 10,0%-ға төмендеді. Долларлану деңгейі 2020 жылғы сәуірдің соңында 43,4% (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2020 жылғы сәуірде 5 654,5 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттері 4 280,6 млрд теңгеге дейін 12,5%-ға төмендеді (заңды тұлғалар депозиттерінің 43,1%-ы).

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 5 466,8 млрд теңгеге дейін 5,8%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттері 4 247,8 млрд теңгеге дейін 7,2%-ға төмендеді (жеке тұлғалар депозиттерінің 43,7%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 1,1%-ға ұлғайып, 13 259,2 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 7 442,9 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар 5 816,4 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,5%-ды (2019 жылғы сәуірде – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 10,0%-ды (9,9%) құрады.

6. 2020 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша кредит нарығы

Шектеулі жұмыс режимі аясында банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2020 жылғы сәуірдің соңында 14 052,6 млрд теңгеге дейін бір айда 1,8%-ға төмендеді. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 7 315,0 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға, жеке тұлғаларға – 6 737,6 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға азайды.

Ұлттық валютамен кредиттер көлемі бір айда 11 650,3 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,8%-ға, ал жеке тұлғаларға – 1,9%-ға азайды. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 402,3 млрд теңгеге дейін 3,5%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 3,4%-ға, жеке тұлғаларға – 5,1%-ға азайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2020 жылғы сәуірдің соңында 82,9%-ды (2019 жылғы желтоқсанда – 83,4%-ды) құрады.

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 12 040,0 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға азайды, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 012,7 млрд теңгеге дейін 3,4%-ға азайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2020 жылғы сәуірде 2 044,9 млрд теңгеге дейін (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 14,6%-ы) 3,8%-ға азайды.

Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға кредиттерінің айтарлықтай сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,7%), сауда (12,3%), құрылыс (4,7%) және көлік (3,7%) сияқты салаларға тиесілі.

2020 жылғы сәуірде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,1%-ды (2019 жылғы сәуірде – 12,0%), жеке тұлғаларға – 17,1% (18,5%) құрады.

7. 2020 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша төлем жүйелері

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 17 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2020 жылғы сәуірде Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 53,8 трлн теңге сомаға 6,3 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы наурызбен салыстырғанда саны бойынша ұлғаю 73,6%-ды құрады, ал сомасы 12,5%-ға азайды). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 2,4 трлн теңге сомаға 285,9 мың транзакция жүргізілді.

2020 жылғы 1 мамырда Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын 22 банк пен «Қазпошта» АҚ шығарды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 37,8 млн бірлік болды, олардың ішінде 2020 жылғы сәуірде төлем карточкаларының 54,2%-ын оны ұстаушылар қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) ақшаны алу операцияларын жүргізу кезінде пайдаланды.

2020 жылғы сәуірде қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалану арқылы жүргізілген операциялардың көлемі 2,8 трлн теңге сомасына 159,8 млн транзакцияны құрады (2020 жылғы наурызбен салыстырғанда транзакциялар саны 18,1%-ға, сомасы – 20,5%-ға азайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі саны бойынша 87,8%-ға дейін (2020 жылғы наурызда – 85,9%), көлемі бойынша – 64,4%-ға (62,3%) дейін өсті.

Халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 2020 жылғы сәуірде 26,0 млрд теңге сомаға 0,1 млн аударымды құрады. 2020 жылғы наурызбен салыстырғанда ақша аударымдары көлемінің төмендеуі 46,7%-ды құрады. Жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санынан 66,5% (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасынан 86,6% (22,5 млрд теңге) жіберілді. Ақша аудару жүйелері арқылы Қазақстан Республикасы бойынша жалпы санынан 33,5% (0,04 млн транзакция) және жалпы сомасынан 13,4% (3,5 млрд теңге) жүргізілді. Халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелден 12,6 млрд теңге сомаға 0,1 млн транзакция алынды. 

8. 2020 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша зейнетақы жүйесі

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2020 жылғы қаңтар-сәуірде 831,0 млрд теңгеге немесе 7,7%-ға ұлғайып, 11 631,5 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы қаңтар-сәуірде зейнетақы активтерін инвестициялаудан «таза» кіріс 2020 жылғы 1 мамырда 4 869,8 млрд теңгеге дейін 536,0 млрд теңгеге ұлғайды.

2020 жылғы 1 мамырда міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың дербес зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ қосқанда) 10,9 млн шотты құрады.

2020 жылғы қаңтар-сәуірде зейнетақы төлемдерінің сомасы 52,6 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы 1 мамырда БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінде негізгі үлес Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына және Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздарына (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен тиісінше 41,5% және 27,3%) тиесілі.

9. Экономиканың нақты секторының кәсіпорындары мониторингінің нәтижелері туралы

2020 жылғы 1-тоқсанда экономиканың нақты секторындағы ахуалды бағалау мақсатында кәсіпорындарға 2020 жылғы сәуірде кезекті пікіртерім жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын білдіретін мониторингке қатысушы кәсіпорындардың саны 2020 жылғы 1-тоқсанда 3 194 кәсіпорынды құрады. ТЖ және карантин режимін енгізуге байланысты кәсіпорындар қызметінің тоқтатылуына байланысты пікіртерімге қатысушылар саны 72 кәсіпорынға қысқарды.

Мониторинг нәтижелері сұраныстың, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне, АҚШ доллары мен еуро бағамының теріс әсерінің өсуіне, берілген кредиттер көлемінің азаюына байланысты іскерлік белсенділіктің құлдырауын көрсетеді.

2020 жылғы 1-тоқсанда экономикада дайын өнімге сұраныстың төмендегені байқалды. Диффузиялық индекс (бұдан әрі – ДИ) барлық секторларда сұраныстың азаюы нәтижесінде 46,5 болды. Барынша көп төмендеу қызметтер секторында (ДИ=44,0), барынша аз төмендеу – тауарлар өндірісінде (ДИ=49,2) белгіленді. 2020 жылғы 2-тоқсанда кәсіпорындар сұраныстың одан әрі төмендеуін күтуде.

Кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі төмендеді: негізгі (36,0%-ға дейін) және айналым қаражатын (19,1%-ға дейін) қаржыландыруды жүзеге асырмаған кәсіпорындардың үлесі ұлғайды, меншікті қаражаты (62,8%-ға дейін) және банктік кредиттер (4,7%-ға дейін) есебінен негізгі қаражатты қаржыландырған кәсіпорындардың үлесі азайды. Бұрынғысынша кәсіпорындардың көпшілігі негізгі және айналым қаражатын қаржыландыру үшін меншікті қаражатын (тиісінше 62,8% және 81,7%) пайдаланады.

Валюта бағамының кәсіпорындардың қызметіне теріс әсері ұлғайды. АҚШ долларына қатысты теңге бағамының өзгеруінен қызметіне теріс әсер еткен кәсіпорындардың үлесі 40,8%-ға дейін және еуроға қатысты теңге бағамының өзгеруінен 26,2%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте Ресей рублі бағамының теріс әсерін атап өткен кәсіпорындардың үлесі (30,2%-ға дейін) азайды.

Ресей рублінің (48,7%), АҚШ долларының (41,5%) және еуроның (26,8%) есеп айырысуларда пайдаланылатын негізгі валюталар болып қалуы жалғасуда.

Пікіртерімдер нәтижелері бойынша кәсіпорындардың 31,2%-ы Қазақстан Республикасы экономикасының жай-күйі бизнесті жүргізуге кедергі болып табылатынын атап өтті. Пікіртерім жүргізілген респонденттердің 59,7%-ның пікірі бойынша 2020 жылғы 1-тоқсанда Қазақстан Республикасындағы экономикалық ахуал нашарлады, 38,8%-ы ахуал өзгерген жоқ деп санайды. Қазақстанда бизнесті жүргізудегі басқа негізгі кедергілер ретінде нарықтық бәсекелестік (27,5%), сатып алушыларды іздеу (сұраныстың жеткіліксіздігі) (21,1%), салық ауыртпалығының деңгейі (18,9%) болуда.

Жоғарыға