1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚРҰБ Төрағасы Ғ.О. Пірматовтың мәлімдемесі

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚРҰБ Төрағасы Ғ.О. Пірматовтың мәлімдемесі

2022 жыл, 5 желтоқсан, Астана

 

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, құрметті журналистер!

Қайырлы күн!

Ұлттық Банкке қош келдіңіздер!

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 2022 жылдың 6 желтоқсанынан бастап базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейіне дейін көтеру туралы шешім қабылдады.

Шешім инфляциялық қысымды төмендетуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған. Осы шешім 2025 жылға дейін жаңартылған болжамдар мен нақты деректерді талдау негізінде қабылданды.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өсіру циклін аяқтауға жақындады. Қабылданған шаралар қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігін қолдауға мүмкіндік береді. Келесі жағдайлар соның дәлелі:

1) Маусым айынан бастап теңгедегі депозиттердің артуы байқалады. Депозиттердің жалпы көлемі тарихи максимум – 30 трлн теңгеге жетті. Депозиттердің долларлануы биылғы ең жоғары деңгей – ақпандағы 38,4%-дан қазан айының соңында 35,3%-ға дейін төмендеді.

2) Валюта нарығы өз балансын таба бастады. Сәуір айынан бастап Ұлттық Банк шетел валютасын сату бойынша интервенциялар жүргізген жоқ. Біз экономикадағы дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырып келеміз.

3) Жалпы баяулауға қарамастан, кредит беру оң аймақта. Сараланған саясат банктердің экономиканы кредиттеуінің оң өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, қазан айында экономикаға берілген кредиттер халық пен бизнесті теңгеде кредиттеу есебінен жылдық мәнде
21,5 трлн теңгеге дейін 24,9%-ға өсті, ал биылғы жылдың басынан бастап 16,1%-ға өсті.

Базалық мөлшерлеме жөніндегі шешім осы процестерді нығайта түседі және орта мерзімді кезеңде инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді.

Бұдан былай қабылданатын шешімдерде нақты инфляцияның болжамды бағалауға сәйкес келуіне назар аударамыз.

* * *

Енді қабылданған шешімнің негізгі факторларына тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. ҚАЗІРГІ ЖӘНЕ КҮТІЛЕТІН ИНФЛЯЦИЯНЫҢ ДИНАМИКАСЫ.

2022 жылдың қараша айында инфляция жылдық мәнде 19,6%-ға жетті. 24,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосуда. Базалық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалыптасып келеді.  

Айлық мәндегі инфляция туралы айтатын болсақ, биылғы қараша айында ол алдыңғы 2 аймен  салыстырғанда 1,4%-ға дейін баяулағанына қарамастан, ол көп жылғы орта деңгейден асып, жоғары деңгейде қалып отыр.

Халықтың инфляциялық күтулері тарихи ең жоғары деңгейге жақын болып отыр. Биылғы қараша айында инфляцияны медианалық бағалау 18,2% болды.

Биылғы 4-тоқсанда кәсіпорындардың инфляциялық күтулері де рекордтық мәндерге жетіп, 17,6% болды.

Тауар жеткізу жолдарының бұзылуына байланысты тұрақсыз инфляциялық күтулер қысқа және ұзақ мерзімді тауарларды тұтынуды ынталандырып, тұрақты инфляциялық қысымға алып келді.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКА ФАКТОРЛАРЫ

Кен орындарында жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын жүргізу және Қазақстан экспортын әлемдік нарыққа жеткізу проблемалары экономикалық белсенділіктің өсуіне әсер етті. Биылғы он айда жалпы ішкі өнім 2,5%-ға дейін баяулады, бұл мұнайды болжанғаннан азырақ өндіруге байланысты болды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі сияқты мұнайға жатпайтын секторлар жоғары қарқынмен өсіп отыр.

Тұтынушылық тауарлар импортын логистикалық жеткізу жолдарын жаңа сауда бағыттарына қарай бағдарлау жалғасуда. Нәтижесінде үйреншікті сауда бағыттарын ауыстыруға, басқа елдерден жаңа жеткізушілерді іздеуге байланысты шығындар өсуде. Импорт көлемі кәсіпорындар мен халық сұранысының тұрақтылығын ішінара растайды.

Тұрақты сұраныс тұтынушылық кредиттеудің өсуімен нығайды, сұраныс ұсыныс мүмкіндігінен асып түсті. Оны жоғары инфляция және халықтың нақты кірістерінің өсу қарқынының бәсеңдеуі тежейді. Осылайша, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, халықтың нақты кірісінің өсуі бірінші тоқсандағы 7,1%-дан үшінші тоқсандағы 0,5%-ға дейін, ал нақты жалақының өсу қарқыны тиісінше 12,7%-дан 5,8%-ға дейін баяулады.

Тұтынушылық сұраныспен салыстырғанда инвестициялық белсенділік тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр. 10 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,7%-ға өсті. Салалық бөліністе оң инвестициялық белсенділік экономиканың барлық негізгі секторларында байқалуда. 

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Сыртқы сектордың негізгі факторлары ретінде геосаяси жағдайдың белгісіздігін және әлемдік азық-түлік бағасының жоғары деңгейін атап өткім келеді. Бұл факторлар алдағы уақытта шешім қабылдау кезінде негізгі факторлар болып қалады.

ФАО индексі биыл қазан айында іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Бұл ретте астық бағасы өткен аймен салыстырғанда 3%-ға көтерілді. Базалық сценарийде азық-түліктің сыртқы бағасының біркелкі төмендеуі күтіледі, бірақ олардың деңгейі жоғары болып қалады.

Жаһандық экономиканың баяулауы жалғасуда. Халықаралық валюта қорының соңғы болжамдарына сәйкес әлемдік экономиканың өсу қарқыны осы жылы 3,2%-ға дейін баяулайды. 2023 жылы баяулау жалғасады, өсу қарқыны 2,7%-дан аспайды. Әлемнің көптеген елдерінде инфляция жеделдеп, бірнеше онжылдықта ең жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Көптеген елдерде инфляцияның шарықтау шегіне жетуі 2023 жылғы бірінші тоқсанда, ал оның нысаналы мәндеріне қайтып оралуы 2024 жылдың соңына қарай күтілуде. Осыған байланысты болашақта сыртқы ортаның дезинфляциялық сипатта болатынын күтеміз.

Әлемдік мұнай нарығында жақын арада Қытайдағы сұраныс бойынша перспективалардың жақсаруы, АҚШ-тағы мұнай өндірудің деңгейі және ОПЕК саясаты нарыққа қолдау көрсететін болады. Ағымдағы жағдайды және халықаралық ұйымдардың болжамдарын ескере отырып, болжамның алғышарты ретінде мұнайдың бағасы 2023 жылы – 90 долларды құрайды, кейіннен 2024 жылы баррель үшін 85 долларға және 2025 жылы баррель үшін 79 долларға дейін төмендейді.  

* * *

Болжамдар бөлігіне көшейік.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, базалық сценарийдегі болжам айтарлықтай қайта қаралды. 2022 жылдың соңына дейін инфляция 20-21% шегінде қалыптасады. Біз 2023 жылғы 1-тоқсанда жылдық инфляцияның шарықтау шегіне жететінін болжаймыз.

Сауданың құрылымдық қайта құрылуының ұзаруы тұтынушылық тауарлардың азық-түлікке жатпайтын сегментінде көрініс табуда. Нәтижесінде жоғары инфляциялық күтулер мен дезинфляциялық сыртқы ортада инфляция бойынша болжам 2023 жылдың соңына қарай 11-13%-ға дейін көтерілді. 2024 жылы инфляция 7-9%, 2025 жылы 4-6% шегінде болжанады.

Келешекте ішкі ұсыныстың мүмкіндіктерінен артатын тұрақты сұраныс кезіндегі жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер инфляция төмендеуінің тежеуші факторы болады. Бұдан әрі инфляциялық жағдайдың жеңілдеуіне қарай және дәнді дақылдардың тұрақты бағасы кезінде инфляциялық күтулер төмендейді. Бұл инфляцияның одан әрі нысаналы бағдарларға жетуіне мүмкіндік береді.

Әлсіз сыртқы сұранысты және бұрын болжанғаннан азырақ өндіруді ескере отырып, біз жалпы ішкі өнімнің өсуі 2022 жылы 2-3%, 2023 жылы - 3-4%, 2024-2025 жылдары – 3,5-4,5% деңгейінде болатынын күтеміз. Мұнай өндірудің артуына байланысты экспорттың өсуі, сондай-ақ үй шаруашылықтары тарапынан қалыпты сұраныс кезінде инвестициялардың ұлғаюы негізгі драйверлер болады. 2023 жылы фискалдық саясат ынталандырушы аймақта болады деп күтілуде, бірақ бюджеттік қағидалар қолданылуы аясында бұдан кейін серпін әлсірейді. Осыған қарамастан фискалдық саясат факторы мемлекеттік тұтыну мен ішкі сұранысты қолдауды жалғастырады. Сұраныстың одан әрі өсуі импортты қолдау факторы болады, ол жалпы ішкі өнімнің өсуін шектейді.  

Негізгі тәуекелдер геосаяси шиеленіс салдарына және оның одан әрі дамуына қатысты белгісіздікке, сауданы құрылымдық қайта құру кезеңінің ұзақ болуына, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталу кезінде жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындады. Қабылданған шешім ескеріле отырып, базалық мөлшерлеменің деңгейі барынша жоғары деп бағаланады. Мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы ағымдағы деңгейлерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа проинфляциялық күтпеген өзгерістердің, болмаса, ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдату ықтималдығын төмен деп бағалаймыз.

* * *

Құрметті журналистер!

Ұлттық Банк инфляциялық қысымды төмендетуге және бағаның өсу қарқынын баяулатуға бағытталған ақша-кредит саясаты шараларын қабылдауды жалғастырады. Орта мерзімді кезеңде инфляцияның траекториясы мен факторлары ескеріле отырып, ақша-кредит саясаты дезинфляциялық сипатта қалады. 

Біз базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдерді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша Ұлттық Банктің негізгі мақсатын бағдарға ала отырып қабылдауды жалғастырамыз. Қабылданған шешімнің факторлары, инфляцияның болжамдары мен тәуекелдері туралы толық ақпаратпен осы жылғы 12 желтоқсанда жарияланатын Ақша-кредит саясаты туралы баяндамадан таныса аласыздар.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 13 қаңтарда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады.

Жоғарыға