1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қаржы нарығындағы ахуал туралы

Жылдық инфляция 6,4% (2019 жылғы желтоқсанда – 5,4%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 9,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,5%-ға, ақылы қызметтер – 3,5%-ға өсті.

2020 жылғы наурызда халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 6,4% болды.

2. 2020 жылғы наурыздың қорытындылары бойынша халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2020 жылғы наурызда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері, алдын ала деректер бойынша, 30,0 млрд АҚШ долларына дейін 0,3%-ға немесе 78,9 млн АҚШ долларына ұлғайды. Халықаралық резервтердің өсуі шетел валютасындағы депозиттердің әкелуіне және екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттарындағы қалдықтар ұлғаюына байланысты болды. Резервтердің мөлшеріне банктердің шоттарына валюта әкелуімен қоса Ұлттық Банктің жүргізген валюталық өктемдіктері де әсер етті.

Жалпы алғанда, елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,5 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, алдын ала деректер бойынша, 2020 жылғы наурыздың соңында 87,4 млрд АҚШ доллары болды.

2020 жылғы наурызда ақша базасы 35,3%-ға (жыл басынан бері – 25,5%-ға) кеңейіп, 8 652,5 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін қоспағандағы ақша базасы 6 475,5 млрд теңгеге дейін 21,1%-ға (жыл басынан бері – 19,2%-ға) кеңейді.

2020 жылғы наурызда ақша массасы 8,6%-ға (жыл басынан бері – 5,9%-ға) ұлғайып, 22 577,5 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 301,3 млрд теңгеге дейін 3,9%-ға (жыл басынан бері – 0,03%-ға) өсті.

3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 2020 жылғы 6 сәуірден бастап пайыздық дәлізді +/-2 пайыздық тармаққа дейін ұлғайта отырып жылдық 12,0%-дан 9,5%-ға дейін төмендету туралы кезектен тыс шешім қабылдады. Шешім қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономика үшін тәуекелдерді шектеуге және сыртқы және ішкі ортаның өзгерген талаптарына бейімделуге бағыттады.

Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы 2020 жылғы наурызда басымдықпен теңге өтімділігіне сұраныстың өсуі аясында пайыздық дәліздің жоғарғы шегінде қалыптасты. 2020 жылғы наурызда TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 12,65%-ды құрады (2020 жылғы ақпанда – 9,47%).

Ақша-кредит саясатының құралдары. 2020 жылғы наурыздың соңында Ұлттық Банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 3,6 трлн теңге болды.

Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 0,5 млрд теңге болды.

Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 444,5 млрд теңгені, оның ішінде депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі – 216,0 млрд теңгені құрады.

Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 17,5%-ға төмендеп, 2020 жылғы наурыздың соңында 3 420,3 млрд теңге болды.

Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2020 жылғы наурызда 961,6 млрд теңгені құрады. Барлығы 8 аукцион өткізілді, оның ішінде 842,4 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 5 аукцион (орташа алынған кірістілік – 10,51%), 81,1 млрд теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 12,25%), 5,7 млрд теңге сомаға жартыжылдық ноттар бойынша 1 аукцион (кірістілік – 12,09%), 32,5 млрд теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (кірістілік – 12,00%) өткізілді.

Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2020 жылғы наурызда 1 620,3 млрд теңгені құрады.

Кірістілік қисығын қалыптастыру. 2020 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 263 млрд теңге сомаға орташа мерзімді (МЕОКАМ) және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды (МЕУКАМ) орналастыруды жүзеге асырды. Жалпы 4 аукцион өткізілді, оларға 5 жылдық, 9 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздары орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 9,50% - 12,00% аралығында болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2020 жылғы наурызда 2,8%-ға ұлғайып, 8 630,3 млрд теңге болды.

2020 жылғы сәуірдің басындағы жағдай бойынша кірістіліктің қисығы Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі 12,0%-ға дейін (2020 жылғы 10 наурыз) өсуіне байланысты жоғары жылжыды. Атап айтқанда, өтеу мерзімі неғұрлым ұзақ бағалы қағаздарға қатысты қысқа мерзімді бағалы қағаздар кірістілігі арасындағы спрэд кеңейді. Жалпы алғанда басқа бағалы қағаздарға қарағанда бір жылға дейінгі мерзімі бар бағалы қағаздардың аса жоғары кірістілік тренді сақталуда.

4. 2020 жылғы наурыздағы валюта нарығы

2020 жылғы наурызда теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 379,5–448,5 теңге аралығында өзгерді. 2020 жылғы наурыздың соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 17,4%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 447,67 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 11,5 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі – 3,5 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 8,1 млрд АҚШ доллары болды. Бір еншілес банктің биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлеміндегі үлесі 71,3% (2020 жылғы ақпанда 56,2%) болды, бұл олардың меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеуге байланысты болды. Аталған операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс немесе ұсыныс арақатынасына әсер етпейді. 

2020 жылғы наурызда халық нетто-негізде 236,4 млрд теңгеге барабар сомаға (2020 жылғы ақпанда – 137,1 млрд теңге) қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын – 75,5% немесе 178,5 млрд теңге, Ресей рублін – 23,1% немесе 54,5 млрд теңге, еуроны – 1,6% немесе 3,7 млрд теңге сатып алуға жұмсалды. Өткен аймен салыстырғанда аталған шығыстар 1,7 есе артты. Валюта түрлері бөлу бойынша АҚШ долларын сатып алуға шығыстар 2,9 есе өссе, еуроны және Ресей рублін сатып алуға шығыстар тиісінше 5,3 есе және 1,9%-ға азайды.

5. 2020 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 9,1%-ға ұлғайып, 2020 жылғы наурыздың соңында 20 276,2 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 10 532,7 млрд теңгеге дейін 14,7%-ға өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 9 743,5 млрд теңгеге дейін 3,7%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 10 804,4 млрд теңгеге дейін 0,02%-ға, шетел валютасындағы – 9 471,8 млрд теңгеге дейін 21,8%-ға ұлғайды. Долларлану деңгейі 2020 жылғы наурыздың соңында 46,7% болды (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%).

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2020 жылғы наурызда 5 638,9 млрд теңгеге дейін 5,3%-ға, шетел валютасындағы депозиттері 4 893,8 млрд теңгеге дейін 28%-ға өсті (заңды тұлғалар депозиттерінің 46,5%-ы).

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 165,6 млрд теңгеге дейін 5,1%-ға азайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 577,9 млрд теңгеге дейін 15,8%-ға өсті (жеке тұлғалар депозиттерінің 47,0%-ы).

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 3,9%-ға ұлғайып, 13 111,6 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 6 941,2 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар 6 170,4 млрд теңгені құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,7%-ды (2019 жылғы наурызда – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 9,1%-ды (9,4%) құрады.

6. 2020 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 3,6%-ға ұлғайып, 2020 жылғы наурыздың соңында 14 305,5 млрд теңге болды. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 7 436,6 млрд теңгеге дейін 5,9%-ға, жеке тұлғаларға – 6 868,9 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютамен кредиттер көлемі бір айда 11 816,1 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2,2%-ға, ал жеке тұлғаларға – 1,0%-ға ұлғайды. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 489,3 млрд теңгеге дейін 14,6%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 14,6%-ға, жеке тұлғаларға – 14,9%-ға ұлғайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2020 жылғы наурыздың соңында 82,6%-ды (2019 жылғы желтоқсанда – 83,4%-ды) құрады.

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 12 222,0 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 083,5 млрд теңгеге дейін 6,9%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2020 жылғы наурызда 2 125,5 млрд теңгеге дейін (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 14,9%-ы) 3,9%-ға ұлғайды.

Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға кредиттерінің айтарлықтай сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,4%), сауда (12,4%), құрылыс (4,7%) және көлік (3,7%) сияқты салаларға тиесілі.

2020 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,5%-ды (2019 жылғы наурызда – 12,0%), жеке тұлғаларға – 17,7% (17,8%) құрады.

7. 2020 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша төлем жүйелері

2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 16 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жұмыс істейді.

2020 жылғы наурызда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 61,5 трлн теңге сомаға 3,6 млн транзакция жүргізілді (2020 жылғы ақпанмен салыстырғанда төлемдердің саны 14,3%-ға азайды, ал сомасы 7,6%-ға ұлғайды). Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 3,4 трлн теңге сомаға 201,3 мың транзакция жүргізілді.

2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын 22 банк пен «Қазпошта» АҚ шығарды, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 35,8 млн бірлік болды, олардың ішінен наурызда 58,0% пайдаланылды.

2020 жылғы наурызда қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалану арқылы жүргізілген операциялардың көлемі 3,5 трлн теңге сомасына 195,2 млн транзакцияны құрады (2020 жылғы ақпанмен салыстырғанда транзакциялар саны 1,6%-ға, сомасы – 11,4%-ға ұлғайды). Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі саны бойынша 85,9%-ға дейін (2019 жылы – 85,7%), көлемі бойынша – 62,3%-ға (60,2%) дейін өсті.

Халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы жіберілген ақшаның жалпы көлемі 2020 жылғы наурызда 48,8 млрд теңге сомаға 0,2 млн аударымды құрады. 2020 жылғы ақпанмен салыстырғанда ақша аударымдары көлемінің артуы 3,7%-ды құрады. Жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемінен Қазақстаннан тыс жерлерге транзакциялардың жалпы санынан (0,2 млн транзакция) 79,1% және жалпы сомасынан 92,4% (45,1 млрд теңге) жіберілді. Ақша аударымдары жүйелері арқылы Қазақстан бойынша жалпы санынан 20,9% (0,05 млн транзакция) және жалпы сомасынан 7,6% (3,7 млрд теңге) жүргізілді. Ақша аударымдарының халықаралық жүйелері арқылы шетелден 24,2 млрд теңге сомаға 0,1 млн транзакция алынды.

8. 2020 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша зейнетақы жүйесі

2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2020 жылғы қаңтар-наурызда 879,0 млрд теңгеге немесе 8,1%-ға ұлғайып, 11 679,5 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы қаңтар-наурызда зейнетақы активтерін инвестициялаудан «таза» кіріс 661,7 млрд теңгеге 2020 жылғы 1 сәуірде 4 995,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

2020 жылғы 1 сәуірде міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ қоспағанда) 10,1 млн шотты құрады.

2020 жылғы қаңтар-наурызда зейнетақы төлемдерінің сомасы 45,0 млрд теңгені құрады.

2020 жылғы 1 сәуірде БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінде негізгі үлес ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарына және ҚР эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздарына (зейнетақы активтері жалпы көлемінен тиісінше 42,0% және 27,2%) тиесілі.

Жоғарыға