1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің резервтері 2012 жылдан бері алғаш рет $35 млрд белгісінен асты

– Әлия Мейірбекқызы, шілдеде теңге бағамы нығаюдың үш айлық үрдісін тоқтатты және бір айда 418 деңгейіне дейін 3,5%-ға әлсіреп, мамырдағы деңгейге қарай бет алды. Бұл динамиканың себебі неде?

– Теңге бағамының шілдедегі динамикасы, бірінші кезекте, сыртқы факторларға байланысты болды.

Әлемдік нарықтағы жалпы көңіл-күй бойынша, шілденің бірінші жартысы тәуекелді активтер үшін қолайлы болғанын атап өтемін. Шілденің бірінші күні сыртқы нарықтар коронавирусқа қарсы вакцинаның сәтті сынақтары туралы хабарламаларды оң қабылдады. Мәселен, АҚШ долларының индексі мен алтынның бағасы бір күнде тиісінше 0,2% және 0,6%-ға төмендеді. АҚШ-тың маусымдағы еңбек нарығы бойынша деректер жаһандық инвесторлардың тәуекелге деген әуестігін тағы да қолдады.

Алайда, екінші тоқсандағы ІЖӨ бойынша деректердің шығуы коронавирустық пандемияның дамыған және дамушы елдердің экономикаларының рекордтық төмендеуіне әкелгенін көрсетті, әлемдік экономика Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі терең құлдырауға тап болды. Сонымен қатар, АҚШ пен ҚХР арасындағы тайталас, сондай-ақ коронавирустың жаңа өршуі туралы хабарламалар инвесторлардың әлемдік экономиканың қалпына келу жылдамдығына деген оптимизмін тоқтатты. Мұның бәрі дамушы нарықтар активтерінің серпініне теріс әсер етті.

Сонымен қатар мұнай бағасының өсу қарқынының баяулағанын атап өтеміз – егер маусымда баға белгілеу 16,5%-ға $41,15-ке дейін өссе, шілдеде отынға сұраныстың қалпына келуінен импульс біршама әлсіреді - мұнай баррелінің құны 5,2%-ға $43,3-ке дейін өсті. Мұнай бағасының ауытқуы шамалы болды, құбылмалылық төмендеуді жалғастырды.

Өткен сұхбатта біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірінің валютасы рубльдің әлеуетті әлсіреуінің біздің валюта нарығына әсерін талқыладық. Шілдеде Ресей рублі негізінен пайыздық мөлшерлемелердің төмендеу, Ұлттық әл-ауқат қорынан валютаны сатудың төмендеу және ресейлік компаниялар төлеген дивидендтерді айырбастау қысымымен бір доллар үшін 74,13 рубль деңгейіне дейін немесе 4,1%-ға төмендеді. Индонезия, Түркия сияқты жекелеген дамушы елдердің валюталары да әлсіреді. Сондықтан мұнай бағасы өсуінің баяулауы және дамушы елдер валюталарының әлсіреуі аясында теңге әлсіреді.

Бұл ретте, ұлттық валюта бағамының мұнай бағасына тәуелділігі өзгеріссіз қалып отыр, қара алтын құнының ауытқуы теңге үшін базалық факторлардың бірі болып табылады.

– Ұлттық Банк шілдеде валюталық интервенция жүргізді ме?

– Шілдеде валюталық сауда-саттық айтарлықтай құбылмалылықсыз өтті және Ұлттық Банктің араласуы қажет болған жоқ.

Маусымда экономикалық белсенділік қалпына келгеннен кейін шетел валютасына сұраныс өзгерген жоқ. Шілдеде биржадағы сауда-саттық көлемі маусымдағы көлеммен салыстырмалы болып, $2,1 млрд болды, бірақ әзірге сауда-саттықтың жыл басынан бергі $2,2 млрд болған орташа айлық көлеммен және 2019 жылғы $2,4 млрд болған орташа мәнмен салыстырғанда аз болып отыр.

Бюджетке трансферттер бөлу мақсатында Ұлттық қордың активтерін сату валюта нарығына қолдау көрсетті. Квазимемлекеттік компаниялар өз міндеттемелері шеңберінде валюталық түсімнің бір бөлігін сатуды жалғастырды, бұл операциялардың көлемі $195 млн болды.

Долларға сұраныс тарапынан сыртқы инвесторлар алған дивидендтерді валютаға конвертациялау қосымша әсер етті.

– Алтын нарығындағы құбылмалылық жалғасуда, өткен аптада металл бағасы тарихта алғаш рет бір унция үшін 2000 АҚШ доллары белгісінен асты. Бұл алтын-валюта активтеріне қалай әсер етті?

– Алдын-ала деректер бойынша алтын-валюта резервтері бір айда $2,4 млрд-қа ұлғайып, шілденің соңында $35,3 млрд-қа жетті. Әлемдік экономиканың атап айтқанда, пандемиядан туындаған белгісіздігі, сондай-ақ әлсіз доллар аясында өткен айда алтынның бағасы бір унция үшін 1771 доллардан 1975 долларға дейін немесе 12%-ға өсті.

Алтын портфелінің өсуі $2,3 млрд болды, бұл 2012 жылдан бері алғаш рет $35 млрд белгісінен асып түскен алтын-валюта активтері өсуінің негізгі драйвері болды
АҚШ билігі Сovid-19 пандемиясының таралу салдарымен күресте экономиканы қолдау бойынша бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдағаннан кейін, инвесторлар мен нарықтың басқа қатысушыларының иелігіндегі АҚШ долларындағы артық өтімділіктің едәуір көлемі алтын бағасының өсуіне қолдау көрсететін қосымша фактор болды.

Бұл ретте, егер АҚШ ФРЖ елдегі экономикалық белсенділікті қолдау үшін қабылданған шаралармен шектелетін болса, сондай-ақ COVID-19 вирусының жағдайы тұрақтанған жағдайда алтын нарығындағы құбылмалылық сақталады. Кеше біз алтын бағасының бір унция үшін 150 долларға құлдырағанын байқадық.
Әлемдік нарықтардағы тұрақсыз жағдайды ескере отырып, Ұлттық Банк резервтік актив ретінде алтын жинақтауды жалғастырады.

– Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі шілдеде қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті? Трансферттің қандай көлемі айырбасталды және бюджетке жіберілді?

– Алдын ала деректер бойынша 2020 жылғы шілденің соңында Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі $58,24 млрд болды, бұл бір ай бұрынғыға қарағанда $0,5 млрд артық.

Шілденің қорытындысы бойынша қордың инвестициялық кірісі шамамен $1,58 млрд болды. Инвестициялық кірістің негізгі үлесі дамыған елдердің облигацияларына тиесілі - $700 млн астам. Сондай-ақ, акциялар портфелі мен алтын портфелі тиісінше 4,8%-ға және 11,5%-ға өсті.

Инвестициялық кірістің негізгі бөлігі бюджетке алулармен реттелді. Шілдеде Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер көлемі 455 млрд теңгені құрады. Сондықтан қордан бюджетке трансферттерді жүзеге асыру мақсатында валюта нарығында $1,1 млрд конвертацияланды.

– Ұлттық Банк дүйсенбіде Clearstream клирингтік жүйесі бар халықаралық желінің DvP типіне дейін кеңейтілгенін хабарлады. Clearstream жүйесі бар халықаралық желінің болуы нарыққа не беретінін түсіндіріп бересіз бе?

– Clearstream Қазақстан үшін стратегиялық әріптес болып табылады. Басқа халықаралық есеп айырысу ұйымдары сияқты Clearstream шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан нарығына «кіру нүктесі» болып табылады.

DVP форматына көшу – бұл бүкіл ішкі қаржы нарығы үшін жаңа деңгейге көшу. Clearstream жүйесі бар DVP-тің болуы – инвесторлар, әсіресе сыртқы инвесторлар үшін жергілікті инфрақұрылымды дайындау қадамдарының бірі. DVP Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына «кіру» кезінде жаһандық инвесторлардың тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді, ал капитал ағындары үшін бәсекелестік жағдайларында біз үшін бұл ұқсас нарықтармен салыстырғанда сөзсіз плюс.
Delivery versus Payment форматы бағалы қағаздарды аударумен бір мезгілде төлем жүргізуді көздейді, бұл тартылған тараптар үшін тәуекелдерді төмендетеді және үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Біз жаһандық қаржы нарықтарымен «техникалық» тұрғыда барынша ықпалдастық.

Мемлекеттік облигацияларға сыртқы инвестицияларды тарту мемлекет үшін қарыз алу құнын төмендетеді, қорландыру көздерін кеңейтеді, нарықтың өтімділігін арттыруға және инвесторлық базаны әртараптандыруға ықпал етеді. Халықаралық депозитарийлермен және жаһандық кастодиандармен ықпалдастық ішкі нарықты позициялау тұрғысынан оң әсер етеді.

– Қазақстандық валюта нарығы үшін тамыз «күрделі» ай болып саналады. Ұлттық Банктің қаржы нарықтарындағы әлемдік үрдістер және олардың Қазақстанға деген ықпалы жөнінде күтулері қандай?

– Әлемнің ірі экономикаларының орталық банктері өз экономикаларында белсенділікті қолдау үшін ынталандыру шараларын жалғастыруда, ал үкіметтер COVID-19 салдарын азайту үшін қосымша фискалдық шаралар қабылдау мүмкіндіктерін қарастыруда. Мысалы, АҚШ үкіметі экономикалық белсенділікті қалпына келтіру мақсатында салықтан босату және жұмыссыздық бойынша материалдық көмек көрсету сияқты кемінде 1 трлн АҚШ доллары мөлшерінде қосымша фискалдық ынталандыруды бекіту үстінде. Сонымен қатар, барлығы коронавирусқа қарсы вакциналардың сәтті сынақтары туралы жаңалықтарды бақылап отыр
Әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші Аramco-ның мәлімдемесі бойынша, азиялық нарық тарапынан мұнайға деген сұраныс қалпына келуде және өзінің дағдарысқа дейінгі деңгейіне жақындап қалған. Мұның бәрі мұнай нарығы үшін және де, тиісінше, біздің валюта нарығы үшін қолдау факторлары болып табылады.

Екінші жағынан, эпидемиологтар бірқатар елдерде коронавирустық инфекцияның екінші рет өршуін атап айтуда. Бұл мұнай бағасының өсуін тежейді. Біздің негізгі сауда әріптестеріміз – Ресей мен Қытай нарықтарындағы тұрақсыздық тәуекелдері сақталуда.

Біз жаһандық қаржы нарықтарымен терең ықпалдастықтамыз, бірақ бізге тән ішкі ерекшеліктеріміз де бар. Орталық банк ретінде біз күн сайын оқиғалардың дамуын бақылауды жалғастырамыз және қажет болған жағдайда қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық құралдарды пайдаланамыз. Үкіметпен бірлесіп, әр түрлі сценарийлер, соның ішінде әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайға да сценарийлер әзірледік.

Жоғарыға