1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№40 Баспасөз релизі. Қаржы секторын дамыту перспективалары Алматы қаласындағы конференцияда талқыланды

«2019-2021 жылдары инфляция бойынша нысаналы дәліз 4-6% мөлшерде белгіленді. Қазанның қорытындылары бойынша инфляцияның жылдық деңгейі 5,5% болды және нысаналы дәліздің ішінде тұр. 2022 жылдан бастап біз инфляцияның дәлізін 4% орталық мәнге жақын 3-5%-ға дейін төмендетуге ниеттіміз», - деді Е.Досаев.

Оның айтуынша, Қазақстан салыстырмалы түрде жақында ғана инфляциялық таргеттеу режиміне өтті. Соңғы 20 жылда дамыған елдердің 40-тан астамы инфляцияны таргеттеуді бастады.

«Шикізаттың негізгі экспорттаушылары болып табылатын, экономикасы ашық көптеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, тұрақты төмен инфляцияға және экономиканың орнықты ұзақ мерзімді дамуына қол жеткізу үшін ең үздік режим өзгермелі айырбастау бағамы бар инфляциялық таргеттеу болып табылады», - деп атап өтті Ұлттық Банк басшысы.

Бұл режим нарыққа қатысушылардың және халықтың орталық банкке сенімінің жоғары деңгейін талап етеді. Елдердің тәжірибесіне орай, ақша-кредит және валюта саясатының сеніміне ие болу орташа алғанда 10 жылға дейін уақытты қажет етеді.

Е.Досаев Ұлттық Банктің алдағы жылға арналған Ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарын жыл сайын жариялап отыратындығын атап өтті.

«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз алғаш рет орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға арналған ақша-кредит саясатын айқындайтын құжат – Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірлейміз», - деді Ұлттық Банк Төрағасы.

Жария құжат Ұлттық Банктің алдағы 10 жылға арналған бағдарларын белгілейді. Стратегияда инфляциялық таргеттеу режимінің негізгі ережелері, құрамдас бөліктері және қағидаттары, құрылымдық шектеулер және ақша-кредит саясатын жүргізуге арналған бағыттар белгіленеді. Сондай-ақ транспаренттілікті және Ұлттық Банк саясатына деген сенімді арттыру жөніндегі шаралар көрсетіледі.

«Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфелі ағымдағы жылғы 9 айда алғаш рет 13,4 трлн теңгеге дейін 2,3%-ға ұлғайды. Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда кредиттік портфель төмендегеннен кейін ол 7,4%-ға немесе 921,8 млрд теңгеге өсті. Басым қарқынды біз, ең алдымен бөлшек кредиттеудің 14,7%-ға өскенінен көреміз. Бизнестің кредиттік портфелінде де өсуі көріне бастады – сәуір – қыркүйек аралығында 7,2 трлн теңгеге дейін 1,8%-ға өсті», - деді Е.Досаев.

Кредиттеуді толыққанды қалпына келтіру экономиканың нақты секторының кредиттелу проблемасын шешуді талап етеді. Нақты сектордың тәуекелдері айтарлықтай борыш жүктемесі, сондай-ақ төмен немесе теріс капиталы бар қаржылық-осал кәсіпорындар үлесінің жоғары болуына байланысты.

«Кредиттеудің сапалы өсуін қамтамасыз ету мақсатында банктердің қарыз алушыларды және олардың кредит қабілеттілігін бағалаудың ішкі рәсімдері күшейтілді. Андеррайтингтік талаптарды арттыру нашар кредиттік тарихы бар қарыз алушылардың кредиттеуге қолжетімділігін шектейді. Бұл экономиканы жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын игеруге әсер етті», - деп атап өтті Ұлттық Банк басшысы.

Бұдан басқа, Е.Досаев соңғы жылдары банк жүйесі біршама нығайғанын хабарлады. Банктерді капиталдандыру өсуде, 2017 жылдан бастап банктердің капиталы 30%-дан астам өсті, ол проблемалық қарыздарды төмендетумен қоса проблемалық қарыздарды капиталмен өтеудің 4 еседен астам өсуіне әкелді.

Ұлттық Банк басшысы сөз сөйлеуі барысында технологиялық инновациялар дәстүрлі қаржы жүйесін түбегейлі өзгертеді деп ерекше атады. Отандық банктер инновациялық технологияларды, онлайн сервистерді енгізуде және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

«Соңғы 3 жылда халықтың қолма-қол ақшасыз операцияларының көлемі 5 есе өсті және ағымдағы жылғы 10 айда 10,1 трлн теңге болды. Онлайн банкинг арқылы операциялар қолма-қол ақшасыз транзакциялардың жалпы көлемінен 66% болды, 18 млн астам пайдаланушы тіркелді. Орташа алғанда бір күнде халық 30 млрд теңге сомадан астам 3 млн қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізуде», - деді Е. Досаев.

Қаржы технологияларының екпінді дамуы мен өмірге енуі банк секторы үшін сын-қатерлер туғызуда. Бұл банктердің қазіргі бизнес-модельдерінің, сондай-ақ реттеушінің пайымдауының өзгеруін талап етеді.

Қаржы технологияларының жүйелік шаралары мен болашақ бағыттарын анықтау, барабар реттеуді құру үшін Ұлттық Банк тиісті Тұжырымдама әзірлеуде, ол дайындалуына қарай қаржы секторымен талқыланатын болады.

«Біздің стратегиялық мақсатымыз – бәсекеге қабілетті және мықты қаржы секторын құру, қаржы ұйымдары жұмысының тиімділігін арттыру. Осы мақсатты іске асыру үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық Банк қаржы нарығын реттеу бойынша өз мандатын жаңа тәуелсіз орган - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне береді», - деп хабарлады Ұлттық Банк Төрағасы.

Қаржы секторымен табысты іс-қимыл жасау үшін Агенттік Алматы қаласында болады, ол қалаға қаржы орталығы мәртебесін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Конференцияға сондай-ақ Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары, Қаржы министрі А.Смайылов, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Е. Бахмутова, екінші деңгейдегі банктердің, халықаралық қаржы ұйымдарының басшылары мен қаржылық сарапшылар қатысты.

539.72 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға