1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

ҚҰБ Төрағасының орынбасары: Қазіргі жағдайда төмен мөлшерлеме бізді тұйық шеңберге тірейді

Неліктен Ұлттық Банк нарыққа экономика қызып кетпес үшін базалық мөлшерлеме одан әрі көтерілуі де, ақша-кредит саясаты күшейтілуі де мүмкін деген белгіні барынша беруге тырысып келеді. Қаржының және бағаның тұрақтылығына жауап беретін мемлекеттік органдарды үйлестіру ісі қалай құрылды, жоғары базалық мөлшерлеме қазіргі жағдайда экономиканы кредиттеу үшін шын мәнінде маңызды тежеуші фактор бола ала ма. Күн тәртібінде тұрған басты монетарлық мәселелер турасында біз ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовпен әңгімелестік.

– Байқап қарасақ, Үкімет, Ұлттық Банк, Қаржы нарығын қадағалаушы агенттік бар, барлығы мейілінше өз жағына қарай тартып, өз мақсатын көздеп, тапсырмаларды орындап бағып жатыр, бірақ нәтижесіне үңілсек, әл-ауқаттың өсуі сезілмейді, экономика жөнге келер емес, жүргізіліп жатқан реформалар тағы көрінбейді. Сіз бұнымен келісесіз бе?

Рет-ретімен айтайықшы. Сіз жоғарыда тізіп өткен мемлекеттік институттардың алға қойған мақсаты мен міндеттері әртүрлі келетініне қатысты екіұдай пікір болуы мүмкін емес. Иә, Үкімет ел экономикасының өскенін қалайды, Ұлттық Банк инфляцияның бәсең болуын әрі тұрақтануын мақсатқа алады, агенттік үшін қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды.

Бұл мақсаттарда қарама-қайшылық жоқ, керісінше, мұның барлығына үйлестіру арқылы қол жеткізіледі. Әрине, соғыс, әлемдік инфляцияның өсуі, пандемия сияқты жаһандық күйзелістер кезеңінде жоғары белгісіздік жағдайында шешім қабылдауға тура келетін параметрлер теңгерімсіз келгендіктен, қазір сырт көзге үйлестіру жоқ және әркім өз көрпесін өзіне қарай тартатындай көрінуі мүмкін.

Бірақ іс жүзінде олай емес, өйткені біздің болашаққа деген бірлескен стратегиялық көзқарасымыз біртұтас: бізге әртараптандырылған экономика, жоғары бәсекелестік, қолайлы инвестициялық ахуал және ең бастысы, азаматтарымыздың әл-ауқатының артқаны маңызды.

– Бұл үйлестіру ісі қалай көріну керек сонда?

Мемлекеттік бюджет тұрғысынан алғанда, үйлестіру – мұнай бағасының әсерінен болатын экономикадағы процестерді реттеуге бағытталған бюджеттік қағиданы бірлесіп әзірлеу және енгізу арқылы жүргізіледі. Яғни, баға жоғары болған кезде Ұлттық қорда жинақ қалыптасады, ал мұнай бағасы түссе, экономикадағы рецессияға жол бермес үшін оның белгілі бір шығындары болады. Осылайша, елде макроэкономикалық тұрақтылық артады, ал экономика құрылымы сыртқы факторларға қарамастан анағұрлым икемді және әртараптандырылған болады. Бұл жоспар келер жылдың бюджетінде қамтылған және барлығы оның іс жүзінде қаншалықты сақталуына байланысты болады.

Біз, сондай-ақ, Үкіметпен бірлесіп инфляция деңгейін бақылау және төмендету шаралары кешенін әзірлеген болатынбыз. Ол қазір де жүзеге асырылып жатыр. Құжатта – өндіріс көлемін ұлғайту, сақтау, тауарлар мен көлік логистикасы, тауарлардың бөлшек саудасы, бағаны бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу, жүйелі шаралар сияқты негізгі бес бағыт бойынша жұмыс қарастырылған.

Үкімет тарапынан әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкіметтің инфляцияны бақылау тәсілін атаулы әлеуметтік көмекке өзгерту мәселесін талқылау басталып кетті. Бұл бағаны шарықтатпай, есесіне, мұқтаж азаматтардың санатына көмек көрсету дегенді білдіреді. Осылайша, субсидиялар мақсатты бола алады, ал тауарларды жеткізу мен өндірістің табыстылығы айтарлықтай серпін алады. Яғни, бәсеке мен сұраныс арқылы баға тұрақтандырылу керек.

Біз өз тарапымыздан 2023 жылы инфляцияны төмендету, 2025 жылдан бастап орта мерзімді мақсаттарды орындау үшін сұранысты ұсыныспен теңгерімді ету және экономиканың қызып кетуін болдырмау үшін базалық мөлшерлемені көтеру арқылы ақша-кредит шарттарын күшейтіп отырмыз. Бұл мәселеге келгенде біздің ойымыз бен Үкіметтің көзқарасы бір жерде түйіседі. Төмен инфляция деңгейін таргеттеп, оған қол жеткізе білу қажет. Бұл макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шаруашылық жүргізуші субъектілердің инфляциялық күтулерін мақсатты көрсеткішке жақындатады.

– Ставканы көтеруге келетін болсақ, бұл ретте, керісінше, мөлшерлемені көтере отырып, сіз тауарларды одан әрі қымбаттатасыз деген пікір бар, мысалы, ретейлерлер кредиттің өзіндік құнына тәуелді және олар сатылатын өнім бағасын базалық мөлшерлеменің өсуіне жауап ретінде көтереді, яғни, кері әсері болады деген сөз ғой.

Білесіз бе, бұл жерде экономиканың жеке секторы мен жиынтық сұранысты және ұсынысты бөліп қараған дұрыс. Біріншіден, бізде сауда саласы тұрақты маржа мен рентабельділікке ие және біз күнделікті жеке мысалдан көріп отырғанымыздай, желілік сауда орындары тұтынушының көңіл-күйіне қарай қоймайды, базалық мөлшерлеме өзгермесе де олар бағаны көтере береді. Сауда саласындағы нақты сектордың мониторингі бойынша, III тоқсандағы сату рентабельділігі 2022 жылы 21,3% құрады. Тарихи тұрғыдан алғанда, ол орта есеппен 16,7% деңгейінде болды, яғни, табыстылық орташа тарихи мәндерден жоғары. Ал ҚҰБ бағалауы бойынша, бұл сектордың маржасы жиынтық сату түсімдері мен өзіндік құнын ескергенде 2022 жылдың ІІ тоқсанында 25%-ды құрады. Сауда саласында қалыптасқан тұрақты сұранысқа байланысты баға өсуінің жүктемесі қарапайым тұтынушыларға ауыр тиіп отыр, яғни, баға мөлшерлемеге байланысты өсіп отырған жоқ. Базалық мөлшерлеменің көтерілуі инфляцияның өсуін қалыптастырмайды, керісінше, ол оны тұрақтандыруға және төмендетуге бағытталған.

Төмен ставка бізді тұйық шеңберге әкеп тірейді, жоғары инфляция – жоғары сұраныс – жалақыны индексациялау – жоғары инфляция және т.б. Бізге бұл шиыршыққа еш жағдайда да түсуге болмайды. Қазір бөлшек сауданың нақты өсуін шектеп отырған негізгі себептердің бірі – инфляцияның жоғары болуы, ол қызметкерлердің жалақысын индексациялауды талап етеді, жоспарлауды қиындатады, сұранысты тежейді және сайып келгенде, бизнес маржасы мен оның табыстылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін.

– Яғни, ставка ҚР-да бизнес жүргізуге кедергі емес дейсіз ғой?

Жоқ, мен бұл бірінші эшелонның тежеуші факторы емес екенін айтып отырмын. Нақты мысал келтірейін. Біз тоқсан сайын сауда, өңдеу өнеркәсібі және тау-кен өнеркәсібі салаларын қоса алғанда 3 мыңнан астам кәсіпорында сауалнама жүргіземіз. Кәсіпорындар 2020 жылдың I тоқсанынан бастап 2022 жылдың III тоқсанына дейін бизнес жүргізудегі негізгі кедергілер деп мыналарды атады: Қазақстан экономикасының жай-күйі (1-орын), нарықтық бәсекелестік (2-орын) және кедергілердің болмауы сияқты параметр жиі аталды (3-орын).

Өз кезегінде, тарихи динамика кәсіпорындар қызметіне қаржыға қолжетімділіктің ықпалы төмендегенін көрсетеді: маңыздылығы бойынша 2020 жылғы 1-тоқсандағы 5-орыннан 2022 жылғы 3-тоқсандағы 8-орынға дейін.

Осылайша, инфляциямен анықталатын экономиканың жай-күйі Қазақстанда бизнес жүргізу үшін басты кедергі болып табылады. Мұндай жағдайда біз тұрақты және төмен инфляция, қолайлы инвестициялық ахуал түрінде экономикамыз үшін мықты іргетасты қамтамасыз етуге тиіспіз. Сонда ғана іргемізді тұрғызып, шатырды қоюға болады. Әйтпесе, біз ортақ үйімізді үнемі жөндеп отыратын боламыз.

– Бірақ осы жерде қарама-қайшылық туындайтын сияқты, өйткені экономикалық өсу де – өз алдына бөлек құбылыс, оған бизнес те тәуелді. Демек, биылғы өсу жағдайы 2021 жылға қарағанда анағұрлым нашар болғаны ма?

Қарама-қайшылық жоқ. Иә, шын мәнінде, экономикалық өсім бүкіл жер жүзінде де баяулап келеді, ал біздің ірі сауда серіктесіміз – Ресейде – тіпті, рецессия. Бірақ біз өсу құрылымымызға қарайтын болсақ, сурет жағымсыз көріністен гөрі әлдеқайда жағымды. Осы жылдың 10 айында ЖІӨ 2,5%-ға өсті. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінде, көлікте, саудада және құрылыста өсім шамамен 4% және одан да көп, ал ауыл шаруашылығы мен ақпаратта және байланыста ол мүлдем 7%-дан жоғары. Бұл ретте тау-кен өндіру секторында бізде 1%-ға төмендеу бар, бірақ бұл біздің мұнайымызды тасымалдау мен жоспардан тыс жөндеулердің жалпыға белгілі проблемаларына байланысты болып отыр.

Осылайша, экономиканың мұнайға жатпайтын бөлігінде өсім жоғары, бұл ретте біз келер жылы да айтарлықтай құлдырау болады деп күтпейміз.

– Өсу себебін анықтап алған сияқтымыз. Инфляцияны айтайықшы, неге бәрі қымбаттап жатыр?

Соңғы мәліметтер бойынша, қазан айында инфляция 18,8%-ға дейін жеделдеді. Еске сала кеткім келеді, жыл соңына дейін ол 16-18% болады деп біз тамыз айында болжаған ек. Яғни, инфляция біздің болжамнан асып түсті. Бұл еліміз бойынша орташа көрсеткіш екенін ескерсек, айтарлықтай өсім.

Инфляция ішкі және сыртқы себептерге байланысты өсіп отыр. Ішкі себептер – жоғары инфляциялық күтулер. Көші-қон жүйесіндегі қарбалас та белгілі бір деңгейде әсер етті. Сонымен қатар біршама жаңа тұтынушылар пайда болды, бұл – жалға алу бағасының айтарлықтай өсуіне, сондай-ақ азық-түлік пен бірқатар қызметке сұраныстың артуына себеп болды. Біз күтілетін медианалық инфляция қазан айында ең жоғары 18,3% деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз. Жағдай көрсеткендей, халық тауарды тұрған жерінде және сол бойда сатып алуға тырысып бақты. Өйткені көпшілік ертеңгі күні оның қымбаттай түсетініне сенімді еді. Бұл – сұранысты ынталандырады, ал сұраныс тұрақты болса, тұтынушылар бағаны көтеру арқылы шығындарды өте оңай көтереді. Осының аясында тұтынушылық несиелер көбейді, бюджет шығыстары индекстеліп, жалақы өсті. Бұл да инфляциялық үрдістің күшеюіне жол берді.

Сыртқы факторлар ұсыныс жағында шоғырланып жатыр. Жеткізу тізбегінде үзіліс болды. Әлемдік брендтер Ресейден кетіп жатыр. Ал, Қазақстан жаңа жеткізушілерге қайта бағдарлануда. Мысалы, біздің ел тұрмыстық химия өнімдерін Ресей Федерациясынан жеткізіп отырды, ал енді бұл тауарларды ауыстыру үшін уақыт қажет. Үйреншікті маршруттардан бас тарту керек, жаңа жеткізу желілерін салу керек, ол қымбатқа шығуы да мүмкін. Сол кезде сұранысқа сай тиісті ұсыныс болмай қалуы ғажап емес, бұл өз кезегінде инфляцияның өсуіне алып келеді. Оның үстіне, біз әлі әлемдік инфляцияның шыңынан өткен жоқпыз, біз оны жай ғана импорттап отыр.

Сондықтан біздің міндетіміз – сыртқы жағдайларға құрылымдық түзету аз шығынмен жүргізілгені дұрыс, сонда бағаның өсу қарқыны бәсеңдеп, 2023 жылға қарай төмендеуі керек.

– Президент жақында сөйлеген сөзінде біздегі инфляцияның сырттан келетінін айтты, себебі бізде импортқа тәуелділік жоғары, бірақ бұл ретте Ұлттық Банк біздің инфляцияға әсер ететін ішкі факторларды да атап өтті. Сонда, сайып келгенде, біздегі инфляцияның катализаторы не болды?

Әрине, жәй ғана сандарға қарағанның өзінде баға өсімінің басым жағы сыртқы факторлармен байланысты: жекізу тізбегіндегі іркілістер, бағамның ауысу нәтижесі, азық-түлікке, қуат көзіне, қызметтерге сыртқы бағаның жоғары болуы. Бұл тұрғыда әсер етуші негізгі күш – сырттан екенін ұғыну керек. Биыл инфляцияның қарқынды түрде жеделдеуі осыларға байланысты болды.

Бірақ, біз инфляцияның өсу қарқыны ел ішіндегі факторларға да байланысты екенін жоққа шығара алмаймыз. Инфляцияның сыртқы бөлігінде лаулап жанған алауды елестетіп көріңізші, оған жоғары инфляциялық күтулер, тұтынушылық бағыттағы несиелеу және созылмалы фискальды импульс секілді ішкі факторлар да тамызық болады. Бұлар болмаса, инфляцияның қарқыны әлдеқайда төмен әрі оны тезірек тұрақтандыруға болар еді. Мысалды көптеп келтіруге болады. Инфляция барлық елде өсіп жатыр, алайда, оның әр елде қарқыны әрқалай. Себебі, ішкі факторлар барлық жерде бірдей емес. Мәселен, АҚШ экономикасы әлдеқайда әртараптандырылған, инфляциялық күтулер анағұрлым төмен, бәсекелестік деңгейі жоғары және т.б. Соның нәтижесі – қазан айында АҚШ-тағы инфляция 7,7% деңгейінде болды. Қытайда – 2,1%, Ресейде – 12,6%.

Сондықтан, мұнда экономиканы әртараптандыру, бәсекелестікті арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету мен күйзеліс кезеңінде инфляция жалынына әл бермес үшін ішкі факторларды тізгіндеудің арасында қарама-қайшылық жоқ.

– Ұлттық Банктің әрбір мәлімдемесінде инфляцияға инфляциялық күтулердің әсері байқалып жатады. Бұл қандай көрсеткіш және оны қалай есептейсіздер?

Экономика дегеніміз – халық және олардың шешімі. Экономикадағы жағдай шешімдерге байланысты келеді. Өз кезегінде шешім қабылдау – келіп түсетін ақпарат, көңіл-күй, күту, жалпы алғанда, ішкі және сыртқы экономикалық орта бойынша жүзеге асады. Сондықтан өнім көлемі сияқты нақты көрсеткіштерден басқа үй шаруашылықтарының, фирмалардың және кәсіби қатысушылардың көңіл-күйі мен күтуінің көрсеткіштері маңызды. Егер халық ертеңіне сенімсіз болса, онда ол болашақ үшін ақша жинамай, оны мүмкіндігінше қазір тұтынуға тырысады және бұл инфляцияға тікелей әсер етеді.

Күтулер бизнеске де байланысты: егер бизнес болашақта жоғары инфляцияны күтетін болса, ол өз жоспарларына күтілетін шығындарды жабу үшін сату бағасына тиісті түзету енгізеді және өзінің инвестициялық жоспарларын белгісіздік деңгейі жоғары ортада құрады.

Сондықтан, экономикалық агенттердің күтулері төмен деңгейде бекітіліп, орта мерзімді кезеңде күйзелістерге ден қойылмағаны маңызды. ҚҰБ экономикадағы осы процестерді бақылау үшін үй шаруашылықтары мен фирмалардың ғана емес, сонымен қатар кәсіби макроэкономистердің де күтулерін зерттейді.

Соңғы алынған мәліметтерге сүйенсек, барлық мониторинг субъектілерінің күтулері өсті. Үй шаруашылықтары бір жылдан кейін инфляция орташа есеппен 18,3% болады деп күтеді, бұл – барлық бақылау кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіш. IV тоқсанда фирмалардың квантталған күтулері 17,6%-ға дейін өсті, бұл да ең жоғары мән. Макроэкономистер де өз болжамдарын жаңартты – келер жылғы инфляцияның орташа күтулері 11%-ға дейін жоғарылады.

Параметрлер экономикадағы психологиялық ахуалдың инфляцияға бейім екенін, ал инфляция тұрақтанады дегенге халық пен бизнестің сенімі төмен екенін көрсетеді. Осыған байланысты инфляциялық күтуді төмендету үшін күшті, ашық, есеп беретін және тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүзеге асыру арқылы сенімге ие болу қажет.

– Сарапшылар Ұлттық Банктің мөлшерлемені 150 б.т. көтергендегі қадамын монетарлық күйзеліс деп сипаттады. Сіздің ойыңызша, нарық ставканың осылай өзгеретінін күтті ме?

Егер ақша-кредит саясатының шарттарын бірнеше өлшемде қабылдайтын болсақ, онда ақша-кредит шарттарын күшейту келесі сипаттамалар жиынтығына ие болады.

Біріншіден, салыстырмалы қадам өлшеміне қараған маңызды: біз мөлшерлемені 14,5% деңгейінен 150 б.т. немесе шамамен 10% көтердік.

Екіншіден, мөлшерлеме деңгейіне назар аудару керек: қазір ол қазандағы 18,8% инфляция деңгейіне қарағанда 16% құрайды.

Үшіншіден, мөлшерлеменің осы деңгейлерде қанша уақытқа дейін ұсталып тұратыны маңызды. Айта кету керек, реттеуші биыл саясатты айтарлықтай күшейте бастады.

Төртіншіден, ставканың өсудегі кумулятивтік әсері маңызды: қазір ол жыл басынан бері жинақталған инфляция 17,2% болған кезде 6,25 п.т. құрап отыр.

Барлық іргелі параметрлер бойынша ақша-кредит саясатын күшейту туралы шешімді «монетарлық шок» деп атауға болмайды. Алдыңғы шешімде ҚҰБ үзіліс алды, бірақ базалық мөлшерлемені көтеру мүмкіндігі туралы түсініктеме берді.

Сонымен қатар макроэкономикалық сауалнама жыл соңына қарай кәсіби макроэкономистер орташа мөлшерлеменің шамамен 200 б.т-ға өседі деп күтетінін көрсетті. Осылайша, көпшілік үшін жаңа статистика мен инфляцияны, күту жағдайын ескерсек, бұл шешім күйзеліс туғызбады.

Дереккөз: Forbes.kz

Жоғарыға