1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№ 27 баспасөз релизі. Қаржы нарығындағы ахуал туралы

Жыл басынан бері инфляция 2,8% (2018 жылғы қаңтар-шілдеде – 2,7%) болды. Қаңтар-шілдеде азық-түлік тауарларының бағасы 6,0%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 2,4%-ға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасы 0,7%-ға төмендеді.

Жылдық инфляция 5,4% деңгейде қалыптасты және 4-6% нысаналы дәліздің ішінде тұр. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 8,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,9%-ға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны ең аз тарихи мәнге жетіп, 0,8% болды.

2019 жылғы шілдеде халықтың инфляциялық күтулері өткен айдағы деңгейде сақталды. Халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы 5,4% болды.

2. 2019 жылғы шілденің қорытындысы бойынша халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2019 жылғы шілдеде Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 1,8%-ға немесе 520,0 млн АҚШ долларынан 27,7 млрд АҚШ долларына дейін (жылдың басынан беруі – 10,4%, немесе 3,2 млрд АҚШ долл.) төмендеді.

Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуі, банктердің және басқа ұйымдардың Ұлттық Банктегі корреспонденттік, ағымдағы және мерзімді шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтардың ұлғаюы, сондай-ақ алтын сатып алу бойынша операциялар Ұлттық қордың активтерін толықтыру және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша және екінші деңгейдегі банктермен валюталық-пайыздық свопты өтеу операцияларымен бейтараптандырылды.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (59,9 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2019 жылғы шілденің соңында 87,6 млрд АҚШ доллары болды.

Ақша базасы 2019 жылғы шілдеде 11,5%-ға кеңейді және 7 078,5 млрд теңге (жыл басынан бері 6,4%-ға) болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 6 132,2 млрд. теңгеге дейін 17,0%-ға (2,3%-ға) кеңейді.

2019 жылғы шілдеде ақша массасы, алдын ала деректер бойынша, 1,6%-ға ұлғайып, 19 848,0 млрд теңге (жыл басынан бері 4,6%-ға төмендеу) болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 236,2 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға (1,1%-ға төмендеу) ұлғайды.

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банктің 2019 жылғы 15 шілдедегі шешімімен базалық мөлшерлеме +/-1%- дық1 дәлізбен жылдық 9,00% деңгейінде сақталды.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы2 2019 жылғы шілде ішінде басым түрде пайыздық дәліздің төменгі шегі және Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі деңгейінде қалыптасты. 2019 жылғы шілдеде TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,12% (2019 жылғы маусымда – 8,31%) болды.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2019 жылғы шілденің соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 3,8 трлн теңге болды.

Тікелей РЕПО операциялары бойынша Ұлттық Банктің ашық позициясының көлемі 52,1 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 897,4 млрд теңгеге дейін, оның ішінде депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі – 423,7 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі 2019 жылғы шілденің соңында бір айда 5,2% -ға қысқарып, 2 983,5 млрд теңге болды.

Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2019 жылғы шілдеде 1 426,6 млрд теңгені құрады. 9 аукцион өткізілді, оның ішінде 932,9 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 5 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,08%), 114,8 млрд теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 2 аукцион (кірістілік – 9,58%), 35 млрд теңге сомаға 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,79%), 343,9 млрд теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,97%).

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі бір айда 1 206,2 млрд теңгені құрады.

Кірістілік қисығын қалыптастыру. 2019 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 348,8 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды (МЕУКАМ) орналастыруды жүзеге асырды. 4 аукцион өткізілді, оларға 14 жылдық, 15 жылдық, 18 жылдық және 20 жылдық МЕУКАМ орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 8,46% - 8,71% аралығында болды.

Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2019 жылғы шілдеде 4,3%-ға ұлғайып, 8 176,2 млрд теңге болды.

Шілдеде кірістілік қисығы ноттар және орта мерзімді қазынашылық міндеттемелер (3 жылға дейін) бойынша мөлшерлемелердің өткен аймен салыстырғанда азаюы және тұрақтануы есебінен өз пішінін өзгертті. Шілдеде негізгі мөлшерлеменің сақталуы аясында айналыс мерзімі ұзақ облигациялар үшін сыйақы мөлшерлемесінің салыстырмалы өсуі тіркелді.

4. 2019 жылғы шілдедегі валюта нарығы

2019 жылғы шілдеде теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 380,71–385,10 теңге аралығында өзгерді. 2019 жылғы шілденің соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 1,0%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 384,21 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,8 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі – 2,7 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 10,0 млрд АҚШ доллары болды. Бұл ретте, бір еншілес банктің биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлеміндегі үлесі 74,3% (2019 жылғы маусымда 74,8%) болды, бұл олардың меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеуімен байланысты болды. Аталған операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетелдік валютаға сұраныс немесе ұсыныс арақатынасына әсер етпейді.

2019 жылғы шілдеде халық нетто-негізде 241,1 млрд теңгеге барабар сомаға (2019 жылғы маусымда – 491,8 млрд теңге) қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 61,0% немесе 147,1 млрд теңге, Ресей рублін – 20,3% немесе 48,9 млрд теңге, еуро – 18,3% немесе 44,0 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Өткен аймен салыстырғанда аталған шығыстар 51,0%-ға азайды. Валюта түрлері бойынша бөліністе АҚШ доллары мен Ресей рублін сатып алуға шығыстар тиісінше 61,7%-ға және 25,0%-ға азайды, еуро сатып алуға шығыстар 6,9%-ға ұлғайды.

2019 жылғы шілдеде шетел валютасына сұраныстың төмендеуі, ең алдымен, теңгенің күрт әлсіреуі туралы іске асырылмаған қауесет аясындағы девальвациялық күтулердің төмендеуіне байланысты болды. Шілдеде қолма-қол шетел валютасы нарығына демалыстар кезеңімен, шағын кәсіпкерліктің жекелеген санаттарының сауда қызметімен, ақшалай аударымдармен және еңбек мигранттарының шетелге шетел валютасын әкетуімен байланысты дәстүрлі маусымдық сұраныс әсер етті.

5. 2019 жылғы шілденің қорытындысы бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 1,8%-ға артты және 2019 жылғы шілде айының соңында 17 611,8 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 8 999,9 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 8 611,9 млрд теңгеге дейін 0,5%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 9 749,6 млрд теңгеге дейін 3,5%-ға азайды, шетел валютасындағы – 7 862,2 млрд теңгеге дейін 9,1%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2019 жылғы шілденің соңында 44,6% болды (2018 жылғы желтоқсанда – 48,4%).

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2019 жылғы шілдеде 4 985,4 млрд теңгеге дейін 8,0%-ға азайды, шетел валютасындағы – 4 014,4 млрд теңгеге дейін 20,9%-ға ұлғайды (заңды тұлғалар депозиттерінің 44,6%-ы).

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 4 764,1 млрд теңгеге дейін 1,8%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы – 3 847,8 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға азайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 44,7%-ы). 

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 4,1%-ға төмендеп, 11 324,0 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 6 399,6 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар 4 924,4 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,2%-ды (2018 жылғы желтоқсанда – 7,1%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 9,7%-ды (10,4%) құрады.

6. 2019 жылғы шілденің қорытындысы бойынша кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2019 жылғы шілденің соңында 13 053,6 млрд теңге болды (бір айда 1,1%-ға өсу). Заңды тұлғаларға кредиттердің көлемі 7 071,4 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға – 6 012,3 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютамен кредиттер көлемі бір айда 10 702,2 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,5%-ға азайды, жеке тұлғаларға – 3,2%-ға өсті. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 351,5 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,9%-ға ұлғайды, жеке тұлғаларға - 2,5%-ға төмендеді. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2019 жылғы шілденің соңында 82,0%-ды құрады (2018 жылғы желтоқсанда – 77,1%).

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 11 159,5 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға өсті, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 1 894,1 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға азайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу бір айда 2 245,2 млрд теңгеге дейін 0,5%-ға азайды (экономикадағы кредиттердің жалпы көлемінен 17,2%-ы).

Салалар бойынша бөлінген банктердің экономикаға кредиттерінің ең қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,0%), сауда (13,1%), құрылыс (5,2%) және көлік (3,7%) сияқты салаларға тиесілі.

2019 жылғы шілдеде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,0%-ды (2018 жылғы желтоқсанда – 11,7%), жеке тұлғаларға – 18,9%-ды (17,2%) құрады.

7. 2019 жылғы шілденің қорытындысы бойынша төлем жүйелері

2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 17 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкаларының жүйелері жұмыс істейді.

2019 жылғы жеті ай ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 504,7 трлн теңге сомаға 23,5 млн транзакция жүргізілді (2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда төлемдердің саны 1,5%-ға азайды, ал сомасы 7%-ға ұлғайды). Орташа алғанда бір күн ішінде аталған төлем жүйелері арқылы 3,6 трлн теңге сомаға 166,7 мың транзакция жүргізілді.

2019 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың көлемі 15,5 трлн теңге сомаға 797,1 млн транзакцияны құрады (2018 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда транзакциялардың саны 97,4%-ға ұлғайды, сомасы 50,2%-ға өсті). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер үлесі саны бойынша 72,7%- ға дейін (2018 жылы – 62,3%), көлемі бойынша 40,7%-ға дейін (28,8%) өсті.

2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында төлем карточкаларының шығарылымын 22 банк пен «Қазпочта» АҚ жүзеге асырды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 29,4 млн бірлік болды, төлем жасауға төлем карточкаларын қабылдайтын 89,1 мың сауда кәсіпорны жұмыс істеді, төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі 11,0 мың банкомат және 152,2 мың POS-терминал болды.

2019 жылғы жеті ай ішінде халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 369,1 млрд теңге сомаға 1,6 млн аударымды құрады. 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ақша аударымдары көлемі 0,8%-ға ұлғайды. Қазақстаннан тыс жерлерге жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінен транзакциялардың жалпы санының 92,7%-ы (1,5 млн транзакция) және жалпы сомасының 93,6%-ы (345,5 млрд теңге) жіберілді. Қазақстан бойынша ақша аударымы жүйелері арқылы ақша аударымдарының жалпы санынан 7,3% (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасынан 6,4% (23,6 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 203,0 млрд теңге сомаға 0,9 млн транзакция алынды.

8. 2019 жылғы шілденің қорытындысы бойынша банк секторы

2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 28 банк жұмыс істейді.

Банк секторының жиынтық активтері 2019 жылғы 1 тамызда 25 247,1 млрд теңгені (2019 жылдың басынан бері 0,01%-ға ұлғайды) құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 49,6%, бағалы қағаздар портфеліне – 20,1%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 13,3% тиесілі.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 300,9 млрд теңгені немесе несие портфелінің 9,5%-ын құрады.

Несие портфелі бойынша провизиялар 2 255,8 млрд теңге немесе несие портфелінің 16,4%-ы (2019 жылдың басында – 1 776,6 млрд теңге немесе 12,9%) мөлшерінде қалыптасты.

Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 22 062,1 млрд теңгені (2019 жылдың басынан бері 0,7%-ға азаю) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлес клиенттердің салымдарына – 76,3%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздарға – 8,3%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздарға – 2,6% тиесілі.

Банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері жиынтық міндеттемелерде 2019 жылдың басымен салыстырғанда 6,2%- дан 5,1%-ға дейін немесе 1 049,0 млрд теңгеге дейін азайды.

Банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 3 184,9 млрд теңгені (2019 жылдың басынан бастап 5,4%-ға ұлғаю) құрады.

Таза пайда (ағымдағы шығыстардың ағымдағы кірістерден асып кетуі) 277,5 млрд теңгені құрады. 2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді тиісінше 4,8% және 3,7% болды.

9. 2019 жылғы шілденің қорытындысы бойынша сақтандыру нарығы

2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша сақтандыру секторында 27 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2019 жылғы 1 тамызда жыл басынан бастап 7,6%-ға ұлғайды және 1 127,7 млрд теңгені құрады.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері жыл басынан бері 613,9 млрд теңгеге дейін 5,8%-ға ұлғайды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қолданыстағы сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін қалыптастырған сақтандыру резервтерінің көлемі жыл басынан бері 573,5 млрд теңгеге дейін 10,4%-ға өсті.

Меншікті капитал жыл басынан бері 9,7%-ға ұлғайып, 513,8 млрд теңгені құрады.

2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2018 жылдың осындай көрсеткішімен салыстырғанда 299,9 млрд теңгеге дейін 22,3%-ға ұлғайды, оның ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 271,4 млрд теңге болды. «Өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру сыйлықақылары 80,4 млрд теңгеге дейін 84,9%-ға ұлғайды. «Өмірді сақтандыру» саласы бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық сақтандыру сыйлықақыларындағы үлесі 26,8%-ды құрады.

Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 49,2 млрд теңгені немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 16,4%-ын құрады. Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының 90,9%-ы Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қайта сақтандыруға берілді.

2019 жылдың басынан бері жүргізілген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі (қайта сақтандыруға қабылданған шарттар бойынша жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін шегергенде) 77,5 млрд теңгені құрады, ол 2018 жылғы осындай кезеңге қарағанда 75,5%-ға көп.

10. 2019 жылғы шілденің қорытындысы бойынша зейнетақы жүйесі

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары жеті айда 788,9 млрд теңгеге немесе 8,4%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 166,6 млрд теңгені құрады.

2019 жылғы қаңтар-шілдеде зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» пайда 363,2 млрд теңгеге ұлғайып, 4 055,2 млрд теңгеге дейін өсті.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ шоттарды есептегенде) 2019 жылғы 1 тамызда 10,0 млн шотты құрады.

2019 жылғы жеті айда зейнетақы төлемдерінің сомасы 124,0 млрд теңге болды.

2019 жылғы 1 тамызда БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары және ҚР эмитенттерінің корпоративтік бағалы қағаздары құрайды (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің тиісінше 39,3%-ы және 29,0%-ы).

11. Экономиканың нақты секторы кәсіпорындарына жүргізілген 2019 жылғы 2-тоқсандағы мониторинг нәтижелері туралы

Экономиканың нақты секторындағы 2019 жылғы 2-тоқсандағы ахуалды бағалау мақсатында 2019 жылғы шілдеде кәсіпорындарға кезекті мониторинг жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын көрсететін мониторингке қатысушы кәсіпорындардың саны 2019 жылғы 2-тоқсанда 3 217 кәсіпорын болды, оның ішінде орта және ірі кәсіпорындар – 1 603.

2019 жылғы 2-тоқсанда дайын өнімге сұраныстың өсуі жалғасты, бірақ оның қарқыны төмендеді және диффузиялық индекс (ДИ) 54,3-ті құрады. Экономиканың барлық салаларында - тауарларға да, сонымен қатар қызметтерге де сұраныстың өсу қарқынының төмендеуі байқалды (ДИ = тиісінше 55,1 және 53,5). Бұл ретте өңдеу кәсіпорындарының өнімдеріне сұраныс тау-кен өнімдеріне қарағанда жоғары болды (ДИ = тиісінше 56,0 және 53,2).

2019 жылғы 3-тоқсанда да кәсіпорындарда қызметтерге және дайын өнімге сұраныс қарқынының әрі қарай бірқатар төмендеуі күтіледі (ДИ = 53,1).

2019 жылғы 2-тоқсанда кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі түрлі бағытта болды. Негізгі құралдарды қаржыландыруға қатысты инвестициялық белсенділік жақсарды, ал кәсіпорындардың айналыс құралдарына инвестициялау төмендеді. Кәсіпорындардың көпшілігі негізгі және айналым қаражатын өз қаражаты есебінен қаржыландырады (тиісінше 64,4% және 79,9%).

Негізгі құралдарды қаржыландыру үшін банктік кредиттерді кәсіпорынның 5,6%-ы, айналыс құралдарына қаржыландыру үшін – кәсіпорынның 14,9%-ы пайдаланды. Қаржы құралдарының жетіспеушілігі (29,0% кәсіпорын) және басқа кәсіпорындар тарапынан нарықтық бәсекелестік (22,5% кәсіпорын) кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігін шектейтін негізгі себептер болып қалуда.

2019 жылғы 2-тоқсанда сауалдама жүргізілген кәсіпорындардың 19,9%-ы кредит алу үшін банкке өтініш жасады, кәсіпорындардың 17,5%-ы (немесе кредит алуға өтініш жасағандар санының 87,9%-ы) кредит алды. Кредиттеуден бас тарту үлесі сауалдамаға қатысушылардың жалпы санының 2,4%-ын құрады.

2019 жылғы 3-тоқсанда сауалдама жүргізілген кәсіпорындардың 15,3%-ы кредит алуға өтініш жасауға ниетті. Өңдеу өнеркәсібінде ондай кәсіпорындардың үлесі 22,8%-ды, тау-кен өндірісінде – 9,5%-ды құрайды.

Мониторингке қатысушылар алған кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлемелердің деңгейі теңгемен сәл ұлғайды (12,6%-дан 12,7%-ға дейін) және шетел валютасымен (6,9%-дан 6,8%-ға дейін) төмендеді.

440.89 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға