1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Базалық мөлшерлемені 9,50% деңгейінде сақтау туралы

Әлемдік экономикадағы ахуал тұрақтанды, ал жекелеген тауар және қаржы нарықтарында жандану байқалды. Мұнайды тұтыну Қытай экономикасының қалпына келу белгілері, кейбір Еуропа елдері мен АҚШ-тағы карантин шараларының жеңілдеуі аясында біртіндеп іске қосыла бастады. ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқарту мәмілесінің өлшемдерін ұзарту туралы алдын ала уағдаластыққа қолжеткізді. Мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге төмендету 2020 жылғы шілденің соңына дейін жалғасады. Сонымен қоса, COVID-19 пандемиясы және инфекцияның таралуымен күрес бойынша шектеу шаралары әлемдік экономикаға теріс әсер етуін жалғастыруда. 2020 жылғы мамырда іскерлік белсенділік көрсеткіштері әлі де болса тарихи барынша төменге жуық деңгейде қалып отыр. Бұл ахуал Қазақстандағы экономикалық белсенділікке және инфляциялық процестерге теріс ықпал етеді.

Сыртқы аядан бөлек Қазақстандағы тұтынушылық бағаларға ішкі факторлар да қысым көрсетуде. Елеулі фискалдық және квазифискалдық қарқын айырбастау бағамының ішкі бағаларға және әлсіз тұрақтанған инфляциялық күтулерге ауысуынан туындаған проинфляциялық қысымды күшейтеді. Сонымен қатар әлсіз тұтынушылық сұраныс инфляциялық процестерге тежегіш ықпал етеді.

Ақша-кредит саясаты саласындағы бұдан былайғы шешімдер шикізат тауарларының әлемдік нарықтарындағы ахуалдың даму факторларының серпініне, елдегі экономикалық белсенділіктің өсуін жаңартуға, сондай-ақ инфляцияның нақты серпінінің болжамды бағытынан ауытқу дәрежесіне негізделетін болады.

Жылдық инфляция 2020-2021 жылдарға белгіленген нысаналы дәлізден 4-6% жоғары болып қалыптасады. 2020 жылғы мамырда жылдық инфляция 6,7% (2020 жылғы сәуірде 6,8%) болды. Инфляциялық процестер Қазақстанда және сауда әріптес елдерінде карантин шараларының ықпалымен, сондай-ақ теңге бағамының әлсіреуі және оны ішкі бағаларға көшіру арқылы қалыптасады.

Инфляциялық процестер серпініне 2016 жылғы қазаннан бастап ең жоғары мәнге қол жеткізіп, мамырда жылдық көрсетуде 10,7%-ға қымбаттаған азық-түлік тауарларына бағаның өсуі негізгі үлес қосуын жалғастыруда. Азық-түлік инфляциясын жеделдету карантин шараларын сақтаған жағдайда шикізат пен өнімді жеткізу тізбегінің бұзылуы нәтижесінде жекелеген тауарларға деген жоғары сұранысқа, сол сияқты шектеулі ұсынысқа да байланысты болды. Азық-түлік емес инфляция серпіні қалыпты күйін сақтап, жылдық өсім 5,3% болды. Ақылы қызметтерге бағаның өсуі реттелетін коммуналдық қызметтер тарапынан теріс салымның нәтижесінде 3,0%-ға дейін баяулады.

Ұлттық Банк ағымдағы жылдың соңына дейін инфляция бойынша болжамды қайта қарады. Қазақстан Республикасының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтікэкономикалық даму болжамын әзірлеу шеңберінде мұнай бағасының сценарийін барреліне 20-25 АҚШ долларында болжап, Үкімет дағдарысқа қарсы жоспардың мақсаттары үшін базалық ретінде қараған инфляция ағымдағы жылдың соңына қарай 9-11% деңгейінде бағаланды. Мұнай нарығы бойынша нақтыланған бағалауларға және 2020 жылы орта есеппен бір баррель үшін 35-40 доллар деңгейінде мұнай құнын болжайтын Ұлттық Банктің базалық сценарийіне сәйкес жылдық инфляция 2020 жылдың қорытындысы бойынша 8,0-8,5% деңгейінде болжануда.

Халықтың инфляциялық күтулері салыстырмалы түрде тұрақты болып қала береді. 2020 жылғы наурызда инфляциялық болжамдарды бір жылға алға 6,4%-ға дейін сандық бағалау артқаннан кейін сәуір-мамырда карантин шараларын біртіндеп жеңілдету аясында экономиканың даму перспективасына және қаржылық жағдайға қатысты оң ахуалдың өсуіне байланысты тұтынушылық көңіл-күйдің жақсаруын көрсетіп, бұл көрсеткіш 6,0-6,2% шегінде болды. Баға өсімінің ағымдағы қарқынының сақталуын және олардың төмендеуін күтетін респонденттердің үлесі сәуірдегі 56%-дан мамырда 62%-ға дейін ұлғайды. Дегенмен, инфляциялық күтулер қысқа мерзімді перспективада тұтыну бағасына қысым көрсетуі мүмкін әлсіз тұрақтанған күйінде қалып отыр.

Наурызда COVID-19 пандемиясымен күресу үшін елде төтенше жағдай мен карантин шараларын енгізу экономикалық белсенділіктің айтарлықтай нашарлауына себеп болды. ҰЭМ СК деректері бойынша, 2020 жылғы қаңтар-сәуірде көтерме және бөлшек сауда көлемінің сәуірде 34,8%-ға, көлік қызметтерінің – 36,6%-ға төмендеуі нәтижесінде ІЖӨ жылдық көрсетуде 0,2%-ға қысқарды. Сыртқы және ішкі сұраныстың төмендеуі аясында өңдеуші өнеркәсіптің жекелеген секторларында іскерлік белсенділіктің баяулауы байқалды. Бұл ретте, қызметкерлерді қашықтықтан жұмысқа аудару және онлайн-оқытуды енгізу байланыс қызметтері, жеткізу қызметтері көлемінің өсуіне алып келді. Сондай-ақ денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, өндіруші сектор мен ауыл шаруашылығы салалары да оң үлес қосты.

Ағымдағы жылғы мамыр-маусымда карантин шараларының бірте-бірте жеңілдеуіне қарамастан, экономикалық белсенділік енгізілген шектеулердің теріс ықпалында болып отыр. Дегенмен, Қазақстан экономикасының біршама жандануына 2020 жылғы мамырда іскерлік белсенділік индексінің жедел бағалау бойынша 44,0 тармаққа дейін (2020 жылғы сәуірде – 37,2) артқанын көрсетеді, ол кәсіпорындарға Ұлттық Банк жүргізетін ай сайынғы пікіртерімдер негізінде қалыптастырылады.

2020 жылғы 2-тоқсанда инфляцияның артуын тежей отырып, жиынтық сұраныс төмен күйінде қалып отыр. ҰЭМ СК бағалау деректері бойынша 2020 жылғы сәуірде жұмыс іздеуде жұмыспен қамту органдарына өтініш білдірген адамдардың саны бір мезгілде ұлғайған кезде жалақының өсу қарқынының күрт төмендеуі байқалды. Экономикадағы инвестициялық белсенділік бәсеңдеуде. 2020 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға инвестициялардың өсуі жылдық көрсетуде 0,9%-ды құрады.

Ұлттық Банктің базалық болжамына сәйкес 2020 жылы ішкі сұраныс пен таза экспорт тарапынан теріс әсер ету нәтижесінде мемлекеттік басқару секторын тұтынудың (фискалдық және квазифискалдық қарқын) айтарлықтай өсуі көрсететін қолдауды ескере отырып, ІЖӨ нақты мәнінде 1,8%-ға қысқарады. Кейіннен экономикалық белсенділікті әлеуетті деңгейге дейін қалпына келтіру ел ішіндегі эпидемиологиялық жағдайдың күтілетін жақсаруы, еңбек нарығындағы жандану, сондай-ақ халық кірісінің өсуі аясында жүргізілетін болады.

Инвестициялық белсенділік ішкі және сыртқы сұраныстың өсуі, әлемдік тауар нарықтарындағы баға конъюнктурасының жақсаруы, сондай-ақ ағымдағы жылы кейінге қалдырылған инвестициялық жобаларды қайта бастау нәтижесінде қалпына келтірілетін болады.

2020 жылы Қазақстанның сауда әріптес елдерінің өсу перспективалары бойынша бағалар теріс болып қалуда. Consensus Economics болжамдарына сәйкес, 2020 жылы ЕО экономикасы 7,7%-ға, Ресей 4,1%-ға қысқарады, Қытай экономикасы 1,4%-ға дейін баяулайды. 2021 жылы барлық әріптес елдерде көрсеткіштердің күрт қалпына келуі күтілуде, атап айтқанда, ЕО экономикасы 6,2%-ға, Ресей экономикасы 3,8%-ға, Қытай экономикасы 8,1%-ға өседі.

Мұнай нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарып келеді, алайда баға деңгейі біршама төмен, ал байқалған серпін әлі де тұрақсыз. Brent маркалы мұнайдың орташа айлық бағасы 2020 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша бір айда 20,7%-ға өскенін көрсетіп, бір баррель үшін 32,4 АҚШ долларын құрады. Мұнайдың әлемдік нарығындағы баға конъюнктурасына 2020 жылғы 1 мамырдан бастап ОПЕК+ келісімінің күшіне енуі және ОПЕК-тен тыс елдерде мұнай өндіруді қысқарту, сондай-ақ Қытайда мұнай тұтынуды, өндірісті және көлік қызметтерін қалпына келтіру, кейбір Еуропа елдері мен АҚШ-та карантин шараларын жеңілдету оң әсер етеді. ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді 2020 жылғы шілденің соңына дейін жоғары қысқартуы нәтижесінде мұнай нарығы үшін қосымша оң серпін күтілуде. Соған қарамастан, кейбір елдердің ОПЕК+ келісімі тәртібінің бұзылуына, әлемдегі мұнай қорының жоғары көрсеткіштеріне және АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың ықтимал нашарлауына байланысты тәуекелдер сақталуда.

2020 жылғы 1-тоқсанда алдын ала бағалау бойынша төлем балансының ағымдағы шоты мұнай өндірудің жоғары көлемінің нәтижесі ретінде және мұнайдың жоғары фьючерстік бағасына қатысты 2019 жылғы 4-тоқсанда қалыптасқан 1,2 млрд АҚШ доллары сомасында профицитпен қалыптасты. Дегенмен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банк ағымдағы шоттың тапшылықпен айтарлықтай нашарлауын күтуде, бұл мұнай мен металл бағасының төмендеуіне, оларды өндіру көлемінің қысқаруына, әлемдегі экономикалық белсенділіктің баяулауына байланысты Қазақстан экспорттайтын тауарларға сыртқы сұраныстың азаюына негізделді. Импортты қысқарту мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асыруға байланысты айтарлықтай аз болады. Ағымдағы шот тапшылығын тереңдету теңгенің айырбастау бағамына айтарлықтай қысым көрсететін болады.

Сыртқы нарықтардағы негізгі үрдістерге қатысты белгісіздіктің төмендеуіне қарай және ахуал Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес дамыған кезінде ақша-кредит талаптарын жеңілдету мәселесін қарау жоққа шығарылмайды.

Базалық мөлшерлеме бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 20 шілдеде Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланатын болады.

Жоғарыға