1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтардың жаңа схемалары пайда болғанын ескертеді

Қазақстан Ұлттық Банкі өздерін полиция немесе Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстыратын телефон-алаяқтарының пайда болғанын ескертеді. Олар «заңсыз әрекеті үшін банк менеджерін ұстауға арнайы операция» жүргіземіз деген желеумен азаматтарды несие рәсімдеуге немесе микроқарыз алуға үгіттеп, ақшаны үшінші тұлғаның шотына аударуға көндіреді.

Кей жағдайларда жалған «полиция» Ұлттық Банкпен бірлесіп «арнайы операция» жүргізетінін және онысын растау үшін «Ұлттық Банк қызметкеріне» қоңырау шалған болып, қолдан жасалған куәліктерді, банктің аударым құжаттарын және орындалған операциялардың заңдылығын «растайтын» басқа да мәліметтерді жібереді. Мұндай әрекеттердің барлығы ұйымдасқан алаяқтардың жұмысын көрсетеді.

Алаяқтардың түпкі мақсаты – несие рәсімдеуге қатысты мотивациялық түрлі айла табу, ақша жымқыру және дербес (соның ішінде сізге жақын адамдардың)  дерегін қолға түсіру.

Ұлттық Банк «құқық қорғау жүйесінің жалған қызметкері» немесе «Ұлттық Банк қызметкері» телефон шалған кезде әңгімені тоқтатуды, «банк менеджерін ұстау» бойынша алаяқтық пиғылдағы іс-қимылдарға қатыспауға, дереу құқық қорғау органдарына арыз түсіруге шақырады.

Ұлттық Банк: мобильді қосымшаларды жүктеуге, дербес деректерді ашуға, мобильді телефонға қашықтан кіруге рұқсат беруге және телефонмен сөйлесу кезінде алынған нұсқаулар бойынша үшінші тұлғалардың шотына ақша аударуға болмайтынын ескертеді.

Қосымша кеңес:

  1. банк картасы туралы ақпаратты, интернет-банкингке логиндер мен парольді, алынатын sms-кодтарды, өзінің дербес (оның ішінде сізге жақын адамдардың) деректерін беруге болмайды;
  2. белгісіз немесе күмәнді сайттарда мобильді телефон нөмірін көрсетуге және банк картасымен төлем жасауға болмайды;
  3. әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Ұлттық Банк атынан» жалған жарнамалық хабарларды елемеген жөн;
  4. сізге немесе жақындарыңызға ақша аудару туралы ұсыныстарды алған жағдайда, аударымның мақсатын ресми дереккөзден анықтап, сізге сондай төлемнің тиесілі екенін қайта тексеру қажет.

Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтінін, халықпен ақшалай есеп айырысу ісін жүргізбейтінін еске саламыз.

Келіп түскен сауалдарды немесе қандай да бір іс-әрекеттерге қойылатын талаптарды тексеру үшін қаржы ұйымының немесе банктің ресми нөміріне қоңырау шалып, күмән тудырған жағдайда қаржы мекемесіне барып, оның қызметкерімен сөйлескен дұрыс.

Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Ұлттық Банктің байланыс орталығына хабарласуға, ал Ұлттық Банктің негізгі жұмысымен nationalbank.kz ресми сайтында танысуға болады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға