1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Инфляцияның төмендеуін қашан күтуге болады және ақша-кредит саясатының бағыты қандай болады?

Бетін ашып алайық: бұл материалды жариялауға ұсыныс білдірген – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі. Онда Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов сыртқы сын-қатерлер туралы, инфляцияның төмендеуін қашан күтетінін және елдің ақша-кредит саясатының даму бағыты қандай болатынын әңгімелейді. Осылайша, баспасөз қызметі жеткізгендей, Ұлттық Банкке жиі түсетін сұрақтардың жауаптарын жариялаймыз.

– Инфляциялық таргеттеуге ауысқан уақыттан бастап, біздің экономикамыз үнемі сыртқы күйзелістердің тегеурінінде қалып келеді. Сіздің ойыңызша, инфляциялық таргеттеу принциптерін ұстана берсек, оған біздің шамамыз жете ме? Артқа бұрылып қарар болсақ, сіз өз саясатыңызды қалай бағалар едіңіз?

Дұрыс айтасыз, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы сыртқы күйзелістерге ұшырып отыр. Оның осал болуының себебі және экономикамыздың сыртқы күйзелістерге орнықтылығын жақсарту мәселесі талқылауға ұсынылатын аса маңызды және өз алдына бөлек тақырып деп ойлаймын.

Ақша-кредит саясатына келер болсақ, инфляциялық таргеттеуге көшкеннен кейін инфляция деңгейі 2016 жылдың шілде айындағы максималды мән – 17,7%-дан 2019 жылдың соңына қарай 5,4%-ға дейін төмендеді. Бұдан басқа 2017 жылдың қаңтарынан бастап 2020 жылы дағдарыс көрініс бергенге дейін инфляция нысаналы дәліз ішінде болды.

Алайда, 2020 жылы мұнай нарығындағы баға кереғарлығымен, одан кейін іле-шала орын алған жаһандық коронавирус пандемиясымен байланысты сыртқы тәуекелдердің іс жүзінде бой көрсетуі инфляцияның нысаналы дәліз шегінен шығып кетуіне алып келді.

2021 жылдың орта шенінен бастап, әлемде, сол сияқты Қазақстанда да жеткізу тізбегінің бұзылуынан тауар-шикізат нарығында сұраныстың жедел қалпына келуі мен туындаған жаһандық теңгерімсіздіктің нәтижесінде инфляция қарқын ала бастады.

2022 жылы инфляция геосаяси ахуалдың шиеленісуі аясында жаңа айналымға енді.

Ұлттық Банктің жедел қабылдаған шаралары макроэкономикалық тұрақтылық пен теңге активтерін қорғауға жағдай жасай отырып, сыртқы күйзелістер зардабының ел экономикасына таралуының алдын алуға мүмкіндік берді. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында қабылданған шешімдер ұлттық валютаны қолдауға және қазақстандықтардың жинақтарын қорғауға мүмкіндік тудырды.  

– Ұлттық Банкпен қабылданған шаралар қазір қандай нәтиже беріп отыр?

Біздің негізгі мақсатымыз – қазақстандықтардың әл-ауқатын қорғау, қазақстандықтардың кірістері мен жинақтарын құнсызданудан сақтау.

Біз қазірдің өзінде қабылдаған шешімдеріміздің жағымды аралық нәтижелеріне куә болып отырмыз.

Жыл басынан бері депозиттік база долларландырудың біршама төмен деңгейін сақтай отырып қайта қалпына келді, ал кейбір облыстарда біздің резиденттеріміз теңгеге ауысуда белсенділік танытуда. Мұның барлығы жинақтау қабілетінің артқандығын білдіреді және біз үдемелі баға жағдайында бұл үрдісті қолдап қана қоймай, оны бекіте түсуді міндетіміз деп білеміз.

Осы жылы базалық мөлшерлеменің өсуінен инфляцияны төмендетудің негізгі нәтижелері орта мерзімді кезеңде уақытша кеш шығады. Соған байланысты, қазіргі шаралардың негізгі нәтижесін біз 1-2 жылдықта ғана көреміз, яғни, 2023-2024 жылдары.

Өз мақсаттарына жету жолында Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын жүргізу үшін негізгі құралдарды әзірлеу, баптау және жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіп келеді, оның ішінде мемлекеттік қарыздың ішкі нарығын дамыту және жаһандандыру да бар. Бұл мемлекеттік облигациялар нарығының қызметін айтарлықтай жақсартуға және шетелдік инвесторлар арасында оның тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді.

– Ал, шетелдіктер тарапынан біздің мемлекеттік облигацияларға қызығушылық бар ма? Бұдан бұрын Ұлттық Банк Қазақстанның МБҚ 2022 жылы J.P. Morgan GBI-EM индексіне қосыла алады деп хабарлаған еді. Бұл қазақстандық нарық үшін не береді?

Иә, қызығушылық бар, 2021 жылы сыртқы инвесторлар Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын сатып алуды 5 есеге, яғни, 79 млрд теңгеден 384 млрд теңгеге дейін көтерді. Бірақ, дәл қазіргі уақытта біз шетелдік инвесторлардың қатысымының төмендегенін байқап отырмыз, бұл бірінші кезекте, әлемдік нарықта орын алған жағдайларға байланысты. Ал ондағы жағдай, өздеріңіз де білесіздер, тым күрделі.

2021 жылдың шілде айында J.P. Morgan индекстерді басқару бойынша шолу шығарды, мұнда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары GBI-EM. индексіне қосу үшін «радарға» орналастырылған болатын.  

ҚР МБҚ Индексе енгізу қазақстандық облигацияларын өзгелерге танытып қана қоймай, жергілікті нарыққа шетелдік инвесторлардың жаңа ағынына жол ашады, ол өз кезегінде МБҚ ішікі нарығының өтімділігін арттырып, мемлекеттік қарыз алудың арзандауына және нарықтық кірістілік қисығын құруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қарыз нарығының әрі қарай дамуының қазіргі басымдықтарының бірі – мемлекеттік облигациялардың қайталама нарықтағы өтімділігін арттыру.

Біз мемлекеттік облигациялар бойынша бастапқы дилерлердің толыққанды институтын енгізуді және Ұлттық Банктің басқаруымен қорларды бәсекелес ортаға беруді қарастырып жатырмыз. Бұл нарықтық бағаны қамтамасыз етуге және бәсекелестікті арттыру арқылы тиісті қызметтер нарығының дамуына оң әсер етеді. Мұндай тәсіл бағалы қағаздардың айналымдылығын арттыруға қосымша ынталандырады.

Жалпы алғанда, қарастырылып отырған бастамалар мемлекеттік қарыздар нарығының тиімділігі мен өтімділігін құруға бағытталған.

– Соңғы ақша-кредит саясаты депозиттер бойынша мөлшерлемелер мен көлеміне қаншалықты ықпал етті? Банктерде халық пен бизнес салымдары бойынша сәйкесті ағын болды ма?

Базалық мөлшерлемені арттырудағы негізгі мақсаттың бірі – халықтың тұтынушылықтан – жинақтауға ауысуын ынталандыру үшін теңге депозиттерінің тартымдылығын арттыру (ол бойынша кірістілікті көбейту).

2022 жылдың басынан бастап базалық мөлшерлеме мен ҚДКҚ-ның ұсынатын мөлшерлемелерінің өсуінен кейін іле-шала корпоративті сектордың да, халықтың да салымдар бойынша мөлшерлемелері өсе бастады. 

Нәтижесінде, біз банк жүйесінде депозиттердің өсімі орын алғанын көріп отырмыз. Белгісіздіктің өсуіне қарамастан, депозиттік ұйымдардағы депозит көлемі жылдық мәнде 8,1%-ға, яғни, 27,2 трлн теңгеге дейін өсті. Осы жылдың екінші тоқсанында базалық мөлшерлеменің артуынан ықпал байқала бастаған кезде, жеке тұлғалардың теңгелік салымдары 6,1%-ға, заңды тұлғалардың салымы 4,4%-ға өсуі арқасында депозит көлемі 2,7%-ға көбейді.

Ұлттық валютадағы депозиттерге қаражаттың қосылуы және валюталық депозиттерден салымдардың алынуы – депозиттегі долларланудың төмендеуіне ықпал етті. Мәселен, 2022 жылдың ақпан айындағы 38,4% жоғарғы шегінен маусымның соңына қарай 35,3%-ға түсті.

Долларландырудың бұл деңгейі инфляциялық таргеттеуді енгізген кезден бастап ең төменгі шек болып есептеледі, егер естеріңізде болса, 2016 жылы біз депозиттегі долларландырылудың 70%-ға дейінгі (69,7% – 2016 жылдың қаңтары) шегіне жеткен болатынбыз. 

Мөлшерлемені арттыру экономиканы несиелендіруге қалай әсер етеді? Банктердің несиелік белсенділігіне қатысты жағдай өзгерді ме?

Биыл базалық мөлшерлеменің артқанына қарамастан, бизнеске берілген несие жылдық мәнінде маусым айында 12,7%-ға, ал халыққа берілетін несие 40%-ға өсті.  Өз кезегінде, жиынтық несие портфелі 27,5%-ға, яғни, 20,1 трлн теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ, корпоративтік секторға ұлттық валютадағы несиелердің жыл сайынғы өсуі 2012 жылдың қазан айынан бері алғаш рет максималды 19,4%-ға өскенін атап өткім келеді. Кәсіпорындарға берілген жаңа несиелердің де көлемі ауқымдырақ болды. Олар, негізінен, айналым қаражатын қаржыландыруға (2021 жылы 76%) және экономикадағы ағымдағы іскерлік белсенділікті қолдауға бағытталып отыр. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік субъектілеріне 11,1 трлн теңгеге жаңа несиелер берілді. Салыстырар болсақ, өткен жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 14,8 трлн теңгені құрады, яғни, бизнеске берілген несиелер бюджет шығыстарының ¾ бөлігіне тең болды. Бұл банктердің экономикадағы маңыздылығын көрсетеді.

Экономиканың сапалы өсуі үшін негізгі капиталға инвестицияның маңызы зор екенін атап өткім келеді. Қазақстанда, жалпы, бұрыннан келе жатқан үрдіс, негізгі капиталға салынатын инвестицияның негізгі көзі несие емес, кәсіпорынның өз қаражаты болып табылады (негізгі капиталға инвестициялардағы үлесі – 2021 жылы 71%, бюджет қаражаты – 15%, ал ЕДБ кредиттері мен қарыз қаражатының үлесі – 2,6%).

Біздің міндетіміз – ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді қаржыландырудың пайда болуына жағдай жасау. Біз бұған экономикамыз үшін тұрақты барабар инфляция деңгейі мен теңгенің сатып алу қабілетін қамтамасыз ету арқылы қол жеткізе аламыз. Біздің саясатымыз бірінші кезекте осы мақсаттарға бағытталған.

Өз кезегінде инфляцияның тұрақты деңгейі және инфляциялық күтулердің бекітілуі экономикалық агенттердің болашаққа сенімін арттырады, оларға ұзақ мерзімге инвестициялық жоспар құруға мүмкіндік береді және сәйкесінше олардың негізгі капиталға инвестициялауға қызығушылығын арттырады.

– Егер банктер ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруға әлі дайын болмаса, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан экономикаға қосымша қаражат бөлу қажет болар?

Елде инфрақұрылымға инвестиция құюға деген қажеттілік зор екендігі сөзсіз. Бірақ дамыған елдерде инфрақұрылымды қаржыландыру жеке капитал есебінен жүзеге асырылады. Жеке капиталдың инфрақұрылымды инвестициялауға құлықсыздығының себептерін жою қажет. Бұл – басты мәселе. Және оны тек ақшамен шешу мүмкін емес. Оның үстіне, біз мәселені қосымша қаржы бөлу арқылы шешуге тырысып, макроэкономикалық мәселе – экономиканың қыза түсуіне жол ашамыз.  

– Экономиканы қаржыландыру көздері туралы сұрақтың жалғасы. Әрине, қаржы нарығының басқа қатысушыларымен салыстырғанда ондағы банктердің рөлі жоғары. Осы туралы толығырақ тоқталып өтсеңіз?

2020-2021 жылдары нормативтік есеп беру сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Осының арқасында біз қазір экономикаға берілген несиелер бойынша статистиканы кеңейтілген анықтамада жасап жатырмыз және оларды тоқсан сайын жариялай бастаймыз.

Мұнда екінші деңгейлі банктер, квазимемлекеттік сектор субъектілері (Қазақстанның Даму Банкі, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несиелендіретін ұйымдар), ипотекалық ұйымдар, микроқаржы ұйымдары, несиелік серіктестіктер және ломбардтар берген несиелер ескерілетін болады. Заңнаманың өзгеруімен қазіргі уақытта банктік несиелер бойынша статистикаға енгізілген «Отбасы Банкі» АҚ квазимемлекеттік сектордың несиелік ұйымдарының құрамына енуі мүмкін.

Кредиттік нарық операцияларының толық статистикалық қамтылуын қамтамасыз ету экономикалық агенттерге неғұрлым толық көрініске ие болуға, дұрыс қорытынды жасауға және неғұрлым ақпараттандырылған бизнес шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

– Ал, Ресей мен Қазақстанның ақша-кредитке қатысты шарттары қандай? Біздің экономикамыздың тығыз қарым-қатынаста болуына қарамастан, Ресейдің Орталық банкімен салыстырғанда мүлдем қарама-қайшы саясат жүргізуіміздің себебі неде?

Ресей Банкі негізгі мөлшерлеме бойынша өз шешімдерін егжей-тегжейлі түсіндіріп беріп жүр және онымен қай уақытта болмасын танысуға мүмкіндігіңіз бар.  

Қысқаша айтқанда, осы жылдың ақпан айында шешуші мөлшерлеменің 9,5%-дан 20%-ға дейін екі еседен аса артуынан кейін санкциялық қысымға байланысты Ресей Банкі күшті дефляциялық процестер аясында мөлшерлемені шілде айының соңында 8%-ға дейін төмендетті.

Ресейде бағаның ай сайынғы өсуі теріс аймаққа түсіп кетті (маусымдағы жағдай бойынша – 0,35%). Мұның барлығы ішкі сұранысты басудың, экономикадағы рецессияның, сондай-ақ, рубльдің нығаюы аясында болып жатыр.

Қазақстанда жағдай мүлдем керісінше. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,4%-ға өсті және рецессия күтілмейді.

Фискалды саясатпен ынталандырылып отырған ішкі тұрақты сұраныс, сыртқы баға факторлары инфляцияны жоғары қарай итермелеп келеді. Шілдеде айлық инфляция 1,1%-ды, ал жылдық мәнде 15%-ды құрады.

Мұның барлығы РФОБ-тағы әріптестеріміздің қазіргі ұстанып отырған ақша-кредит саясатының біздің жүргізіп отырған саясатымыздан неліктен ерекшеленетінін толықтай түсіндіреді.

– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында әлемдік мұнай бағасы бұрын-соңды болмаған ең жоғары шекке жетті. Бұл біздің еліміздің төлем қабілетіне қаншалықты оң әсер етті?

Расында, бірінші жартыжылдықта соңғы жылдардағы ең жоғары бағаға куә болдық.

Қазақстандық экспорттың орташа алғанда, 60% мұнайға тиесілі екенін ескерсек, ағымдағы шоттың траекториясы қара алтынның әлемдік бағасының траекториясымен белгіленеді. Энергия жеткізушлерінің бағасы төмен болған кезде төлем балансының ағымдағы шоты тапшылық аймағында қалды, ал баға көтерілген уақытта, профицит байқалды.

Мұндай заңдылық осы жылдың бірінші жартыжылдығында да байқалып отыр: мұнайдың жоғары бағасы ағымдағы шоттың 6,6 млрд АҚШ долларына профицитін қамтамасыз етті. Алайда, бұл тұрақты емес, өйткені ол тек шикізат бағасының өсуімен ғана қамтамасыз етіледі.

Анағұрлым жоғары шектегі ішкі өнім өндірісінің болмауы сыртқы күйзелістерге түсудегі ең осал тұстарымыздың бірі болып қала береді.

Отандық өндірістің қазіргі деңгейі ішкі сұранысты қамту үшін жеткіліксіз. Бұл импорттың тұрақты жоғары деңгейіне тәуелділікті тудырады, ал тауарларды импорттай отырып, біз әлемдік инфляцияның енуіне есік ашамыз. Оның үстіне шетелдік тауарларға ақы төлеуде шетелдік валютаға сұраныс туындайды, осылайша айырбас бағамына қысым көрсетіледі.

Төлем балансының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк сыртқы күйзелістерді абсорбациялай отырып, теңгенің еркін айналымын қамтамасыз етеді.

Экономиканы әртараптандыру – бір күндік жұмыс емес. Ол үнемі жүргізіледі. Үкіметтің 2025 жылға қарай 41 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспорты жөніндегі мақсатына қол жеткізу қазірдің өзінде осы бағыттағы жұмысты күшейтуді талап етеді.

– Жуырда Ұлттық Банк Open API, Open Banking және цифрлық қаржылық сервистерді дамыту туралы баяндамасын жариялады. Бұл не үшін қажет екенін түсіндіріп өтесіз бе, түпкілікті нәтиже қандай болуы керек, одан кімге қандай пайда болады?

Open API және Open Banking дамыту жобасы қазақстандық нарықтағы сапалы өзгерістерге бағытталған. Қаржылық қызметтерді пайдаланушылар үшін жеке және қаржылық деректерді бақылау, басқару, оларды үшінші тұлғаларға қауіпсіз беру және авторизацияланған нарық ойыншылары ретіндегі төлемдерді бастамашылық ету мүмкіндігі пайда болады.

Бұл қаржы нарығының ойыншыларына жаңа дербестендірілген қызметтер мен өнімдерді ұсынуға, сондай-ақ инновациялық қаржылық қызметтерді жасап шығаруға мүмкіндік береді. Яғни, біз қаржы ұйымдары мен олардың клиенттерінің өзара іс-қимылын барынша жеңілдетуге және қауіпсіздендіруге, инновациялар мен бәсекелестік үшін жағдай жасауға тырысып келеміз.

– 2022 жыл – Қазақстан үшін өзгеріске толы жыл болды. Президент «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын жария етті. Ал Ұлттық Банктің саясатында қандай жағымды өзгерістер бар?

Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты осы жылы да өз сабақтастығын сақтап қалғанынан бастағым келеді. Иә, біздің алдымызда бұрын-соңды кездеспеген көптеген сын-тегеуріндер бар. Алайда, бұл күйзелістерді біздің экономикамыз еңсере алады, біз осыған күш салып келеміз. 

Егер ішкі өзгерістер туралы сөз қозғар болсақ,  менің ойымша, ақша-кредит саясатының трансформациялануы мен эволюциясы мәселесінде, барынша ашықтық пен болжамдылық маңызды. Біз 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясында белгіленген бағыттарды ұстанып келеміз. Атап айтсақ, Ұлттық Банк осы жылы өзінің коммуникациялық саясатын кеңейтті, әсіресе, бұл базалық мөлшерлеме бойынша шешімге қатысты болып отыр.

Біз өз мақсатымызға жетудің анағұрлым тиімді жолымен жүре отырып, барынша түсінікті болғанымызды қалаймыз және жүйелілікті сақтағымыз келеді. Ұлттық Банк теңгенің еркін айырбас бағамы жағдайында инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстануды одан әрі қарай да жалғастыра береді.

Базалық мөлшерлеменің деңгейі қашан да бірінші кезекте, инфляция бойынша мәлімделген мақсаттарға қол жеткізу қажеттілігі негізге алына отырып айқындалады. Ақша-кредит саясатын одан әрі дамыту нақ осы бағытта жүргізілуге тиіс және солай болады да.

Дереккөз: Kapital.kz

Жоғарыға