1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№13 баспасөз релизі. 2021 жылдың маусым айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылдың маусым айында инфляция 1,1% (2020 жылғы маусымда – 0,4%) болды.

Жылдық инфляция 7,9% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,5%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 10,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 6,9%-ға, ақылы қызметтер – 5,6%-ға өсті.

2021 жылдың маусым айында халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 7,3% болды.

 

  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері биылғы маусым айында 3,9%-ға (жылдың басынан бастап 1,7%-ға) төмендеп, 35,0 млрд АҚШ долларын құрады.

Резервтердің төмендеуі, көбіне, АҚШ долларының нығаюына байланысты алтын бағасының түсуінен болды. Алтын портфелінің бір бөлігін бағаның күрт төмендеуінен хеджирлеу үшін Ұлттық Банк бұрын жасаған опциондарды орындау аясында алтынды қолайлы баға – 1,5 млрд АҚШ долларына сатты. Опциондық стратегиялар аясында аллокирленбеген алтынды сату есебінен еркін конвертацияланатын валютадағы активтер өсті.

Алдын ала деректер бойынша, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,3 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылы маусымның соңында 92,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2021 жылғы маусымда 0,5%-ға тарылып (жылдың басынан бастап 5,0%-ға кеңейді), 10 270,1 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 6 297,0 млрд теңгеге дейін 4,3%-ға (жылдың басынан бастап 23,8%-ға) кеңейді.

2021 жылғы маусымда ақша массасы 2,6%-ға ұлғайып, 28 161,7 млрд теңге болды (жылдың басынан бастап 13,0%-ға өсті), айналыстағы қолма-қол ақша 3 027,2 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға (жылдың басынан бастап 7,0%-ға) ұлғайды.

  1. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2021 жылғы 7 маусымда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы[1] 2021 жылғы маусымда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2021 жылғы маусымда TONIA орташа алынған мәні жылдық 8,3%-ды (2021 жылғы мамырда – 8,1%) құрады.

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2021 жылғы маусымның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 5,4 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 85,7 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 197,3 млрд теңге болды. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 1 688,0 млрд теңге болды.

Айналымдағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 9,5%-ға ұлғайып, 3 474,7 млрд теңге болды.

2021 жылғы маусымда жалпы сомасы 2 164,0 млрд теңгеге 6 аукцион, оның ішінде 1 532,6 млрд теңгеге – 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,00%), 531,4 млрд теңгеге – 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,15%), 100 млрд теңгеге – жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,14%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2021 жылғы маусымда 2 121,4 млрд теңге болды.

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары.

2021 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 139,2 млрд теңгеге ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. 2021 жылғы маусымда барлығы 11 облигация шығарылымы орналастырылды, онда
2 жылдан 14 жылға дейін өтеу мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 9,60%-дан 10,70%-ға дейінгі мөлшерді құрады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 2021 жылғы маусымда 1,1%-ға ұлғайып, 9 994,9 млрд теңге[2] болды.

Маусымның соңында кірістілік қисығы[3] 4 жылға дейінгі сегментте кірістіліктің төмендегенін көрсетті, бұл ретте 4 жылдан асатын сегментте 2021 жылғы мамырдың соңындағы деңгеймен салыстырғанда кірістіліктің артуы байқалады.

  1. Валюта нарығы

2021 жылғы маусымда теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 425,64 – 428,30  теңге аралығында өзгерді. 2021 жылғы маусымның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,3%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 427,31 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 14,1 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 3,2 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 11,0 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 69,6% немесе 7,6 млрд АҚШ доллары (2021 жылғы мамырда – 66,3% немесе 5,7 млрд АҚШ доллары) болды, бұл оның меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты орын алды. Осы операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныстың немесе ұсыныстың арақатынасына әсер етпейді.

2021 жылғы маусымда халық нетто-негізде 237,0 млрд теңгеге балама сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Өткен аймен салыстырғанда бұл шығыстар 50,6%-ға (2021 жылғы мамырда – 157,3 млрд теңге) ұлғайды, 2020 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (193,4 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 22,5%-ға артты. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 65,1%-ға немесе 154,3 млрд теңге, Ресей рублін – 22,4%-ға немесе 53,1 млрд теңге, еуроны – 12,3%-ға немесе 29,2 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде АҚШ долларын сатып алуға жұмсалатын шығыстар бір айда 49,5%-ға (9,0%-ға ж/ж), еуроны сатып алуға – 3,4 есе (2,3 есе ж/ж), рубльді сатып алуға жұмсалатын шығыстар 17,0%-ға (37,5%-ға ж/ж) өсті.

  1. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 2,1%-ға ұлғайып, 2021 жылғы маусымның соңында 25 134,6  млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 12 936,8 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері
12 197,8 млрд теңгеге дейін 3,3%-ға өсті.  

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 15 843,3 млрд теңгеге дейін 2,5%-ға, шетел валютасындағы депозиттер 9 291,3 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2021 жылғы маусымның соңында 37,0% (2020 жылғы желтоқсанда – 37,3%) болды.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы маусымда 7 874,9 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға, шетел валютасындағы депозиттер 5 061,9 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінен 39,1%) ұлғайды.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 7 968,3  млрд теңгеге дейін 3,6%-ға, шетел валютасындағы депозиттері 4 229,4 млрд теңгеге дейін 2,9%-ға (жеке тұлғалар депозиттерінен 34,7%) өсті.

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 1,1%-ға ұлғайып, 17 040,1 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 10 884,2 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар  6 155,9 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылғы маусымда 7,3%-ды (2020 жылғы маусымда – 7,6%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,6%-ды (9,9%) құрады. 

  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 0,5%-ға ұлғайып, 2021 жылғы маусымның соңында 15 721,5 млрд теңге болды. Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі 7 169,1 млрд теңгеге дейін 3,5%-ға төмендеді, жеке тұлғаларға кредиттер көлемі 8 552,4 млрд теңгеге дейін 4,2%-ға ұлғайды.  

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 13 792,7 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға – 3,3%-ға төмендеп, жеке тұлғаларға кредиттер – 4,2%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 928,8 млрд теңгеге дейін 4,2%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 4,1%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер – 10,7%-ға төмендеді. Кредиттердің теңгемен үлес салмағы 2021 жылғы маусымның соңында 87,7% (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) болды.

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 13 457,9 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 263,7 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы маусымда 2 724,7 млрд теңгеге дейін 3,6%-ға (экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінен 17,3%) азайды.

Корпоративтік сектордың салалары бойынша бөлуде банктердің экономикаға берілген кредиттерінің ең көп сомасы өнеркәсіп (корпоративтік сектордың жалпы көлеміндегі үлесі – 30,1%), сауда (21,4%), құрылыс (7,1%) пен көлік (6,0%) сияқты салаларға тиесілі. 

2021 жылғы маусымда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,6% (2020 жылғы маусымда – 11,0%), жеке тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша 16,6% (16,9%) болды.  

  1. Төлем жүйелері

2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдар жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істеп тұр.

2021 жылғы маусымда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 68,2 трлн теңгеге 4,7 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы мамырмен салыстырғанда, саны бойынша 4,6%-ға, сомасы бойынша – 0,4%-ға ұлғайды). Орта есеппен бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 3,8 трлн теңгеге 214,2 мың транзакция жүргізілді.

2021 жылғы 1 шілдеде 21 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 54,0 млн бірлік болды. Оның ішінде 2021 жылғы мамырда төлем карточкаларының 48,2%-ы (26,1 млн) қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылды.  

Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып 2021 жылғы маусымда 8,4  трлн теңгеге 533,3 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы мамырмен салыстырғанда, транзакциялар саны 0,2%-ға, сомасы 13,2%-ға ұлғайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың саны бойынша қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 95,4% (508,7 млн теңге) болды. Осы кезеңдегі қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің үлесі 74,4% (6,2 трлн теңге) болды.

2021 жылғы маусымда халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 109,0 млрд теңгеге 0,3 млн аударым болды.

2021 жылғы мамырмен салыстырғанда, ақша аударымдары көлемінің ұлғаюы 39,6% болды. Жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санынан 81,3% (0,2 млн транзакция) және транзакциялардың жалпы сомасынан 94,4% (102,9 млрд теңге) бағытталды. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы транзакциялардың жалпы санынан 18,7% (0,1 млн транзакция) және жалпы сомасынан 5,6% (6,1 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы 24,9 млрд теңгеге 0,1 млн транзакция алынды. 

  1. Зейнетақы жүйесі

2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2021 жылғы қаңтар-маусымда 145,6  млрд теңгеге немесе 1,1%-ға азайып, 12 767,8 млрд теңге болды.

2021 жылғы қаңтар-маусымда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» кіріс 2021 жылғы 1 шілдеде 6 304,6 млрд теңгеге дейін 751,0  млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2021 жылғы 1 шілдеде 10,9 млн шот болды.

2021 жылғы қаңтар-маусымда зейнетақы төлемдерінің сомасы 1,7 трлн теңге болды.

2021 жылғы 1 шілдеде БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінде негізгі үлес Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына және Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздарына (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен тиісінше 39,6% және 25,9%) тиесілі.

[1] Ең төменгі және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ қоржынының бағалы қағаздарымен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні 

[2] Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасындағы МБҚ есепке алмағанда)

[3] Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға