1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

2022 жылдың 9 айы бойынша Қазақстан Республикасының төлем балансы туралы

Ұлттық Банк 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша есептік төлем балансын қалыптастырды. Төлем балансының  ағымдағы шоты  8,0 млрд АҚШ доллар көлемінде профицитпен қалыптасты. Сонымен қатар, өткен жылы осы кезеңде 5,6 млрд АҚШ доллары тапшылығы байқалды.

Ағымдағы шоттың теріс сальдодан оң аймаққа ауысуы профициті 29,2 млрд АҚШ долларына дейін өскен сауда балансының жақсаруына байланысты. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңіндегі мәнімен салыстырғанда 15,7 млрд АҚШ долларға (екі есе) айтарлықтай өзгерген. Профициттің өсуі тауарлар экспортының импорттан асып түсетін өсу қарқынымен қамтамасыз етілген.

Сауда экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,4% өсіп, 64,2 млрд АҚШ долларына жетті. Тауарлардың экспорты тұрақты сыртқы сұраныспен және шикізатқа, атап айтқанда мұнайға әлемдік бағаның жоғары деңгейімен қамтамасыз етілді. Сондықтан, мұнай экспорты мен газ конденсаты 63,4% өсіп, 36,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Тауарлар импорты, өз кезегінде, аралық (21,8%-ға немесе 3,1 млрд. АҚШ доллары) және азық-түлік емес тұтыну тауарлары (24,1%-ға немесе 1,6 млрд. доллар) импортының ұлғаюы есебінен 17,5%-ға өсіп, 35,0 млрд АҚШ долларына жетті.

Тікелей шетелдік инвесторлардың кірістері де есепті кезеңде 19,9%-ға (немесе 3,3 млрд АҚШ долларына) өсіп, 19,7 млрд долларды құрады. Тұтастай алғанда, тауарлар экспортының өсуі шетелдік инвесторларға кіріс төлемдерінің ұлғаюымен қатар жүреді.

Қаржы шотында (резервтік активтерді қоспағанда) 7,8 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сальдоның қалыптасуы сыртқы активтердің ұлғаюын және резиденттердің сыртқы міндеттемелерінің төмендеуін білдіреді (2021 жылдың 9 айында 6,3 млрд АҚШ доллары көлемінде таза кіріс байқалды). Қаржы шотының оң сальдосы, негізінен, мемлекеттік сектордың операцияларымен қамтамасыз етіледі.

Резервтік активтер (Ұлттық қордың активтерін қоспағанда) 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 32,6 млрд АҚШ долларына бағаланды, бұл тауарлар мен қызметтердің қазақстандық импортының 7,1 айындағы қаржыландыру қажеттілігін қамтиды.

Қосымша ақпарат үшін:
+7 (7172) 77 52 05
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға