1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№41 Баспасөз релизі. Қаржы нарығындағы ахуал туралы

Жыл басынан бері инфляция 3,9% (2018 жылғы қаңтар-қазанда – 3,7%) болды. 2019 жылғы қаңтар-қазанда азық-түлік тауарларының бағасы 7,2%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 3,8%-ға өсті, ақылы қызмет көрсету бағасы 0,1%-ға төмендеді.

Жылдық инфляция 5,5% деңгейде қалыптасты және 4-6% нысаналы дәліздің ішінде тұр. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 9,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,2%-ға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны 0,8% болды.

2019 жылғы қазанда халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы 5,6% болды.

2. 2019 жылғы қазанның қорытындысы бойынша халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2019 жылғы қазанда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 2,4%-ға немесе 704,9 млн АҚШ долларына 29,5 млрд АҚШ долларына дейін (жылдың басынан бері төмендеуі – 4,6%, немесе 1,4 млрд АҚШ долл.) ұлғайды. Өсу алтынмен активтердің және банктердің және басқа ұйымдардың Ұлттық Банктегі шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтарының ұлғаюы есебінен болды.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (59,9 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2019 жылғы қазанның соңында 89,4 млрд АҚШ доллары болды.

Ақша базасы 2019 жылғы қазанда 8,1%-ға (жыл басынан бері 6,1%-ға) кеңейді және 7 058,8 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 5 502,0 млрд. теңгеге дейін 4,9%-ға кеңейді (жыл басынан бері 8,2%-ға тарылды).

2019 жылғы қазанда ақша массасы, алдын ала деректер бойынша 3,3%-ға (жыл басынан бері 0,9%-ға) ұлғайып, 21 008,3 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 231,0 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға төмендеді (жыл басынан бері 1,3%-ға төмендеді).

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банктің 2019 жылғы 28 қазандағы шешімімен базалық мөлшерлеме +/-1%- дық1 дәлізбен жылдық 9,25% деңгейде сақталды.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы2 2019 жылғы қазан ішінде басым түрде пайыздық дәліздің төменгі шегі және Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі деңгейі арасында қалыптасты. 2019 жылғы қазанда TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,49% (2019 жылғы қыркүйекте – 8,81%) болды.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2019 жылғы қазанның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 3,8 трлн теңге болды.

Тікелей репо операциялары бойынша Ұлттық Банктің ашық позициясының көлемі 114,2 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 801,3 млрд теңгеге дейін, оның ішінде депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі – 467,5 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі 2019 жылғы қазанның соңында бір айда 4,8%-ға ұлғайып, 2 986,1 млрд теңге болды.

Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2019 жылғы қазанда 1 063,6 млрд теңгені құрады. 8 аукцион өткізілді, оның ішінде 673,6 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,41%), 180,1 млрд теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 2 аукцион (кірістілік – 9,87%), 73,27 млрд теңге сомаға жарты жылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 10,08%), 136,6 млрд теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 2 аукцион (кірістілік – 10,00%).

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі бір айда 966,45 млрд теңгені құрады.

Кірістілік қисығын қалыптастыру. 2019 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 19,8 млрд теңге сомаға орта мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыруды жүзеге асырды. 4 аукцион өткізілді, оларға 5 жылдық МЕОКАМ, 7 жылдық, 9 жылдық және 15 жылдық МЕУКАМ орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 9,13% – 9,90% аралығында болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2019 жылғы қазанда 0,7%-ға қысқарып, 8 123,0 млрд теңге болды.

2019 жылғы қазанда кірістілік қисығының қысқа мерзімді сегментінде сыйақы мөлшерлемелерінің өсуі байқалды, бұл қарастырылып отырған кезеңде шығарылған Қаржы министрлігінің 10 жылға дейінгі борыштық міндеттемелерінің пайдасына нарыққа қатысушылардың мүдделерінің өзгеруіне байланысты болды. Бұл ретте ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі де салыстырмалы түрде өсуді көрсетті. Атап өтілген өзгерістердің нәтижесінде кірістілік қисығы теңеліп, оның нысанының инверсиялық деңгейі төмендеді, бұл инвесторлардың күтулерінің өзгеруін көрсетеді.

4. 2019 жылғы қазандағы валюта нарығы

2019 жылғы қазанда теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 387,90–390,12 теңге аралығында өзгерді. 2019 жылғы қазанның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,2%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 388,71 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 13,0 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі – 2,1 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 10,9 млрд АҚШ доллары болды. Бұл ретте, бір еншілес банктің биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлеміндегі үлесі 69,3% (2019 жылғы қыркүйекте 69,5%) болды, бұл олардың меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеуімен байланысты болды. Аталған операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс немесе ұсыныс арақатынасына әсер етпейді.

2019 жылғы қазанда халық нетто-негізде 250,5 млрд теңгеге барабар сомаға (2019 жылғы қыркүйекте – 231,4 млрд теңге) қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 72,8% немесе 182,2 млрд теңге, Ресей рублін – 19,9% немесе 50,0 млрд теңге, еуро – 7,1% немесе 17,8 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Өткен аймен салыстырғанда аталған шығыстар 8,2%-ға ұлғайды. Валюта түрлері бойынша бөліністе АҚШ доллары мен Ресей рублін сатып алуға шығыстар тиісінше 20,8%-ға және 12,9%-ға ұлғайды, еуро сатып алуға шығыстар 49,6%-ға азайды.

5. 2019 жылғы қазанның қорытындысы бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 3,7%-ға ұлғайып, 2019 жылғы қазан айының соңында 18777,2 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 9 973,3 млрд теңгеге дейін 6,1%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 8 803,9 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 10 381,1 млрд теңгеге дейін 1,6%- ға, шетел валютасындағы – 8 396,1 млрд теңгеге дейін 6,3%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2019 жылғы қазанның соңында 44,7% болды (2018 жылғы желтоқсанда – 48,4%).

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2019 жылғы қазанда 5 389,4 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға, шетел валютасындағы – 4 584,0 млрд теңгеге дейін 12,8%-ға ұлғайды (заңды тұлғалар депозиттерінің 46,0%-ы).

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 4991,7 млрд теңгеге дейін 2,3%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы – 3812,2 млрд теңгеге дейін 0,5%-ға азайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 43,3%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 2,4%-ға ұлғайып, 12 304,8 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 6 908,8 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар 5 396,0 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,2%-ды (2018 жылғы желтоқсанда – 7,1%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 9,2%-ды (10,4%) құрады.

6. 2019 жылғы қазанның қорытындысы бойынша кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 0,8%-ға ұлғайып, 2019 жылғы қазанның соңында 13 501,9 млрд теңге болды. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 7 118,8 млрд теңгеге дейін 0,6%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға – 6 383,1 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютамен кредиттер көлемі бір айда 11 161,3 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға өсті. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,7%-ға азайды, ал жеке тұлғаларға – 2,5%-ға өсті. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 340,6 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,2%-ға, жеке тұлғаларға - 2,7%-ға азайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2019 жылғы қазанның соңында 82,7%-ды құрады (2018 жылғы желтоқсанда – 77,1%).

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 11 540,1 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға өсті, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 1 961,7 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға азайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2019 жылғы қазанда 2 092,0 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға төмендеді (экономикадағы кредиттердің жалпы көлемінен 15,5%).

Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға кредиттерінің айтарлықтай сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,8%), сауда (12,2%), құрылыс (5,1%) және көлік (3,9%) сияқты салаларға тиесілі.

2019 жылғы қазанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,0%-ды (2018 жылғы желтоқсанда – 11,7%), жеке тұлғаларға – 18,0%-ды (17,2%) құрады.

7. 2019 жылғы қазанның қорытындысы бойынша төлем жүйелері

2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 17 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2019 жылғы он айда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 648,2 трлн теңге сомаға 34,3 млн транзакция өткізілді (2018 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда саны мен сомасы 3,2%-ға) азайды. Бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы орташа алғанда 3,2 трлн теңге сомаға 166,5 мың транзакция жүргізілді.

2019 жылғы қаңтар-қазан аралығында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар көлемі 24,1 трлн теңге сомаға 1,2 млрд транзакцияны құрады (2018 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда транзакциялар саны 94,1%-ға, сомасы 52%-ға өсті). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялардың жалпы құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі саны бойынша 74,2%-ға дейін (2018 жылы – 63,9%), көлемі бойынша 43,9%-ға дейін (30,8%) өсті.

2019 жылғы 1 қарашада Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығаруды 22 банк пен «Қазпочта» АҚ жүзеге асырды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 31,2 млн бірлікті құрады, ақы төлеуге төлем карточкаларын қабылдайтын 91,1 мың сауда кәсіпорны жұмыс істеді, төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі 11,7 мың банкомат пен 163 мың POS-терминал арқылы ұсынылған.

2019 жылғы он айда халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 577,0 млрд теңге сомаға 2,4 млн аударымды құрады. 2018 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда ақша аударымдары көлемінің артуы 2,7%-ды құрады. Қазақстаннан тыс жіберілген аударымдардың жалпы көлемінен транзакцияның жалпы санының (2,2 млн транзакция) 92,0%-ы және жалпы сомасының 93,7%-ы (540,4 млрд теңге) бағытталды. Қазақстан бойынша ақша аударымы жүйелері арқылы ақша аударымдарының жалпы санынан 8,0% (0,2 млн транзакция) және жалпы сомасынан 6,3%

(36,6 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 290,2 млрд теңге сомаға 1,4 млн транзакция алынды.

8. 2019 жылғы қазанның қорытындысы бойынша банк секторы

Банк секторының жиынтық активтері жыл басынан бері 4,9%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 қарашада 26 467,5 млрд теңгені құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 49,4%, бағалы қағаздар портфеліне – 20,1%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 12,0% тиесілі.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 302,4 млрд теңгені немесе несие портфелінің 9,1%-ын құрады.

2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 27 банк жұмыс істейді.

Несие портфелі бойынша провизиялар 2 278,1 млрд теңге немесе несие портфелінің 15,9%-ы (2019 жылдың басында – 1776,6 млрд теңге немесе 12,9%) мөлшерінде қалыптасты.

Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері жыл басынан бері 4,1%-ға ұлғая отырып, 2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 23 136,8 млрд теңгені құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлес клиенттердің салымдарына – 77,2%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздарға – 8,2%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздарға – 2,7% тиесілі.

Банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері жиынтық міндеттемелерде 2019 жылдың басымен салыстырғанда 6,2%- дан 5,3%-ға дейін немесе 1 098,0 млрд теңгеге дейін азайды.

Банк секторының жиынтық меншікті капиталы жыл басынан бастап 10,2%-ға ұлғая отырып, 2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 3 330,8 млрд теңгені құрады.

Таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 501,1 млрд теңгені құрады.

2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді тиісінше 5,1% және 3,9% болды.

9. 2019 жылғы қазанның қорытындысы бойынша сақтандыру нарығы

2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша сақтандыру секторында 27 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2019 жылғы 1 қарашада 1 168,5 млрд теңге (жыл басынан бастап 11,4%-ға өсу) болды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері жыл басынан бері 8,7%-ға 630,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін қалыптастырған сақтандыру резервтерінің көлемі жыл басынан бері 579,4 млрд теңгеге дейін 11,5%-ға өсті.

Меншікті капитал жыл басынан бері 14,9%-ға ұлғайып, 538,1 млрд теңгені құрады.

2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылдың осындай көрсеткішімен салыстырғанда 416,2 млрд теңгеге дейін 31,0%-ға өсті, оның ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 379,8 млрд теңге болды.

2019 жылғы қазанның қорытындылары бойынша «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда

118,2 млрд теңгеге дейін 77,6%-ға ұлғайды. «Өмірді сақтандыру» саласы бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық сақтандыру сыйлықақыларындағы үлесі 28,4%-ды құрады (2018 жылғы 1 қарашада – 21,0%).

Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 65,5 млрд теңгені немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 15,7%-ын құрады. Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының 87,4%-ы Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қайта сақтандыруға берілді.

2019 жылдың басынан бері жүргізілген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі (қайта сақтандыруға қабылданған шарттар бойынша жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін шегергенде) 106,1 млрд теңгені құрады, ол 2018 жылғы осындай кезеңге қарағанда 82,3%-ға көп.

10. 2019 жылғы қазанның қорытындысы бойынша зейнетақы жүйесі

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2019 жылы 10 айда 1 181,7 млрд теңгеге немесе 12,6%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 10 559,3 млрд теңгені құрады.

2019 жылғы қаңтар-қазанда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» кіріс 551,1 млрд теңгеге, 2019 жылғы 1 қарашада 4 243,1 млрд теңгеге дейін өсті.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны есептегенде) 2019 жылғы 1 қарашада 10,0 млн шотты құрады.

2019 жылы 10 айда зейнетақы төлемдерінің сомасы 170,3 млрд теңге болды.

2019 жылғы 1 қарашада БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары және ҚР эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары құрайды (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің тиісінше 38,2%-ы және 30,1%-ы).

11. 2019 жылғы 3 тоқсанда экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының мониторинг нәтижелері туралы

2019 жылы қазанда экономиканың нақты секторында жағдайды бағалау мақсатында 2019 жылы 3-тоқсанда кәсіпорындардың кезекті мониторингі жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын білдіретін мониторингке қатысушы кәсіпорындар саны 2019 жылғы 3-тоқсанда 3244 кәсіпорынды, оның ішінде 1605 орта және ірі кәсіпорындарды құрады. Кәсіпорындар мониторингінің нәтижелері экономикадағы өндірістің бағасы мен көлемінің өсу қарқынының күтілетін төмендеуімен байланысты нақты сектордағы іскери белсенділіктің бәсеңдеуін көрсетті.

2019 жылғы 3-тоқсанда экономикада дайын өнімге сұраныстың жандануы байқалды: диффуздық индекс (бұдан әрі – ДИ) қызметтер секторындағы (ДИ=49,7) сұраныс бір мезгілде төмендеген кезде тауарлар өндірісі секторындағы (ДИ=52,5) сұраныстың ұлғаюы нәтижесінде 51,0 құрады. Өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпорындардың өніміне сұраныс тау-кен өнеркәсібінің өніміне қарағанда жоғары болды (тиісінше, ДИ=52,9 және 50,8).

Кәсіпорындардың күтуі бойынша 2019 жылғы 4-тоқсанда дайын өнімге (ДИ = 52,4) сұраныстың өсу қарқынының біршама ұлғаюы күтілуде. Жалы алғанда, сұраныстың өсуін барлық салалардың кәсіпорындары күтуде.

Талдау жүргізілген кезеңде кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі жақсарды: меншікті қаражат және банктік кредиттер есебінен негізгі және айналым қаражаттарын қаржыландырған кәсіпорындардың үлесі ұлғайды және қаржыландыруды жүзеге асырмаған кәсіпорындардың үлесі төмендеді. Кәсіпорындардың көбі негізгі және айналым қаражаттарын қаржыландыру үшін меншікті қаражаттарын пайдаланады (тиісінше, 65,3% және 81,1%).

Кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігін шектейтін негізгі себептер қаржы құралдарының жетіспеушілігі (28,9% кәсіпорын) және басқа кәсіпорындар тарапынан нарықтық бәсекелестік (22,9% кәсіпорын) болып отыр.

2019 жылғы 3-тоқсанда 20,3% сұрау жүргізілген кәсіпорындар кредит алу үшін банкке жүгінген, 18,2% кәсіпорын кредит алды (немесе кредит үшін жүгінгендерден 89,7%). Кредиттеуден бас тартылғандардың үлесі пікіртерім жүргізуге қатысушылардың жалпы санынан 2,1% болды (кредитке жүгінгендерден 10,3%).

15% пікіртерім жүргізілген кәсіпорын 2019 жылғы 4-тоқсанда кредит үшін өтініш беруге ниетті. Өңдеуші өнеркәсіпте мұндай кәсіпорындардың үлесі 22,3%, тау-кен өңдеуде – 9,6% болды.

Валюта бағамының кәсіпорындардың қаралып отырған кезеңдегі шаруашылық қызметіне ықпалы түрлі бағытта болды. Теңгенің АҚШ долларына бағамының өзгеруінен шаруашылық қызметіне теріс ықпал сезінген кәсіпорындар үлесі 35%-ға дейін ұлғайды. Сонымен бірге теңгенің еуроға және Ресей рубліне (тиісінше 21,5% және 34,8%) бағамының өзгеруінен теріс ықпал сезінген кәсіпорындар үлесінің төмендеуі байқалады.

Есеп айырысуларда пайдаланылатын негізгі валюталар ретінде Ресей рублі (53,7% кәсіпорын) және АҚШ доллары (45,9% кәсіпорын) қалып отыр.

396.18 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға