1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

№6 баспасөз релизі. 2021 жылдың ақпан айындағы қаржы нарығындағы ахуал туралы

1. Инфляция және инфляциялық күтулер

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылдың ақпан айында инфляция 0,7% (2020 жылғы ақпанда – 0,6%) болды.

Жылдық инфляция 7,4% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,5%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,2%-ға, ақылы қызметтер – 3,9%-ға өсті.

2021 жылдың ақпан айында халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 6,7% болды.

2. Халықаралық резервтер мен ақша агрегаттары

Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылдың ақпанында алдын ала деректер бойынша 2,3%-ға (жылдың басынан бастап 2,5%-ға) төмендеп, 34,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Бағасының төмендеуі салдарынан алтын портфелінің қысқаруы Ұлттық Банктегі валюталық корреспонденттік шоттарға ЕДБ қаражатының келуімен ішінара реттелді.

Алдын ала деректер бойынша, елдің жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,6 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2021 жылғы ақпанның соңында 92,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Ақша базасы 2021 жылы ақпанда 6,2%-ға кеңейіп, 9 565,3 млрд теңге болды (жылдың басынан бастап 2,2%-ға қысқарды). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 0,9%-ға 4 874,1 млрд теңгеге дейін (жыл басынан бері 4,2%-ға) қысқарды.

2021 жылы ақпанда ақша массасы 0,4%-ға төмендеп, 25 293,9 млрд теңге болды (жыл басынан бері 1,5%-ға өсті), айналыстағы қолма-қол ақша 2 746,7 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға ұлғайды (жылдың басынан бастап 2,9%-ға төмендеді).

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

2021 жылы 9 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені +/ 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы1 2021 жылғы ақпанда пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2021 жылғы ақпанда TONIA орташа алынған мәні жылдық 8,7%-ды құрады (2020 жылғы желтоқсанда  8,2%).

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2021 жылы ақпанның соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 5,0 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 13,9 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 375,0 млрд теңге болды. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 1 215,1 млрд теңге болды.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 12,3%-ға ұлғайып, 2021 жылы ақпанның соңында 3 677,5 млрд теңге болды.

2021 жылы ақпанда жалпы сомасы 2 022,2 млрд теңгеге 6 аукцион өткізілді, оның ішінде 1 556,0 млрд теңгеге 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (орташа алынған кірістілік – 9,00%), 366,2 млрд теңгеге 3 айлық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,43%), 100,0 млрд теңгеге жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 9,22%).

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2021 жылы ақпанда 1 647,9 млрд теңге болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары 2021 жылы ақпанда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 238,5 млрд теңгеге қысқа мерзімді (МЕККАМ) және ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Ақпанда барлығы 15 облигация шығарылымы орналастырылды, онда 1 жылдан 13 жылға дейін өтеу мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 8,99%-дан 10,12%-ға дейін болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2021 жылы ақпанда 2,3%-ға ұлғайып, 9 975,1 млрд теңге2 болды.

2021 жылы ақпанның соңында 1 жылдан жоғары сегменттегі кірістілік қисығы3 нарықтық мөлшерлемелер бойынша МБҚ сатып алуға нарықтың белсенді қатысуы аясында қалыпқа келгенін көрсетті. Қысқа мерзімді кірістілік есепті кезеңнің басымен салыстырғанда төмендеді.

4. Валюта нарығы

2021 жылы ақпанда теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 414,81 – 424,32 теңге аралығында өзгерді. 2021 жылы ақпанның соңында теңгенің АҚШ долларына биржалық бағамы бір айда 1,7%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін
417,09 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 10,9 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,3 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі  8,6 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 72,3% немесе 6,2 млрд АҚШ долларын құрады (2021 жылғы қаңтарда – 71,7% немесе 6,3 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына әсер етпейді.

2021 жылғы ақпанда халық нетто-негізде 184,9 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Өткен аймен салыстырғанда, бұл шығыс 11,7%-ға төмендеді (2021 жылғы қаңтарда - 209,3 млрд теңге), 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (137,1 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 34,9%-ға өсті. Шығыстың негізгі көлемі АҚШ долларын сатып алуға – 62,6% немесе 115,8 млрд теңге, Ресей рублін – 25,7% немесе 47,5 млрд теңге, еуроны сатып алуға – 11,6% немесе 21,4 млрд теңге бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыс 13,9%-ға (өсу 1,9 есе ж/ж), Ресей рублін сатып алуға - 5,4%-ға (төмендеу 14,5%-ға ж/ж) және еуроны сатып алуға - 12,6%-ға қысқарды (өсу 9,3% ж/ж ).

5. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2021 жылғы ақпанның соңында бір айда 0,6%-ға азайып, 22 547,2 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 11 358,6 млрд теңгеге дейін 4,9%-ға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 11 188,5 млрд теңгеге дейін 4,3%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 14 390,7 млрд теңгеге дейін 0,8%-ға ұлғайды, шетел валютасында - 8 156,5 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2021 жылғы ақпанның соңында 36,2% (2020 жылғы желтоқсанда - 37,3%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы ақпанда 7 304,3 млрд теңгеге дейін 5,4%-ға, шетел валютасында - 4 054,4 млрд теңгеге дейін 4,0%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 35,7%-ы) азайды.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 7 086,4 млрд теңгеге дейін 8,2%-ға өсті, шетел валютасында 4 102,2 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға азайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 36,7%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 1,4%-ға азайып, 15 625,9 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 9 845,2 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар – 5 780,7 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылғы ақпанда 7,2% (2020 жылғы ақпанда – 7,1%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,9% (8,9%) болды.

6. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 0,3%-ға азайып, 2021 жылғы ақпанның соңында 14 552,4 млрд теңге болды. Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі 6 986,5 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер көлемі 7 565,9 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға төмендеді.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 12 762,3 млрд теңгеге дейін 0,01%-ға аздап ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,7%-ға көбейді, жеке тұлғаларға кредиттер 0,4%-ға азайды. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 790,2 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға азайды. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 790,2 млрд теңгеге дейін 2,4%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 2,3%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 5,7%-ға азайды. 2021 жылғы ақпанның соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 87,7% (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) болды.

Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 12 426,4 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға азайды, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 2 126,0 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы ақпанда 2 557,8 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 17,6%-ы) ұлғайды.

Салалар бойынша бөлгенде банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,5%), сауда (11,8%), құрылыс (4,2%) және көлік (3,2%) сияқты салаларға тиесілі.

2021 жылғы ақпанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,5% (2020 жылғы ақпанда – 12,0%), жеке тұлғаларға - 18,2% (19,0%) болды.

7. Төлем жүйелері

2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2021 жылғы ақпанда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 58,7 трлн теңгеге 5,1 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы қаңтармен салыстырғанда саны бойынша 37,0%-ға, сомасы бойынша – 5,5%-ға ұлғайды). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 2,9 трлн теңге сомасына 253,6 мың транзакция жүргізілді.

2021 жылғы 1 наурызда 20 банк пен «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 50,3 млн бірлік болды. Оның ішінде 2021 жылғы ақпанда төлем карточкаларының 54,3%-ын ұстаушылар қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) ақшаны алу операцияларын жүргізу кезінде пайдаланды.

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2021 жылғы ақпанда 5,5 трлн теңгеге 387,8 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы қаңтармен салыстырғанда транзакциялар саны 9%-ға, сомасы – 12%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың жалпы құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 94,4% (366,2 млн) болды. Осы кезеңдегі операция көлемі 74,2% (4,1 трлн теңге) болды.

2021 жылғы ақпанда халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 65,6 млрд теңгеге 0,2 млн аударым болды.

2021 жылғы қаңтармен салыстырғанда ақша аударымдарының көлемі 11,4%-ға ұлғайды. Жөнелтілген аударымдардың жалпы көлемінің ішінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санының 75,5%-ы (0,1 млн транзакция) және транзакциялардың жалпы сомасының 92,4%-ы (60,6 млрд теңге) бағытталды. Қазақстан бойынша ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы санының 24,5%-ы (0,06 млн транзакция) және жалпы сомасының 7,6%-ы (5,0 млрд теңге) жүргізілді. Шетелден халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы 21,6 млрд теңгеге 0,1 млн транзакция алынды.

8. Зейнетақы жүйесі

2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 293,8 млрд теңгеге немесе 2,27%-ға азайып, 12 619,7 млрд теңге болды.

2021 жылғы қаңтар-ақпанда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» кіріс 2021 жылғы 1 наурыздағы 5 771,5 млрд теңгеге дейін 218 млрд теңгеге ұлғайды.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескере отырып) 2021 жылғы 1 наурызда 11,0 млн шот болды.

2021 жылғы қаңтар-ақпанда зейнетақы төлемдерінің сомасы 704 млрд теңгені құрады.

2021 жылғы 1 наурызда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 44,3%-ы және 25,5%-ы) алады.

9. Кәсіпорындар мониторингі

Нақты сектор кәсіпорындарын мониторингтеу нәтижесі бойынша 2020 жылғы 4-тоқсанда нақты сектордағы дайын өнімге сұраныстың біртіндеп қалпына келуі байқалды, диффузиялық индекс (бұдан әрі – ДИ) 45,1-ден 49,3-ке дейін өсті. Индекстің өсуі қызмет көрсету секторында (ДИ=47,2) және тауар өндіру секторында (50,6) байқалды.

Сондай-ақ кәсіпорындардың дайын өніміне бағаның өсу қарқыны жеделдеді (ДИ 53,0-ден 57,9-ға дейін көтерілді). Тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде ДИ тиісінше 55,7-ге және 60,2-ге дейін көтерілді.

Өндіріс көлемі азайды, ДИ 51,4-тен 49,4-ке дейін төмендеді. 2021 жылғы 1-тоқсанда нақты сектор кәсіпорындары өндіріс көлемінің төмендеуін күтуде (ДИ=46,3).

Кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі аздап төмендеді: негізгі қаражатты қаржыландыруды жүзеге асырмаған кәсіпорындардың үлесі ұлғайды (36,4%-ға дейін), негізгі қаражатты меншікті қаражаты (63,9%-ға дейін) және банк кредиттері (5,9%-ға дейін) есебінен қаржыландырған кәсіпорындардың үлесі азайды. Бұрынғыдай кәсіпорындардың көпшілігі негізгі және айналым қаражатын қаржыландыру үшін меншікті қаражатын пайдаланады (тиісінше 63,9% және 83,5%).

2020 жылғы 4-тоқсанда пікіртерім жүргізілген кәсіпорындардың 17,0%-ы кредит алу үшін банкке өтініш берген, кәсіпорындардың 16,2%-ы (немесе кредит алуға өтініш бергендердің 95,3%-ы) кредит алған. Кредиттеуден бас тарту үлесі сауалнамаға қатысушылардың жалпы санының 0,8%-ын құрады (кредит алуға өтініш білдіргендер санының 4,7%-ы).

2021 жылғы 1-тоқсанда сауалнама жүргізілген кәсіпорындардың 15,8%-ы кредит алуға өтініш беруге ниетті. Өңдеу өнеркәсібінде мұндай кәсіпорындардың үлесі – 23,6%, тау-кен өнеркәсібінде – 9,2%.

Кәсіпорындардың 35,1%-ы үшін Қазақстан экономикасының жай-күйі бизнес жүргізуге кедергі болып табылады. Қазақстанда бизнесті жүргізудегі басқа да негізгі кедергілер нарықтық бәсекелестік (29,1%), сатып алушыларды іздеу (23,1%), салық ауыртпалығының деңгейі (22,9%) болып табылады. Бұл ретте қаржыландыруға қолжетімділік (банктік кредиттеу талаптары) бұрынғысынша жетінші орында (13,1%).

Кәсіпорындардың сауалнамаларын жиынтық бағалауды білдіретін композиттік озыңқы индикатордың (КОИ) серпіні нақты секторда экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келе бастау белгілерінің пайда болуын көрсетеді, КОИ 99,7-ге дейін көтерілді. 2021 жылғы 1-тоқсанда респонденттер экономикалық белсенділіктің әлсіз өсуін күтуде (КОИ өсу жағына қарай өтіп, 100,4 болды).

1 Ең төмен және ең жоғары кірістілігі бар мәмілелердің 5%-ын қысқарта отырып, МБҚ себетінің бағалы қағаздармен бір күндік репо операциялары кірістілігінің орташа алынған мәні

2 Теңгемен айналыстағы МБҚ (шетел валютасында МБҚ есепке алмағанда)

3 Кірістілік қисығын жасау үшін Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілік функциясын айқындау әдісі қолданылды

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға